Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:41

Мал баққанға бітеді

27.07.2022

1245

0

Мал бағу – атакәсіп. Осы орайда ауданымызға қарасты Жаңадария елді мекенінде жыл өткен сайын атакәсіпті арқау етіп, ризық-несібесін төрт түліктен көрген кәсіпкерлер саны артуда. Әрине қазақтың жанына жақын мал шаруашылығы қай кезде де кенже қалған емес. “Естіген – өтірік, көрген – шын” демекші, біз де Жаңадария ауылының мал баққан шаруаларымен кездесіп, кәсіптерімен танысуды жөн көрдік.

Солардың қатарында Зеңгібаба тұ­қы­­мын бағып-қағып өсіруді кәсіп еткен ауыл тұрғыны Талғат Алтайұлы да бар. Ауыл әкімі Асхат Есқалиевтың бастауымен “Нұртөре” шаруа қожалығына ат басын бұрдық. Жайылымдық жер ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан екен, ба­сында қара үй тігілген, есік алдын­да жылқы байланып, самаурын түтіні бу­дақ­таған керемет ауылдың көрі­нісіне тап болдық. Алдымыздан «Ассалаума­­ға­­лейкум» деп ойын баласы жүгіріп шы­ғып, дереу айқайлап ағасын шақыр­ды. Біз болсақ айналадағы көріністі су­ретке түсірумен әлекпіз. Қара үйден бір жас жігіт шықты, біздің пайымдауымызша мал­ға қарап отқан осы кісі секілді. Біз де мал жайдың шаруасын сұрауды бастап кеттік.


Осыдан 5 жыл бұрын 2 млн теңге несие алып, жұ­мысын бастаған Талғаттың кәсібі бүгінде отбасылық бизнеске айналған. «Мал баққанға бітеді» деген тәмсілді ұстанған ол жақында мал шаруашылығын дамы­тудың кешенді бағдарламасы аясында тағы да 11 млн теңге несие алып, 40 бас ірі қа­раны жайылымға жіберген. Әрине кейіп­керіміз ата кәсіпке бала кезінен бейім­дігін танытқан. Әкесіне қолғанат болып, ауылда өскесін болар, оған бұл ша­руаның қыр-сыры мәлім. Жас болса да еңбексіз ештеңе болмайтынын Талғат ер­те байыптапты. Сондықтан болар, Жа­ңа­­дариядай ауылда туып-өсіп, мал бақ­пауды үлкен қателікке санап, бола­шақ­та мал басын көбейтіп, ірі қара тұ­қы­мын асылдандыруды мақсат етіп отыр.


– Ағамның, жалпы отбасымның үл­кен қолдауымен осы кәсіпке кел­дім. Қазір 70 гектар жайылымдық же­рім бар. Мал азығынан ешқандай қиын­шы­лық жоқ, күніне азанда, кешке сауын сиырды назардан бір өткізіп, жайы­лы­мы мен жемін қадағалаймын. Әрине мал қоңды болуы үшін қоражай жай­лы, азығы құнарлы болуы шарт. Сон­да ғана мол өнімге қол жеткізуге мүм­кін­дік бар. Мен үшін кәсібім өмірге деген құлшынышымды оятады. Өйткені өзге­лер­дей жай ет өткізгім келмейді. Кері­сінше әрбір ірі қараның салмағын екі есе көбейтуді көздеймін. Сонда ғана на­ғыз еңбегімнің дәмін татып, ісіме көңі­лім толады. Бір әтеген-айы, ауыл тұр­ғын­дарындағы мал тұқымы азып кеткен. Асылтұқымды бұқа жоқ, болса бірлі-жарымында ғана бар. Бірақ шүкір, барға қанағат етемін, – дейді кәсіпкер.


“Еңбегі көптің өнбегі көп” деген мақал тура Талғатқа айтылғандай, олай деген себебіміз аула маңына бау-бақша да­қыл­дарын егіп, қыстық азығын да осы киелі жерден дәметіп отырғанды құп көреді. Бақшада қауын-қарбыз, қияр, қы­занақ және тағы басқа көкөніс орналас­қан. Қауын-қарбыз түйнектеп, то­лық пі­се­тін уа­қыты да жақындаған. “2-3 жыл­­да ауылда Тәкеңнен асқан бай адам болмайды” деп арқасына қағып қояды ауыл әкімі. Әри­не болатын ел бі­рін-бірі батыр дейді, Асы­кеңнің бұл сө­­зін­де үлкен қолдау бар екенін дереу түсіндік.


– Еңбек етемін деген адамға қашанда жұмыс табылады. Мал күтіміне баса мән берілсе, мол өнім алуға болатынын айтып келеміз. Шаруалардың өндір­ген өнімдерін өткізуде, мал азығын дайын­дауда, материалдық-техникалық жабдықталуда, мал басы өнімділігін же­тілдіруде, қаржылай мем­лекет тарапы әрқашан көмек беруге дайын. Оның бір дәлелі қазір қаладан ауылымызға мал бағамын, еңбек етемін деп көшіп келіп жатқан тұрғындар саны артты. Әрине Жаңадарияда мал шаруа­шылығының қарқынды дамуы ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына, қалаға көші-қон легінің тежелуіне айтар­лықтай оң ықпал етер еді, – дейді елді мекен әкімі.


«Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген қазақ. Ал Талғаттың мақсаты – айқын, межесі – биік. Оған біз осы сапа­рымызда толық көз жеткіздік.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: