Иә, анама деген сағынышымды айтып жеткізе алмаспын. Бір қуанатыным, үнемі түсіме кіріп, әлі күнге дейін ақылын айтады. Бір күн үйде Құран оқымай қалсам, теріс қарап қалады. «Ойпырмай, қаридың қызы ренжіді-ау» деп өзінің көзі тірісіндегі тізімі бойынша білетін дұғамды оқып, әруақтарға құран бағыштаймын.
Анамның балалық шағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі әбден тұралаған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдарына сәйкес келді. 1949 жылдың 1 қаңтарында Жалағаш қыстағында дүниеге келген анам Қазына Құснидинқызының балалық шағы да өзінің замандастарынан еш айырмашылығы болған жоқ.
Арғы атасы өзінің діни білімімен елге сыйлы болып, Қара молда атанса, Сынадин қари атымен танымал болған әкесі бала оқытып, шәкірт тәрбиеледі.Анасы Арзыгүл қазіргі Аққұм елді мекенінде халыққа имандылық тәрбиесін беруде үлкен қызмет атқарған, ашаршылық пен соғыс жылдарында елді қамқорлығына алған Тәжімбет кәлпенің қызы.
Анамның балалық шағы қиын жылдары өтсе де ғибратты ғұмыр кешкен. Үйге ауылдан ақсақалдар келетін, ол кезде қазіргідей жүйткіп жатқан көліктер жоқ, атпен келеді. Сол қонақтардың аттарын жайлау, шөп салу, су беру анам мен ағасы Қуаныштың мойнында. Үйге кіргесін қонақтардың қолдарына су құйып, дастарқан басында кесесін алып беріп отырып, ақсақалдардың тәрбиелі әңгімесін тыңдайтын.
Қайбір жылдары әкесі науқастанып қалғаннан кейін бар ауыртпалық анам Қазынаның мойнына түседі. Анам мектепте жүргенде-ақ дәрігер болуды армандаған көрінеді. Әкесі қан қысымы көтеріліп, науқастанып жүргенде «Қан қысымын қалай түсіруге болады екен?» деп ізденіпті.
Бірде дәріханадағы таныс ағайы «Әкеңнің басына сүлік салсаң, қан қысымының тұрақтануына сеп болады» дейді. Көлдің жағасынан сүлік тауып әкеліп, әкесіне салып, қан қысымын түсірген екен.
Анам балалардың үлкені болғасын бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласты. Жаратылысында қиындыққа морт сынып, құлазып кететін адам емес еді. Қайта отбасын өрге сүйреп, бауырларына қамқор болды, отбасының барлық жауапкершілігін өз мойнына алды. Анасы Арзыгүлдің дастарқаны жыйылмайтын, отбасынан қонағы арылмайтын. Әкесіне сәлем беру үшін алыс-жақыннан келетін қонақтарды күтіп алып, сол кісілердің ұлағатты әңгімелерін, өсиеттерін естіп, тәрбиесін көрген анам көргенін көңілге тоқып, тәжірибе жинақтап, өзіндік өмірлік ұстанымдары қалыптасты.
1954 жылы Арал ауданында үлкен апасы марқұм Жәмиланың қолында болып, осында мектеп табалдырығын аттады. 1956 жылы Жалағашқа келіп, аудан орталығындағы №123 мектепке ауысты. Кішкентайынан өте зерек, ақылды болып өскен ол мектепті үздік бітіреді. 1966 жылы медицина училищесіне қабылданып, бұл оқу орнын да үздік тәмамдайды. Оқуды бітіріп келіп, Жалағаш аудандық ауруханасының хирургия бөліміне медбике болып орналасады. Өзінің сүйікті мамандығын бес саусағындай меңгеріп, іскерлік қабілетімен көзге түсіп, 1970 жылдан аға медбике қызметін атқарады.1976 жылы Басанов Серікпен тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. 1977 жылы мен дүниеге келдім.
Анамның қамқорлығымен менің балалық шағым қызықты өтті дей аламын. Анам өз ауысымына жұмысқа кеткенде мен көрші орыстың үйінде болатынмын. Ағасының үйіне жіберсе, ол жақта тәртіп қатты (жеңгесі педиатор еді), түсте ұйықтатады деп сол еркін ойнайтын жерге қашып кететінмін. Орыс мектебінде оқыдым, университетте де орыс факультетін бітірдім. Бітіргесін ауылға келіп, осы күнге дейін орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Менің осылай оқуым да, жұмысым да орыс тілінде болғаны анамды алаңдататын. Балам орыс болып кетпесін деп демалыстарда барлық туыстардың балаларын үйге жинайтын. Ал жазғы демалыста қазақша үйренсін, ауылдағы елмен аралассын, ата мен әженің әңгімелерін тыңдасын деп ауылға жіберетін.
Мен ес білгелі анам адамдарға жақсылық жасаумен келеді. Дәрігермен қатар жүріп, өзіне міндеттелген жұмысын адал атқара білді. Бұл абзал мамандық иелерінің денсаулық саласында көтерер жүгі мен атқарар қызметі шаш-етектен екенін түсінді. Бүкіл саналы ғұмырын ауданның денсаулық сақтау саласына арнаған ол әріптестерімен тек қана сыйластықта, ауызбіршілікте болды. Аналық ақылын айтып отырды. Шыбын жанын шүберекке түйіп, дертіне дауа іздеп алдына келген адамға жанашырлық танытып, аялы алақанымен науқас жанға жылу сыйлайтын. Қиналып келген жанға тіпті үйден де ем-дом жасайтын. Әрбір науқастың көңілін аулап, шыдамдылық таныту, қамқор болу, жазылып кетуіне септігін тигізу оның ерекше қасиеттерінің бірі ғана еді.
Жанарынан күн күлімдеп тұратын, жаны жайсаң анам дұшпанының да тас жүрегін елжіретіп, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, күнделікті өмірде ағайын-туыс арасында сыйлы, үнемі жақындарының қасынан табылатын, ақыл-кеңесін, көмегін аямайтын.
Анам таңғы астан соң үнемі «ясин» сүресін оқып, әруақтарға құран бағыштайтын. Жұмысқа асығып жатып, «Мама, барлық ата-баба, ағайын-туыс, көрші-көлем, жора-жолдастарыңды атай бермей, анаң мен әкеңнен қайтшы» дейтінмін әзілдеп. Үйде отырып, барлық туысқандардың қал-жағдайын сұрап, жаңалықтарымен бөлісіп, тілегін тілеп отыратын. Жұмыстан, иә бір сапардан келсем, «Келдің бе, тынышсыңдар ма?» деп сұрайтын.
Үйіміз шағын, кішкентай болса да берекелі болатын. Ұлдары мен келіндері отбасы болып тұрды, сіңілілері күйеуімен, балаларымен біздің үйде тұратын. Жалпы, біздің үйдің есігі кімге болса да ашық еді. Анамның дастарқаны жыйылмайтын. Өзі ауырып отырса да келгендердің жұмыстарын бітіріп беруге тырысатын. Барлығының мұңын сабырмен тындап, ақылын айтатын. Дәрілерін ішіп алып, солармен бірге жүретін.
Айтқан сөзіне мәрт, уәдесіне тұрақты еді. Маған да сол қасиетін бойыма сіңірді. «Мама, мен уәде беріп едім» десем, жақтырмаса да, «Бердің бе, тұр сөзіңде» дейтін. «Ешкімнің ала жібін аттаушы болма, кісі баласына жамандық жасамақ түгілі ондай істі ойлама» деумен кетті.Дастарқанның басында өсек айтпай, тек қазақтың салт-дәстүрі мен тарихын, өзінің ата-бабалары мен үлкен зиялы кісілердің өмір жолы туралы ғибратты әңгімелер айтатын. Үйге кім келсе де (әсіресе жас буын) отырғызып алып, осы әңгімелерді айтатын. «Мама, неге айта бересің, оларға қызық емес қой, қазір өмір басқаша» дегенімде «Мұндай әңгімені сендерге мен айтпағанда кім айтады?» дейтін.
Анамның тағы бір қасиеті, жаңа отау құрған жас отбасыларды жыл сайын үйге шақырып, дастарқанымыздан дәм таттыратын. Олар біздің шаңырақта бір-бірімен танысып, табысып әңгімелерін айтып тарасатын. Анамның бұл дастарқанының негізгі мақсаты да осы әулеттегі жаңа шаңырақ көтерген жастарды бір-бірімен таныстыру еді.
Жалпы, анам менің жүрегіме ең басты құндылықтар береке-бірлік, достық ұялата білді. Адал ниетті болуды, уәде-серттен таймауды үйретті. Кешірімді бол, бір жаманға ренжіп, бүкіл елден теріс айналма дейтін. Бір түйір балам деп еркелете отырып, аямай жұмсайтын. Соның арқасында жаман болдым деп айтпаймын. Ол маған тек ана емес, досым, ақылшым, сырласым бола білді. Барлығын сабырмен шешуге шақыратын.
Анам ешқашан жақындарын жамандамайтын, «Неге, ол дұрыс емес қой» десем, «Сен оның орнында қалай жасар едің, өзіңді оның орнына қойып көрші» дейтін сабырмен. Өзінің туыстарының кемшін тұстарын дәлелдеп айтсаң, жымиып күліп, көзінің қиығымен қарап, «Сұлтан сүйегін сатпайды» дейтін.Төркіндері келсе, бір жақ болып, «Атасы бөлек аттан түс» деп отыратын. Жаратылысында әзілге жақын, өзі ауырып отырса да ылғи жақсы ойда болатын оптимист еді.
Көп жылдар бойы науқастанды, сырқатқа берілмей, күресе білді. Осы жолы да жеңіп шығады деп ойладым. «Мама, мені қорқыта бермеші» деймін кейде әзіл-шынды. Бірақ науқасы жанына батса да, сыр білдірмейді, «Балам, қорықпа, бұлай ауырып жатқан жалғыз мен емес, қасымдағылар бірнеше рет жатыпты» дейтін. Қазір отырып ойланамын, ерте бойжеткесін бе, өмірді жақсы көретін. Басынан қандай қиындықтар өтсе де, қаншама адам ренжітсе де барлығын сабырмен қабылдайтын. Кішкентай жүрегі сонша қиынтыққа қалай шыдады екен деймін.
Анам қайтыс болғанын естігендер Қазақстанның әр қаласынан, Ресей мен Украинадан телефон шалып, көңіл айтып жатты. Әркімге өз анасы – асқар тау. Өмір бойы денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп, көптеген адамға шарапаты тиген, өлімнен өздерін болмаса ата-анасын алып қалған жандар хабарласып, шынайы алғысын, ықылас-ниетін білдірді. Соған қарағанда жақсы адам болған шығар деп ойлаймын.Анам зейнетке шыққанша қан құю мен хирургия бөлімінде абыройлы еңбек етті. Ол науқастарға медициналық көмек көрсетудегі іскерлігі мен кәсіби біліктілігі үшін жоғары орындардың «Құрмет» грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.
Анамның қатарлары, бірге оқыған достары, «Анаң өте батыл, әділ, адал дос бола білетін жан еді, сабақты да үздік оқыды. Кітапты көп оқитын, әсіресе саяси, әлеуметтік тақырыптағы кітаптарды, шытырман оқиғаға толы кітаптарды оқитын. Ән айтып, өлең жазатын өнері де бар еді. Бірақ көп ашыла бермейтін, тек анда-санда сахнаға шығып, ән айтып, өлеңдерін оқитын, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрді» деп еді. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген бабаларамыз. Анамның қатарларын көргенде көзіме оттай басылып, анамды көргендей боламын. Анама сағынышым мәңгілік, оны ештеңе алмастыра алмайды. Мұның өзі дүниенің бар жақсылығы анаңның саған деген шексіз махаббатынан бастау алатынынан болса керек. Анасының қасында болғанын кім қаламас дейсің, бірақ жаратылыс заңы адамдардың айтқанымен жүрмейді, өз дегенімен жүреді. Сондықтан бәріне де көнесің, өмір заңы осылай.
Жайың жәннаттан болсын, анашым! Құрметті ағайын-туыс, құда-жекжат, жора-жолдастар, көршілер. Сіздерді ардақты да аяулы анам Құснидинқызы Қазынаның 2023 жылы 3 маусымда сағат 12:00-де Иманқұл мешітінің асханасында өтетін жылдық асына шақырамын.
Гүлжанат Басанова,
аудан тұрғыны
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!