Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сенбі, 27 сәуiр, 09:54

Ырымның жаманы болмайды

06.02.2021

347

0

«Жаман ырым болмайды, ырымдай алмайтын адам болады» деген сөз бар. Кез келген ырым-тыйымның астарына үңілсеңіз, ақылға қонатын дүниені ғана көретініңіз анық. Жақсы ниеттен туған жақсы амал әлбетте жақсы ниетке жеткізетіні белгілі. Қазақтың ырымдарының ішіндегі кең таралғаны – үй тұрмысына қатысты ырым-тыйымдар. Олардың өзіндік тәрбиелік мәні бар. Мұны білген бала ұлтының салтын, болмысын терең біліп өседі. Біз бүгінгі айдарымызда халқымыздың дәстүріндегі ырым-тыйымдардың астарына үңіліп көруді жөн санадық.

Бала кезімізде үлкендер тарапынан көп естіген ырым-тыйымдардың ең маңыздысы нанға қатысты болатын. Дастархандағы нан қиқымын басқа да ас қалдықтарды пышақтың жүзімен жинауға болмайды. Оның себебі мынада екен. «Ас атасы – нан» деп жатамыз. «Биіктегі нанға қолың жетпесе, табаныңның астына басқа қоятын ештеңе табылмаса, Құран кітабын қойып алуға болады» деп үлкендер айтып отыратын. «Нанды бір қолмен үзуге болмайды» деген де осы құрметтен шыққан тыйым. Дастархандағы қалдықты пышақ жүзімен жинаған адамның ғұмыры қысқа болады деп те жатады. Әжелер айтатын, түнде сандықты ашпайды, біреу-міреу дүниеден өтеді деген де тыйым бар. Ал өте қажет болған жағдайда «жылан кіріп кетті» деп айтып ашуға рұқсат етіледі. Жанып тұрған шырақты үрлемейді, адам ұмытшақ болады. Шәугімнің шүмегін есікке қаратып қоймайды, ырыс-несібе кемиді. Есіктің босағасын керуге, табалдырығында тұруға болмайды, жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған. Киіз үйде құмырсқа көбейіп кетсе, жылқының екі тезегін уыққа іліп қояды. «Тәңірден тілеп алған» сәбиінің екі аяғына ата-анасы ырымдап, баланы «тіл-көзден, түрлі пәле-жаладан қорғайды» деп қымбат бағалы металдан білезік соқтырып тағып қояды.


Төрт түлікке байланысты ырым-тыйымдардың мәнісі малдың киесі бар екенін сездіруге, соны біліп, құрметтеуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Төрт түліктің өзге де қасиеттеріне, кейбір әрекеттеріне қарай отырып ауа райын, табиғат болмысын, өзге де нәрселерді болжай алған. Енді төрт түлікке қатысты ырым-тыйымдардың бірнешеуін атасақ… Мәселен, сойылған малдың қанын төрт түліктің көзінше төгуге болмайды, сүтінен айрылады. Малдың алдынан бос ыдыспен шықса, сүті азаяды. Сиырдың желіні іссе, таңертең ерте кебіспен ұшықтайды дейді.

Дайындаған Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: