Аудан соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда ілгерілей бастады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс жұмыстарының көлемі, аудан бюджетінің орындалуы, егістік алқаптарда атқарылған жұмыстар, жылыжай, мал шаруашылығындағы жетістік биыл сайланған мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы биліктің өзара бірлесіп, белсенді еңбек еткенінің нәтижесі болса керек.
Шыны керек, БАҚ өкілдері ел игілігі үшін жүзеге асып жатқан жобалармен, жалпы жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстармен мәслихат депуттатырының сессия отырысында таныс болатыны рас. Күні кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында түйіні тарқатылуы тиіс бірқатар мәселе талқыланп, оң шешімін тапты деуге болады.
Сессияға аудан әкімі Ардақ Ибраимов, аудандық мәслихат депутаттары, кент және ауыл әкімдері, бөлім басшылары қатысты. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов төрағалық етті. Күн тәртібінде аудан бойынша атқарылуы тиіс бірқатар жұмыс қаралды.
2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №30-2 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, аудандық бюджеттің бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен 57193,5 мың теңге қысқартылып, бірқатар бюджеттік бағдарламаға бағыттау жобаланған. Мәселен, аудан мәслихатының және аудан әкімінің қызметін қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру жөніндегі қызметтерге, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау, коммуналдық шаруашылығын дамыту бюджеттік бағдарламаларына, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша бағытталған.
Келесі мәселеде 2023-2025 жылдарға арналған кент және ауылдық округтердің бюджеті туралы аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 27 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу талқыланды.
– Биыл кент, ауылдық округтер бюджетінің нақтыланған көлемі 3 324 275,1 мың теңгені құрады. Оның ішінде кент, ауылдық округтердің өз кірістері 179 933,6 мың, бағытталған субвенция көлемі 1 593 570 мың, жоғары тұрған органдардан бөлінген нысаналы трансферттер 1 550 771,5 мың теңге болды. Аудандық бюджет есебінен кент көшелеріне 2 бағдаршам орнатуға бөлінген қаржыға 3 рет мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігердің анықталмауынан тиісті қаражат қысқартылатын болады, – деді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.
Сонымен қатар дербес бюджет түсімдеріне жыл соңына дейін талдау жасалып, талдау нәтижесінде төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығынан, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдерден 14,8 млн теңге түскен, бірақ түсімдер жоспарына болжамдалмаған. Алайда түсімдер жоспарын 14,5 млн теңгеге ұлғайтылып, сәйкесінше аппараттың ағымдағы шығындарына еңбекақы төлемдеріне, іс-сапар шығындарына, көше жарықтарының төлемдеріне бағытталатын болады. Дербес бюджеттің бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген 13,1 млн теңге қысқартылып, сәйкесінше бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ағымдағы шығындарына, яғни мерекелік іс-шараларға, бильбордтар, қызметтік автокөлікке қосалқы бөлшектер алуға, көше жарықтарының төлемдеріне қайта бағытталады.
Үшінші мәселе, нақтырақ айтсақ, аудан бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 3 мамырдағы №2-3 шешімінің күші мәслихат депутаттарының келісімімен жойылды деп танылды. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін бекіту туралы аудандық мәслихатының 2019 жылғы 21 қазандағы №46-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев хабарлама жасады.
Баяндамаға назар аударсақ, жоғарыда аталған ұйымдардың мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша міндетті түрде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Әлеуметтік қолдауды тағайындауды уәкілетті орган аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жүзеге асырады. Әлеуметтік қолдау екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы мамандардың есеп шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады. Мамандарға әлеуметтік қолдау жылына бір рет бюджет қаражаты есебінен 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
Мәслихат депутаттары келесі мәселе бойынша, яғни 2023 жылға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерінің бір шаршы метрі үшін айына 7,19 теңге көлемінде бекітті.
Аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 13 шілдедегі №25-2 шешіміне мынадай өзгерістер жасалды. Комиссияның дербес құрамына аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Еркін Назарқұлов енгізілді. Ал комиссияның дербес құрамынан Асқарбек Есжанов шығарылды.
Мұнан басқа сессияның күн тәртібі аясында аудандық қоғамдық кеңестің құрамы өзгерді. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық кеңес құрамына «Дөйт» шаруа қожалығының төрағасы Шәкизада Мұстафа енгізілді. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 4 ақпандағы №14-21 «Жалағаш аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің штаттық саны мен құрылымын бекіту туралы» шешімінде өзгерістер орын алды.
Осылайша аудандық мәслихат отырысының күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселе мәслихат депутаттары тарапынан егжей-тегжейлі талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия соңында аудан әкімі Ардақ Ибраимов сөз алып, биыл 10 айда жоспарланған ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуында оң динамика қалыптасқанын жеткізді.
– Биыл аудан бюджеті 9 млрд 252 млн теңге көлемінде бекітілсе, жыл көлемінде бюджет нақтылауымен 10 млрд 876 млн теңгеге жетіп, 1 млрд 624 млн теңгеге ұлғайды. Бұл – жоғары тұрған бюджеттерден бөлінген нысаналы ағымдағы даму трансферттері. Өздеріңізге белгілі биыл аудан көлемінде 5,7 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар 24 нысанның жоба-сметалық құжатын әзірлеуге 134,8 млн теңге қаржы бөлінді. Алдағы жылдарға аудан көлемінде жүзеге асыру жоспарланған жалпы құны 19,2 млрд теңгені құрайтын 50 нысанның жоба-сметалық құжаттары тиісті орталық және облыстық бағдарлама әкімшілеріне қаржыландыруға ұсынылды.
Бүгінде аудан бюджетінің нақтылануында мекемелердің жыл аяғына дейінгі қажетті ағымдағы шығындарын толықтай жабуға қажетті қаржысын бағыттап бердік. Ауданымыздың келешегі, елді мекендердегі экономикалық жағдай мен халықтың әлеуметтік тұрмысын одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқарып, елдің талап-тілегін орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз деп есептеймін. Аудан дамуында шешілуі тиіс мәселелерді өздеріңізбен бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!