Қазіргі таңда қоғам арасында шынайы еңбектің мәні мен маңызы арта түсуде. Еңбексіз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екенін халық түсінді. Өйткені қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көптеп үлес қосып келеді. Сондықтан елімізде қарапайым еңбек адамының абыройы асқақтап, құрметке ие болуда. Біз де журналистік сапарымызда егін басында тынымсыз, аянбай еңбек етіп жүрген күрішшілер туралы қалам тербеуді жөн көріп, Аламесек ауылына атбасын бұрдық.
Иә, егін алқабы десе кімге болсын көз алдына ауыл сыртындағы асфальтсыз жолдары бар кең дала, қамыс басқан каналдар, сары кілемдей жайқалған егістік, түтіндеткен трактор мен комбайндар елестейді. Шыны керек, біз осы керемет көріністің ішіндегі ең ілкімдісі адал еңбегімен береке тауып, аптап ыстыққа мойымай, егін бітік шықсын деп уайымдаған жандарды кейде ұмытып жатамыз.
Көктeм мeзгiлi кіргеннен бacтaп күзгi орымға дeйiн дaлa төciнe ceбiлгeн Cыp салысын күтiп-бaптaу әp күрiшшiнiң мoйнындaғы мiндeті екені белгілі. Ана баласын қалай әлпештесе, күрішші де алқаптағы ақ маржанын солай баптап өсіреді. Жастайынан егінді бес саусағындай білетін Аламесек ауылының азаматы – Бердібек Бейсенбаев.
Ол Есет батыр ауылындағы «Қарабура Ата-1» шаруа қожалығында 4 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек адамы – күріш баптаудың хас шебері. Егін шаруашылығына қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Бірнеше мәрте аудан әкімдігі тарапынан марапатқа ие болса, шаруа қожалық тарапынан берілетін ауқымды сыйақыларды ерен еңбегімен қанжығасына басып жүр. Мәселен, былтыр өнім шығымын 75-77 центнерден қайырып, мықты нәтиже көрсеткен. Биыл да осы мәжеден аспаса, төмендемейтініне сенімді. Чемпион атанып, сужаңа көлік тізгіндеуден де үмітті. Иә, тәжірибелі маман әркез жастарға үлгі, білгенін үйретіп, кеңес беруге дайын тұрады. Әріптестері «Бәкеңнен сұра» деп жастарды сол кісіге бағыттайды. Саналы өмірінің 20 жылдан астамын егін шаруашылығына арнап келе жатқан дала қыраны бүгінде еңбек адамының үлгісін көрсетіп келеді.
– Күріш егуді көктемнен бастаймыз. Тұқымды сеуіп болған соң суға бастырамыз. Оны егінжайда орақ түскенше күтіп баптаймыз. Суын қоямын. Оның өз әдіс-тәсілі бар. Күріш бітік шығуы үшін суын дұрыс қоя білу керек. Себебі мол өнімге қол жеткізуде судың маңызы зор. Яғни күріштің шығымы берілген суына байланысты болады. Шыны керек, биыл жауын-шашын шаруаларды қуанта қоймады. Есесіне орақ саларда жаңбыр түсіп, сәл-пәл қиындық тудырды. Дегенмен биыл шүкір, ең бастысы, аяқ судан мәселе болмады. Сол себепті болар, егін шығымы жақсы. Бүгінде өнімімізді орып жатырмыз, 2-3 күнде тәмамдаймыз. Қазіргі көңіл-күй керемет. Техникадан, жанармайдан, басқа да керек-жарақтардан мәселе жоқ, – дейді еңбек адамы.
Күрішші биыл 25 гектар жерге «Лидер» тұқымын сеуіпті. Былтыр да осы шамада «Янтарь» сұрпын баптаған. Бердібек ағаның айтуынша, күріштің «Лидер» және «Янтарь» сұрыптары біздің өңірде кеңінен таралған. Қазіргі таңда күрішшілердің көбі осы «Лидер» сұрпын баптайтын көрінеді. Әрине оның да біз білмейтін қыр-сыры бар шығар. Сондықтан болар, біз шаруа адамының жан-жағынан сұрақ жаудырып, күріш сұрыптары жайлы сұрай кеттік.
«Лидер» суға тұрақты бастыру арқылы өскін алатын, гербицидсіз технологияға арнап шығарылған сұрып болып табылады. Ол су қабаты астында өте қарқынды өсіп, жылдам су бетіне шығып, тығыз өнімді, егісті қамтамасыз етеді. «Лидер» сұрпы басқаларға қарағанда тыңайтқышты аз қажет етеді. Қорыта айтқанда, бұл сұрыптың өнімділігі мен өнім сапасы едәуір жоғары екен.
Кенжетай Балғабайұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!