Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Жұма, 10 мамыр, 23:23

Шағын кәсіпкерлік ширады

17.06.2023

687

0

Сейсенбі күні тілшілік тіршілікпен ауылдық елді мекендерге жолға шықтық. Бұған дейін іс бастаймын деген жұмыссыз азаматтарға мемлекет қайтарымсыз қаржы үлестірген, қуантарлығы, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Мақсат ауыл тұрғындары бұл мүмкіндікті қалай пайдалануда, бағдарламаның елді мекендер халқының тұрмысын түзеуге пайдасы қалай, бөлінген қаражат мақсатты игеріліп жатыр ма, осы сауалдардың түйінін тарқату еді.

Иә, аудандағы Жұмыспен қамту ор­талығы мен редакция ұжымының бірлесе ұйым­дастырған баспасөз-турының бар мақсаты осы. Бес елді мекенге жасаған сапарымыз алдымен Аққыр ауылынан басталды.


Шалғайдағы жергілікті тұрғындар кәсіп ашуға ынталы, былтыр да Аққырда бір­неше азамат мемлекеттік грант алуға өз құ­жат­тарын тапсырып, оның біршамасы қар­жылай қолдауға ие болған. Кешегі са­парда мемлекеттік бағдарламаның ауыл тұрғындары игілігін көріп отырғанын бағамдадық.
Соңғы комиссия отырысында аққырлық бірнеше азамат өз жобаларын ұсынып, кәсіп бастауды жөн деп тапқан. Алайда олардың жобаларында кеткен қателіктің салдарынан бірде-біреуі қаржылай қолдау таппаған. Комиссия мүшелері жоба авторларына кет­ке­н қателік жайында толыққанды тү­сін­ді­ріп, алдағы уақытта оны түзеуге мүм­кіндік бер­ді. Бұйыртса, аққырлықтардың жар­қын жоба­лары қаржылай қолдауға ие бо­лып қалуы ғажап емес. Бастысы, комиссия мүше­лері көрсеткен қателіктер қалпына келсе дейміз.


Жалпы, ауылда мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Десе де қайтарымсыз қаражат, пайыздық үстемақысы төмен несиелер алып, саланы түрлендіріп жатқан тұрғындар да жоқ емес. Ауыл әкімі Жаңабек Матаев алдағы уақытта бұл бағытта бірнеше жоба жүзеге асатынын айтады. Бастысы, қаржылай қолдау болса жеткілікті.
Кәсіпкерлік саласының дамуы кімге болса да тиімді, әрине. Мемлекеттің түрлі бағ­дар­ламалар арқылы іс бастаймын деген азамат­тарға мейлінше қолдау көрсетіп жатқаны да сондықтан. Бұрын ауылдарға қарағанда орталық жұрты құжатқа қатты қарап, бірінші болып қаржылай қолдауға ие болса, бүгінде ауыл тұрғындары да қарап қалып жатқан жоқ. Мейлінше мемлекет жасаған барлық мүмкіндікті құр жібергісі келмейді.
Жаңаталап жұрты да бүгінде кәсіппен айна­лысудың пайдасын жақсы түсінген. Ауыл халқы таптаурын жоба демей, мал ша­руашылығы бағыттында іс бастауға машық­тан­ған. Бастысы, мақсат айқын болуы керек, сонда ғана кез келген жобаның жемісін кө­руге болады. Бұған ауылдағы Ұлданай Қорған­бек­қызының қолға алған жобасы дәлел.
Ұлданайдың бүгінгі кәсібі негізінен көпке үлгі. Мүмкіндігі шектеулі азаматша қорадағы мал басын көбейтуді мақсат етіп, ағарған өнімдерін сатуды қолға алады. Бұл жоба қолдау тауып, кейіпкеріміз қайтарымсыз 1 млн 225 мың теңгеден астам қаражатқа қол жеткізген. Тиісті қаражатқа былтыр ауыл тұр­ғыны 3 бұзаулы сиыр мен 1 баспақ алған. Қазіргі таңда оған ата-анасы қолғабыс етіп отыр. Нәтижесінде кәсіпкер өз өнімдерімен аудан жұртынан бөлек қызылордалықтарды да қамтамасыз етіп отыр.


– Мемлекет қолдауының жемісін көріп отырмын, сондықтан алғыстан басқа ай­тарым жоқ. Маған ата-анам қолғабыс етіп отыр. Қызылорда қаласына өз өнімдерімді сатып жатырмын. Сарымай, қатық, құрт, ірімшік ауылда арзан, себебі елдің басым бөлігі төрт түлікті түлетіп отыр, бірақ сұраныс жоқ емес. Десе де көбісі қарызға алғысы келеді, ал облыс орталығында нақты ақшаға және қымбат бағаға сатып алады. Тұрақты тұты­нушыларым жетерлік, тіпті қалада бір-бірінен естіп, басқалар да тапсырыс беріп жатады. Алайда оның барлығын қамтамасыз ету үшін әлі де ірі қара басын көбейту қажет. Сондықтан алдағы уақытта осыған басымдық беремін. Ауыл әкімі пайыздық үстемақысы төмен несиелер барын айтты. Енді соған та­лаптанамын. Бастысы, пайда бар, тек еңбек ету керек, – дейді Ұлданай.
Былтыр қайтарымсыз қаражатқа ие бол­ғандар қатарында Айкерім Шыныбек те бар. Жаңаталаптық кәсіпкер бұған дейін де өз үйінен кондитерлік өнімдер әзірлеп, тұты­нушылар талғамына сай жұмыс жасапты. Кейін ол арнайы шағын цех ашып, ресми түрде кәсіпкер болуға бел буады.
Жаңаталаптық қарындасымыздың мұндай шешім қабылдай­тындай реті бар. Себебі уақыт өткен сайын оның өнімдеріне тапсырыс еселенген. Алай­да оның барлығын қамтамасыз етуге қа­жетті құрал-жабдықтар, арнайы заманауи ап­параттар қажет. Оны алатын қыруар қа­ра­жат қарапайым үй шаруасында жүрген ауыл келінінде қайдан болсын, десе де елдің кеңесімен қайтарымсыз қаражат алуға жоба дайындап, оны қорғауға бел буады.
Былтыр оның жобасы қаржылай қолдауға лайық деп танылды. Тиісті қаражатқа кейіп­керіміз кондитерлік өнімдер әзірлеуге қажетті құрал-жабдықтар алған. Тіпті үйдің бір бөл­месін арнайы цех есебінде ашып қойған. Біз барғанда ондағы мұздатқыш іші түрлі торттар мен басқа да тәттілерге толы екен. Мұның бәрін Айкерім тапсырыс арқылы жасағанын айтады. Демек, кондитерлік өнімдерге ауылда сұраныс мол деген сөз. Кәсіптің бұл түріне оның білек сыбана кіріскені де сондықтан.
– Ауылда кәсіпті түрлендіру керек, неге десеңіз, өз ауылымнан ғана көзім жеткен күнделікті жағдайды айтайын, мәселен, Жаңа­­талапта ет, сүт өнімдерінен басқасын тұр­ғындар облыс және аудан орталығынан алып келеді. Неге күнделікті тұтынатын басқа да өнімдерді өзіміз өндірмеске? Осы сауал­дың жауабын іздеу арқылы мен кәсіп­ке қадам бастым. Мемлекет қолдады, оны өз мүмкіндігіме пайдаландым. Қарап отыр­саңыз, шалғай ауылда кондитерлік өнім­дерге сұраныс болмайтын сияқты. Бірақ не нәр­сенің де ішіне кіріп, терең үңілу керек, ол үшін тағы да тәуекел еткен жөн. Ауылда мұндай тәттілер сататын дүкендер бар, бірақ олар бұл өнімдерді сырттан әкеледі. Мен өз цехымды ашқалы ол дүкендер конди­терлік өнімдер сатуды доғарды. Неге, себебі сұраныс берушінің өнімі өз уақытында дайындалады, ал дүкендегі тәттілердің сіз қай уақытта әзірленгенін білмейсіз ғой. Құдайы ас, той-томалақтарда көптеп тапсырыс тү­седі. Бұрын мұндай тапсырыстардан бас тар­­­­татынмын, бірақ қазір қамтамасыз етіп жа­тыр­мын. Себебі қазір менде барлық құ­рал-жабдықтар, заманауи аппараттардың бар­­­лығы бар. Оған мемлекет қолдауының ар­­­қа­сында қол жеткіздім, – дейді кәсіпкер.


Кейіпкеріміз алдағы уақытта өз ауласынан арнайы ғимарат салып, жұмыс орнын сонда көшірмек, тіпті арнайы тәттілер сататын дүкен ашу да жоспарда бар екен.
Ауыл әкімі Қуаныш Әбдіқалықов елді мекен халқының кәсіп ашуға ынталы екенін айтады. Сондай-ақ ол ауылдағы саланың да­муын да сонымен байланыстырады.
– Елдің ортасында жүргеннен кейін кім­нің қай жұмысқа бейім әрі ұқыпты екенін жақсы білеміз. Соған сай әрқайсысына кәсіп ашуға кеңес береміз. Оған мемлекеттен жан-жақты қолдау барын түсіндіріп, құжат дайындауға да қолғабыс қыламыз. Жаңа сіздер жұмысымен танысқан қос қарындасымыз да бүгінде кәсібін дөңгелентіп отыр. Сұраныс мол, бірі өз өнімдерін облыс орталығына дейін нарыққа шығарса, енді бірінің тәттілері ауылда өтіп кетеді. Тәттілерді сырттан сатып алғаннан өзімізде өндірген тиімді ғой, айтқан ақылымызды алған қарын­дастарымыз бүгінде жұмысының жемісін көріп отыр. Алдағы уақытта да қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, әлі де саланы да­мыту бағытында ауылдан бірнеше жоба ұсынылады, – дейді ауыл әкімі.
Қуекеңнің сөзінің жаны бар, шынында ауыл тұрғындары кәсіпкерлікке бет бұрғаннан зиян көріп отырған жоқ, керісінше кірісін есе­леп отыр. Айкерімнің дайындаған тәттілері ауылдан ұзамай өтіп кетеді, ал Ұлданай өз өнімдерін көбіне облыс орталығына жө­нел­теді. Сұраныс та жоғары, бір жағынан қала жұрты ағарған өнімдерін ауылдан қымбат бағаға сатып алатын көрінеді. Өнімің сапалы болса, әрине жұмысың қарқынды жүреді, бір жағынан тұтынушыларыңның да көңілі тоқ болады.
Жаңаталаптағы кәсіпкерліктің дамуы ха­қын­да және алдағы жоспарлар жөнінде ауыл әкімімен бір-екі ауыз тілдескеннен кейін жолға шықтық. Бағытымыз – Мақпалкөл ауылдық округі, мемлекет және қоғам қайраткері атын­дағы ауылда да тұрғындар кәсіп ашуға ынталы екен. Оған мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алып, бүгінде кәсібін дөңгелентіп отыр­ған жергілікті тұрғындар жұмысынан көз жеткіздік.
Жалпы, Темірбек Жүргенов ауылында кәсіп түрленген, елді мекен жұрты жаппай мал шаруашылығымен айналыспайды, әрине төрт түлікті түлетіп отырған азаматтар да жоқ емес. Бірақ бұл ауылда шаштараз, кондитерлік цех, компьютер орталығы, бәрі-бәрі елдің қажетіне жарап тұр.
Бүгінде елді мекенде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Былтыр екі ауыл тұрғыны кәсіп бастауды қолға алыпты. Алайда оларға шаруасын ширатуға қолдағы азғантай қа­ражат қолбайлау болған. Осылайша екеуі де мемлекеттік грантқа өтінім тапсырып, оны қорғауға бел буыпты. Нәтижесінде комиссия мүшелері мақпалкөлдіктердің қос жобасын қаржылай қолдауға лайық деп тапқан. Қазіргі таңда екеуі де ауыл халқына сапалы қызмет етуде. Оның бірі Гүлша Мырзалиеваның шаштаразы болса, келесісі – Гүлжан Төкештің компьютер орталығы.
Гүлжан мен Гүлша ауылдық елді ме­кен­дерде егін және мал шаруашылығы саласынан өзге де кәсіпорындар өніміне сұраныс жоғары екенін жұмысымен дәлелдеп отыр. Кешегі сапарымызда олардың жұмысымен де ар­найы таныстық. Тіпті Гүлжан Төкеш алдағы уақытта кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізсе, алға қойған мақсаттары жүзеге асатынына сенеді.
– Ауылда компьютерлік орталық қызметіне жүгінетіндер баршылық. Біз әзірлейтін тауарлар тұтынушыларының басым бөлігі – ұстаздар. Біз мұнда құжаттарды көшірмеден өткізуден бөлек көрнекілік құралдарын, балалардың ой-өрісін дамытатын ойын­шық­тар, түрлі бұйымдар да жасаймыз. Көбіне тұтынушылардан үлкен билбордтарға сұ­ра­ныс жиі түседі. Оны жасайтын менде арнайы алып аппараттар жоқ. Сондықтан алдағы уақытта ауылдан типография ашуды көздеп отырмын. Көршілес Мырзабай, Мәдениет, Жаңаталап, Аққыр ауылдарынан да көптеп сұраныс түсіп жатыр. Сондықтан «ауылда типография өніміне сұраныс жоқ» деп бір­жақты қарауға болмайды. Ондай орталық өніміне сұраныстың көп екенін жұмыс жасап жатқан өзім жақсы білемін, – дейді ол.
Жалпы, жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік са­ласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұр­ғындары құжат тапсырып, кәсібін ширатуда.
Биылдың өзінде мақпакөлдік үш азамат грантқа құжат тапсырып, қайтарымсыз қаржыға ие болған. Олардың әрқайсысына 1 млн 380 мың теңгеден қаражат үлестірілген. Жобасы қаржылай қолдауға ие болған Медет Қызбалаев пен Руслан Ермаханов 8 бас жылқы алып, жылқы шаруашылығын ширатып отыр. Ал Гүлша Мырзалиева шаштараз ашып, елді мекен халқына сапалы қызмет етуде.
– Ауылда жем-шөптен мәселе жоқ, сон­дықтан мал шаруашылығында бақ сы­нау­ды жөн көрдім. Кешегі комиссия отыры­­сында жобам қаржылай қолдауға ие бол­­ды. Тиісті қаражатқа 4 бас жылқы ал­дым. Алдымен олардың санында өсім қа­лып­тастырсам деймін, кейін ет және сүт бағытында тұтынушыларыма өнімдер ұсы­нуды қолға аламын. Алдағы уақытта пайыз­дық үстемақысы төмен несие алып, әлі де мал басын көбейту жоспарда бар. Әсіресе ауылдық елді мекендерде саланың серпін алғаны тиімді ғой, бір жағынан өңірдің кірісі артса, келесі кезекте тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарады. Сондықтан жалақыға қарап отыруға болмайды. Мемлекет мүмкіндік қарастырғанда оны құр жібермей кәсіп ашу керек, – дейді Медет Қызбалаев.
Ауыл тұрғыны Меруерт Құдайберді де былтыр арнайы жоба дайындап, кәсіп ашу мақсатында қаржылай қолдауға ие болған. Қазіргі таңда ол кондитерлік цех ашып, өз өнімдерімен тұтынушыларын қамтамасыз етіп отыр. Құдайы ас, той-томалақтарда берілетін арнайы тапсырыстан бөлек, жай күндері де кәсіпорындағы тәттілер өтімді екен. Біз барғанда ауыл тұрғындары кезекпен тапсырыс беріп кетті.
– Жаңағы апай – Аққыр ауылының тұр­ғыны. Жақында жолдасының 50 жылдық мерейтойын жасамақ. Екі торт пен басқа да тәттілерге тапсырыс беріп отыр. Алдағы аптаның сенбісіне сол өнімдерді дайындау қажет. Өздеріңіз көріп отырғандай, басқа да елді мекендерден тапсырыс түсіп тұрады. Ал оның алдындағы – осы ауылдың тұрғыны, осы сенбіге бір тортқа тапсырыс беріп кетті. Олардың барлығын дайындауға мүмкіндік бар. Бұған дейін мұндай тапсырыстардан бас тартатынмын. Себебі оның барлығын әзірлеуге арнайы аппараттар, басқа да құрал-жабдықтар қажет. Былтыр қайтарымсыз қаражат арқылы оның барлығына қол жет­кіздім. Өздеріңіз көріп отырғандай, қазір жұ­мысым жақсы жүріп жатыр, – дейді кондитерлік цехтың иесі.
