Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.
Оның негізгі міндеті әрбір мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамаларын, Әдеп кодексі талаптарын түсіндіру, сонымен қатар, өздерін толғандырып жүрген сауал бойынша жеке консультациялық көмек көрсету болып табылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды жүргізеді. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызмет атқаруда орын алған әр түрлі құқық бұзушылықтарды талдап, оған жол бермеу бағытында түсіндірме жасайды. Соның негізінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын және басқа да заңдылықтарды бұзу фактілері бойынша жарияланған материалдарға мониторинг жүргізеді.
Әдеп жөніндегі уәкілдің тағы бір міндеті ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне талдау жүргізу мақсатында анонимді сауалнама жүргізеді. Нәтижесімен ұжымдағы мемлекеттік қызметшілердің қарым-қатынасына, қызметшілердің құқығының бұзылуына талдау жасалып, тиісті ұсынымдар беріледі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу жағдайлары бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қаралып, жеке қабылдаулар жүргізілетін болады.
Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін Жалағаш ауданы әкімдігінің ғимаратында, ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерде Әдеп жөніндегі уәкілдің мәліметтері, қабылдау күндері туралы ақпарат орналастырылған. Әрбір мемлекеттік мекемеде Әдеп жөніндегі уәкіл функциясының енгізілуі мемлекеттік қызметшілер тарапынан мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексі талаптарының сақталуына, ұжымда қалыпты жағдайдың орын алуына септігін тигізеді.
М.КУРАКБАЕВ
Жалағаш ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!