Мал терісі мен жүні қыруар ақша болған кездер келмеске кетті. Иә, есімізде, үйде мал сойылса, сол малдың терісін аңдып жүретінбіз. Сондағы ойымыз, теріні өткізіп, ақша алу. Тарихқа көз жүгіртсек, тіпті баяғыда татар көпестері қазақ даласына қант, шай, майда ұсақ-түйектерімен келіп, сойылған мал терісі мен қырқылған жүнін жинап әкетіп, дәулеті шалқыған бай болған екен. Мал баққан ата-бабамыз тұрмыс-тіршілігінде әсіресе төрт түліктің терісі мен жүнін көбірек пайдаланып, киім, төсеніш қылып, баспанасын сонымен жауып, барлық керегіне жарата білген.
Қаракеткендік шаруа Қорғанбек Ералиев те бүгінде баққан қойының тек етін ғана кәдеге жаратып отқанын жеткізген болатын. Яғни жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, қай жер болса сол жерде құрттап, шіріп, керексіз үйінді болып жатыр. Тек Қорғанбек аға ғана емес, басқа мал баққан еңбек адамдары да бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар жоқтың қасы, тіпті аймағымызда қой жүнін іске жарататын өндіріс ошағы жоқ екенін де айтып жүр. Мәселен, жылына 2 рет мал қырқатын шопандар төрт түліктің жүні мен терісін өртейді, басқа амалы да жоқ.
Елімізде тері мен жүн көбінде бастапқы өңдеуден ғана өтеді. Ал терең өңделген тері, мата, киім, аяқ-киім өндірісі мүлде жоқ деуге болады. Бірен-саран жеке кәсіпкерлер болмаса, отандық өнім шығаратын қуаты жоғары зауыт немес фабрика ашатын деңгейге еш көтеріле алмағанымыз анық. Ішкі нарығымыз бұл салада толықтай импортқа тәуелді.
Жасыратыны жоқ, бұл бағытта көрші елдер көш ілгері екен. Қытай мен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан елдері бұл салада бізден әлдеқайда алға шыққан.
Еліміздің дүкен сөрелерінде тұрған қолжетімді бағадағы киім, төсек орын жабдықтары бұл сөзімізге дәлел болса керек. Мәселен, Өзбекстанның салалық кәсіпорындары соңғы бірнеше жылда 600 миллион доллардан астам мемлекеттік қолдауға ие болған. Бұл өз кезегінде 600-ден астам жобаның иновациялық бағдарламасын әзірлеуге және іске қосуға мүмкіндік берген. Ал 2021 жылы көршіміз 10 миллион долларға 115 миллион жұп былғары аяқ киім шығарған.
Елімізде тоқыма бұйымдарын шығаратын кластер құру немесе толық циклді аяқ киім фабрикасын ашу мүмкін емес көрінеді. Оның себебі көп. Біріншіден, тері мен жүнді фермадан зауытқа жеткізу тізбегі бұзылған. Әсіресе шаруалар жүн өткізуге қызығушылық танытпайды. Себебі құны арзан әрі тері қабылдайтын пункттер жұмыс істемейді. Қазақстан бойынша бұл салада сол жылы 1000-нан аса компания бар, оның 980-і – шағын бизнес өкілдері. Бұл компаниялар елде өндірілетін шикізат өнімінің небәрі 1 пайызын ғана өндіреді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 былғары кәсіпорны жұмыс істейді екен. Олар жылына 4 миллион тері өңдей алады. Былтыр қаңтар және қазан айларында республикамызда 2,6 млн тері, оның ішінде 1,8 миллион ірі қара малдың терісі, 5,8 миллион ұсақ малдың терісі өндірілген. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындар 465 мың ірі қара мал терісін өңдеген. Солай ірі қара мал терісінен былғары өндіру 24 пайызға өсіп, 130,1 млн шаршы дециметрді құрапты.
Бір қуантарлығы, қазіргі таңда бұл мәселе ел көлемінде көтеріле бастады. Мәселен, өткен аптада ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында депутат Қарақат Әбден елде жүн мен теріні қайта өңдеу қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, республикадағы өңдеу зауыттарының жағдайы нашар, сондай-ақ шикізатты елден тыс жерлерге әкетуде проблемалар бар. Ауылдық жерлерде тері, жүн сататын орындардың болмауына байланысты фермерлер оларды тастауға немесе өртеуге мәжбүр. Ал өңделген терілер мен жүн Қазақстанға шетелден бірнеше есе қымбат әкелінеді. Нақтырақ айтсақ, фермерлер теріні сата алмайтындығын ескере отырып, олар жылына 30 млрд теңгеге дейін жоғалтатын көрінеді.
Осы орайда ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев саланы дамыту үшін қазіргі уақытта бірнеше ірі жобаларды іске асыру бойынша дайындық жүргізіліп жатқанын, оның екеуін биыл іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Статистикаға сүйенсек, еліміз жылына 40 мың тонна жүн өндіреді, бірақ оның тек 20 пайызы ғана қайта өңделеді.
2022 жылы 3,4 млн терінің тек 22 пайызы қайта өңделген. Осыдан-ақ бұл бағыттың қаншалықты ақсап тұрғанын аңғару қиын емес.
Министрдің сүйіншілегені, биыл Ақтөбе облысында жүн өңдеу зауыты салынбақ. Жоба келер жылы іске қосылады екен. Бұл жоба жүнді қайта өңдеуді 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Алматыда шетелдік инвесторлардың қатысуымен екінші жоба, яғни теріні қайта өңдеу кәсіпорны бой көтереді.
Ауданға келсек, мал терісі мен жүнін қабылдайтын немесе қайта өңдейтін өндіріс бізде мүлдем жоқ. Жалпы ауылдардан бұл бағытта кәсіп ашқысы келетіндер бар көрінеді. Жергілікті биліктегілердің айтуынша, биыл бұл бағытта кәсіп ашамын деген азаматтарға сүйемелдеу болады. Бастысы, ойда бар, тек соны жүзеге асыру керек.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!