Иә, біз Меруерттің жұмысы нағыз қызған шақта барыппыз. Кәнігі облыс, аудан орталықтарындағы үлкен цехтай, алдында тұтынушылары кезекпен тұр. Осылай Меруерт секілді барлық адам үлестірілген қаражатты өз мақсатына пайдаланса, кәсіпкерлік сала­сында серпін де қалыптасады, бір жағынан түрленеді.
Келесі бағытымыз – Мырзабай ахун ауылы, бұл елді мекенде де мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, кәсібін жүргізіп отырған азаматтар жетерлік. Әсіресе ауылда қымыз, саумал өндірісі бір ізге түскен. Тіпті үш үйдің бірі бие байлап, кәсіп қылып отыр десек, артық айтқанымыз болмас. Былтыр 1 млн 225 мың теңгеден астам қайтарымсыз қаражатқа ие болған ауыл тұрғыны Айгүл Омарова да бүгінде екі бие байлап, елді мекен халқына саумал, қымыз ұсынып отыр. Бұған дейін оның өзімен кәсібі жайында сұхбат құрсақ, бұл жолы өнімінің тұтынушыларын әңгімеге тарттық.
– Табиғи ауылдың таза өніміне не жет­сін, кәсіпкер бие байлаған уақытта жі­беріп алмауға тырысамыз. Саумалды та­лай басынан ішіп жүрміз. Қымызды да тап­сырыспен осылардан аламыз. Қазір екі аптадан асты, бір мезгіл саумал ішкелі денсаулығымызда айтарлықтай өзгеріс бары өзімізге байқалады. Жалпы, ауылда бие байлап отырғандар көп, бірақ солардың біреуінің қымызы немесе саумалы өтпей қалып жатқан жоқ. Демек ауылда сұраныс бар деген сөз, міне, осы мүмкіндікті олар құр жібергісі келмейді, кәсіпкердің жұмысы алға басқанына қуанамыз, алайда шыны керек, таза өніммен бізді қамтамасыз еткені бәрінен тиімді болып отыр, – дейді Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Н.Мейрамбеков.
Ауыл тұрғыны Айнаш Басықараева да былтыр 1 млн 225 мың теңгеге 2 құлынды бие сатып алып, кәсіптің бұл түрін қолға алған болатын. Қазіргі таңда ол қымыз, саумалмен ауыл халқын қамтамасыз етіп отыр. Күніне биелерін 4 рет сауатын Айнаш апай да мал басын көбейтіп, кәсібінің көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отыр. Әзірге оны жүзеге асыратын қолында қомақты қаражат жоқ.
– Қазір жем-шөп қымбат, ауылда бір жоңышқа пресіңіздің өзі – 1000 теңге. Бірінші орым арзан сатылу керек еді, демек екінші орымнан бастап оның құны әлі де жоғарылайды деген сөз. Бірақ саумал, қымыз сатқаннан пайда бар, ол үшін еңбек ету керек. Жылқы санында өсім қалып­тастыру да жоспарда жоқ емес, кешегі «Ауыл аманаты» деген бағдарламаға құжат дайындап көргенбіз. 2,5 пайызбен берілетін несиесі тиімді, алайда оған кепілге қоятын мүлкіміз жоқ. Өз қаражатымыз да жеткіліксіз. Сондықтан алдағы уақытта қорадағы малды бордақылап сатып, оған қайта жылқы алу арқылы басын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Мырзабай ахунда 82 кәсіпорын бар. Оның бүгінде 80-і жұмыс жасап тұр. Демек ауылда тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосуда қарқын қатты.
Жергілікті тұрғындар кәсіпке бейім екен. Әсіресе мұндағы халықтың бұл мақ­сатқа жасалған кез келген мүмкіндікті құр жібермейтіні қуантады. Былтырдың өзінде 6 ауыл тұрғыны пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығында кәсібін ширатқан. Оларға мемлекет тара­пынан жалпы құны 20 млн 862 мың теңге үлестіріліпті.


Мұнан бөлек тағы 6 азамат грант жеңіп алған. Олардың әрқайсысы 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған.


Ауыл әкімдігіндегі бас маман Роза Жола­манованың сөзіне сенсек, кәсіпке ауыл халқы тарапынан қызығушылық ба­сым. Бір жағынан әкімдік қызметкерлері мейлінше түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Нә­тижесінде Мырзабай ахунда мемлекеттік бағ­дарламалармен кәсіп бастаған азаматтар санында өсім қалыптасқан. Бұны бас маман елдің ынтасы мен оларды сүйемелдеу жұ­мыстарымен байланыстырады. Биыл да кәсіп ашып, жұмыс бастауға талап қылғандар көп. Тіпті алды қаржылай қолдауға ие болған.


Мәдениет ауылында да мемлекеттік грант­тың игілігін көріп отырғандар жетерлік. Со­лардың бірі – Абай Қыстаубайұлы. Ол былтыр мал басын көбейту және бордақылап сату мақсатында арнайы жоба әзірлеген. Комиссия мүшелері оның жобасын қаржылай қолдауға лайық деп тапқан. Тиісті қаражатқа бірнеше бас жылқы алған ауыл тұрғыны әлі күнге дейін жылқы бордақылап сатумен айналысып келеді.


Әбекең қазіргі таңда малды бордақылап жілікке де сатады, тірілей де нарыққа шығарып отыр. Ауылда күріш алқаптары болған соң ба, оған жем-шөптен айтарлықтай мәселе жоқ сияқты. Қазірдің өзінде ол қорадағы мал басында біршама өсім қалыптастырған. Нақты мақсатқа жұмыс жасайтын адамның ісі осындай болса керек.


– Бір жылқыны 80-90 күн бағамыз, төрт түліктің ішінде жылқының бабы қатты екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Тіпті кейбірін 3 ай бағатын кездер болады. Қоңын келтіріп те нарыққа шығаруға болады ғой, бірақ оны алған адамда ертең реніш болмауы керек. Себебі ол кейін сенің тұтынушыңның азаюына сеп болуы мүмкін. Міне, сондықтан мейлінше тұтынушылардың талғамына сай етіп бағамыз. Қазір жылқы орнын жылқы толтыруда, мәселен, мен үш бас жылқы бор­дақылап сатсам, түскен қаражатқа 4, кейде 5 бас тай-құнан аламын, содан кейін оларды далада ұстап, кейін қорада бор­дақылап, қайта нарыққа шығарамын, мал басын осылай көбейтіп жатқан жағдайым бар, – дейді кәсіпкер.


Тағы бір ауыл тұрғыны былтыр осы қайтарымсыз қаражаттың арқасында ауылда кондитерлік цех ашқан болатын. Ақмоншақ Төлеген бүгінде арнайы дүкен ашып, өз өнімдерін нарыққа шығарып отыр.


Жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Әубәкіров былтыр аудан бойынша 300 азаматтың жобасы қайтарымсыз қара­жатпен қолдау тапқанын айтады. Оның 254-і мал шаруашылығына бағытталған. Ал 13 адам кондитерлік цех ашса, былтыр мұнан бөлек 3 сұлулық салоны, 6 шағын тігін цехы, 1 компьютерлік орталық, 3 көлік жөндеу ор­талығы, 1 пластик терезе шығаратын цех, нау­байхана, кілем жуу орталығы, шаштараз және басқа да кәсіпорындар жұмысын бастаған.
– Өз мақсатына жұмсаса, 1 млн теңге­ден астам қаражатпен шағын кәсіпті бас­тауға болады. Өздеріңіз жаңа олардың бір­қатарымен таныстыңыздар. Қаражатты алып, кәсіп ашпағандар да жоқ емес, оларды қай­таруға біз жұмыс жасап жатырмыз. Себебі мемлекеттің қаражаты нақты мақсатқа ба­ғыт­талуы керек, сонда ғана елдің әлеуеті түзеледі, бос жаңа жұмыс орындары пайда болады, – дейді орталық маманы.


Сөзінің жаны бар, ра­сында қаражат нақты мақсатқа жұмсалуы керек, мемлекет кәсіп бастауға жағдайды жа­сады, оны құр жібермей игі­лігін көру керек. Бұл тұста біз жұмы­сымен танысқан кәсіпкерлер басқаларға үлгі.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: