Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 10:58

Жер мақсатты игерілсе игі

14.11.2023

7116

0

Ауданның жер қоры – 2 873 640 гектар, оның 284 752 гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, жер пайдаланушылардың саны бүгінде 500-ге жетті. Оның 456-сы шаруа қожалық болса, 25-і – ЖШС, 14-і – кәсіпорындар иесі, қалғаны – өндірістік кооперативтер иесі мен мемлекеттік заңды тұлғалар. Ауданда 33016 гектарды құрайтын 60 инженерлік тұрғыда әзірленген күріш ауыспалы егіс жүйесі, 1 мал азығы және 1 картоп ауыспалы егіс жүйесі бар. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев осылай деді.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралмас бұрын Ардақ Әбдіғаппарұлы алдымен кадрлық өзгерістерге тоқталып, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-ба­қы­лау бөлімінің басшысы лауазы­мына Орын­басар Жархановтың тағайын­дал­ғанын жеткізіп, алдағы жұмысына сәт­тілік тіледі. Мұнан кейін әдеттегідей кезек күн тәртібіндегі мәселелерге бе­рілді. Алдымен Алтынбек Дәрібаев жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бөлім басшысы мақсатты пайдала­нылмаған жер учаскелерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар ат­қарылып жатқанын айтады. Мәселен, ауданның жер есебі бойынша жалпы көлемі 227 781 гектарды құрайтын 645 жайылымдық жер учаскесі табысталған. Жыл басына дейін зерттеу нәтижесінде табысталған жайылымдық жерлердің мақсатты пайдаланбау жағдайы 48,9 пайызды құраған, одан бері атқарылған жұмыстардың арқасында бұл көрсеткіш 15,6 пайызға азайған. Ардақ Әбдіғаппарұлы атқарылған жұмыс­тар­ды жоққа шығармады, алайда кешегі халықпен кездесулерде ауылдық елді ме­кендерде жайылымдық жер мәселесі тұр­ғындар тарапынан жиі айтылғанын жеткізіп, әлі де жерді пайдалануда заң­сыз­дыққа жол бермеу қажеттігін қаперге салды.

– Кешегі есепті кездесулерде тұрғын­дардың талап-тілегіне арқау болған негізгі мәселе жайылымдық жерлерге қатысты. Қарапайым халықтың одан тапшылық көрмеуіне біз жұмыс жасауы­мыз керек. Кез келген адам жерді алды ма, мақсатты пайдалансын, ал олай жасамаса, мемлекетке қайтарсын, біз оны мақсатымен пайдаланатындарға үлестірейік, тағы да қайталап айтамын, ел ішіндегі мәселе сол жерде қалмауы керек, мүмкіндігінше соның шешіміне жұмыс жасайық, – деді аудан әкімі.
Бүгінгі таңда мал басы тіркелмей немесе мал басы 20 пайызға жетпей тұрған жер учаскелерінің ішінде 12 977 гектары үлеспен құрылған жерлер екен. Жыл басынан бері табысталған жайылымдық жер учаскелеріне 3 рет мониторинг жүргізіліп, жайылымдарды мақсатына сай пайдаланбаған 33 жер иесінің тізімі тиісті шара көру үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 44 мың гектар жер учас­кесі мемлекет қорына қайтарылған. Сон­дай-ақ бақылау жұмыстары бары­сында биыл ауданда 1346 гектар күріш артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталған. Заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін бұл да облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Бұдан бөлек кәсіпкерлік мақсатта табысталған жалпы көлемі 18 гектарды құрайтын 23 жер учаскесінің де пайда­ланылмай жатқаны анықталған. Бөлім басшысы 2024 жылдың қаңтар-ақпан ай­ларында департаментпен аталған жер учаскелеріне қайта тексеру жүр­гі­зіліп, пайдаланылмай тұрған жер учас­келері мемлекет меншігіне қайта­рылатынын айтады.

Ардақ Әбдіғаппарұлы аяқ су мәселесі күрделенген шақта белгіленген межеден егіс көлемін ұлғайтуға болмайтынын жеткізді. Сондықтан алдағы уақытта оған жол бермеу үшін бақылауды кү­шейту керектігін тілге тиек етті.

– Ауылда қарапайым халық жайы­лымдық жер жоқ дейді, ал басқалалары меншіктеп, мақсатты пайдаланбайды, мұны қалай түсінуге болады? Жаздай аяқ су мәселесін көреміз, бірақ егіс көлемін межеден арттырамыз. Мұндай мәселеге жол бермеуіміз керек. Сон­дық­тан алдағы науқанда осы мәселеге де басымдық беріңіздер, – деді аудан әкімі.

Мұнан кейін аппарат мәжілісінде әлеуметтік салаға кезек берілді. Яғни күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Мансап» орталығының директоры Ға­лымжан Телібаев баяндама жасап, халықты жұмыспен қамту шараларын кеңінен тарқатты. Қарашаға дейін 3053 адам орталыққа хабарласқан, оның 67,8 пайызы ұлттық жобаға қатысушылар құрамына енгізілген.

Аудан әкімі орталық директорына тұрақты жұмыс орындарын ашуға ба­сымдық беру қажеттігін жеткізді. Жыл соңына дейін межені орындап, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақса­тында қолға алынған әрбір жобаның қарапайым халық игілігін көруі керектігін қатаң ескертті.

Аппарат мәжілісінде салық базасын кеңейту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Руслан Байғазиев жергілікті бюджетке 1 млрд 405 053 мың теңге болжамдалып, 1 млрда 522 118 мың теңге түскенін айтады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 5 млн 401 мың теңгеге кем, бірақ өсу қарқыны 100 пайызды құраған.

– 2023 жылға жергілікті бюджеттің кіріс бөлігіне салық пен басқа да міндетті төлемдер бойынша 1 635 469 мың теңге түсім күтілуде, алайда 85,7 пайызбен шектелетіні байқалады. Негізгі себеп 104 101 бюджеттік сыныптама коды бойынша заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын са­лығы бойынша мұнай компаниялары биыл төлем есебіне барлығы 128 302 мың теңгеге салықтық есебін өткен жыл­дан кем тапсырған. Қосымша кіріс көздерін ұлғайту мақсатында ақпа­раттық жүйелерден, уәкілетті орган­дардан және үшінші тұлғалардан алын­­ған мәліметтер негізінде салық төлеу­шілердің салық есептілігіне талдау, камералдық бақылау, әңгімелесу жұ­мыстары жүргізілді. Нәтижесінде жер­гілікті бюджетке 53 238,6 мың теңге қосымша түсім түсті. Аудан бойынша қарашаға дейін 445 заңды тұлға, 2595 дара кәсіпкерлік субъектісі, 2 сот орын­даушы, 2 жеке нотариус, 1 адвокат және 408 шаруа және фермер қожалығы салық төлеуші ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 11 пайызын құрайды, – деді басқарма басшысы.

Р.Байғазиев елді мекендерде кәсіпорындар қатары азайғанын айтты. Аудан әкімі кіріс көзін ұлғайтуға қатысты нақты тапсырмалар беріп, оның орындалуына жұмыс жасауды жауапты азаматтарға жүктеді.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: