Біздің өмірдің өзі ұстаз. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында қанша мың білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ұлы іс. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, білім алу жолында бар болмысымен еңбек ету – тек ұстаздың ғана қолынан келетін қасиет.
Аудандағы дарынды балаларды тәрбиелеп, шәкірттерді үздік жетістіктерге жетелеуде Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің алатын орны айрықша. Әрине шәкірттің үздік болуы білікті ұстазға байланысты екені анық. Қазіргі уақытта мектептің дамуында, оқушылардың үлкен дәрежеде көрінуінде, жалпы аудан білімін жоғары деңгейде көрсетуде мектептің қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәні мұғалімі Салтанат Орынтайқызының ерең еңбегін ерекше айтуға болады.
Салтанат Қосжанова 1983 жылы 28 маусымда Жалағаш ауданында дүниеге келіп, 2000 жылы бүгінде өзі оқушыларына білім беріп жатқан Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектепті тәмәмдаған. 2000-2005 жылдары аралығында «Қорқыт ата» атындағы мемлекеттік университеттің үздік түлегі атанып, сол жылдан бастап өз мамандығын жақсы көрген ұстазға айналған.
Ұстаздық жолын сонау 2005 жылы Астана қаласынан бастаған Салтанат Орынтайқызы қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Осы жылға дейін өзінің ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ғана емес, сонымен қоса ағылшын пәнінің де мұғалімі қызметін атқарған. Иә, расында мұғалімге жеті өнер де аз! Осы ұранды ұстанған ұстазымыз Салтанат Қосжанова қандай жетістіктерге жеткенін білесіз бе?
Он сегіз жыл бойы қаншама шәкірттің бойындағы шамын жаққан, шәкірттерін қаншама жетістікке жеткізген ұстазымыздың да жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2020» республикалық байқауының жеңімпазы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімі тағайындаған «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
2021 жылы шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңында көрсеткен үздік жұмыстары мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін Қызылорда облысы педагогтерінің біліктілігін арттыру орталығының «Құрмет» грамотасымен, «Пәндік олимпиада – дарындылар додасы, ғылымның алғашқы баспалдағы» тақырыбында облысқа шебер сынып көрсеткені үшін Қызылорда облыстық оқу орталығының сертификатымен, 24-31 наурыз аралығында Анталия қаласында өткен халықаралық семинарға «Қазақстан педагогтар қауымдастығы» атынан қатысып, Trends in the development of Turkish – Kazak modern education» атты халықаралық конференцияда баяндама жасап, арнайы сертификатын, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы мен Шымкент қаласы білім басқармасы ұйымдастырған «Заманауи білім беру парадигмасындағы Алтынсарин ілімі» атты аймақтық форумда «Ы.Алтынсарин шығармаларындағы рухани-мәдени құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, алғыс хатпен, Халықаралық қазақ тілі қоғамының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Арман-ПВ» баспасынан шыққан жалпы білім беретін мектептің 8,10,11 сыныптарға арналған «Абайтану» кешенді оқулықтары авторының бірі болып, осынша марапат иесі атанып, жыл соңын «Үздік педагог – 2022» атағының иегері дәрежесін алып, 3 млн теңге сыйақымен марапатталды.Сонымен бірге, аудан әкімінің «Жыл ұстазы 2022» номинациясының иегері атағымен 2022 жылды үздік нәтижеде аяқтады.
Биыл Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының алғысымен, Жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиада жеңімпазын дайындағаны үшін облыстық білім басқармасы басшысының алғысымен, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпазын дайындағаны үшін облыстық білім басқармасы басшысының алғысымен, «Үздіксіз ізденіс жаңашылдыққа жетелейді» тақырыбында қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына орай өткен облыстық семинарда шебер сынып көрсетіп, арнайы сертификатпен марапатталған. Астана қаласында өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық тұңғыш сьезінің қатысушысы атанды. Сонымен қатар жақында ғана аудан педагогтары ішінде ең алғашқы «педагог-шебер» санатындағы ұстаз атағын иеленді.
Осы орайда Әзілхан Нұршайықовтың «Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар» деген сөзі еріксіз еске түседі. Білікті мұғалімнен білімді оқушы шығары анық. Ахмет атамыз секілді ұлт ұстазы бола білген, Ыбырай Алтынсарин секілді балаларды оқуға шақырып, Мағжан секілді жастарға сенген Салтанат Орынтайқызы ұстаздарға өз ойын жеткізді.
– Ең бірінші, әрбір мұғалімнің бойында ыстық қайрат, нұрлы ақыл жылы жүрек болуы керек. Екіншіден, кез келген мұғалім ізденісте жүрсе, өз білімін үздіксіз дамуда ұстап, жетілдіріп отырса ғана нағыз шыңдалған, кәсіби мұғалім болып шығары анық. Бірақ ең маңыздысы, әр адам өз мамандығын жақсы көруі тиіс. Маған мамандығым қатты ұнағаны сонша үйде жатқан кезде емес, оқушыларға сабақ беру кезінде демаламын. Нағыз ұстаз уақытпен санаспай, күндіз-түні еңбектенсе ғана ол мұғалімнен нәтиже шығады. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар, қазір қоғамда кітап оқитын оқушылар да, тіпті ұстаздар да жоқтың қасы. Абай атамыздың керемет бір сөзі бар, артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге. Ұстаздарға айтар ақыл-кеңесім кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу қажет. Ал ол үшін мұғалімнің өзі кітап оқуы керек. Ауданда оқырмандар конференциясын ұйымдастыруды ұсынар едім. Сол арқылы ұстаздардың да, оушылардың да, жалпы қоғамның кітап оқуға деген махаббатын аша алатын секілдіміз, – деді Салтанат Қосжанова.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұстаз – ұлы есім. Ұлт ұстазы болған Ахмет Байтұрсынов та «мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» дейді. Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан, батыр да, ақын да, басшы да, қосшы да осы ұстаздан тәлім-тәрбие алады. Әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!