Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 01:15

Өнерімен өрге жүзген

23.04.2024

608

0

Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет саласын өркендету. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Ауданда да мәдениет пен өнерді қатар алып жүрген өнерпаздар жетерлік. Кешегі аптада Алматыда өткен ІІІ республикалық жас өнерпаздар конкурсында жалағаштық жас өнерпаздар топ жарды.

Мәдениет пен өнер – өмірдің ажы­рамас бөлігі, еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағытының бірі. Алматыда өткен ІІІ республикалық жас өнерпаздар конкурсының да мақсаты – ел мәдениетін асқақтататын жас өнер­паздардың талабын шыңдау.
– Байқау 19 сәуір күні таңнан кешке дейін болды. Шымкент, Тараз, Ақтау, Алматы және тағы басқа қа­лалардан өнерпаздар көп келді. Әр аймақтың намысын қорғауға бел буған өнер­паздардың барлығы өте үлкен дайындықпен келген. Бірақ біз де өзімізге сенімді болдық. Себебі біз алып келген өнерпаздар да осал емес еді. Қобалжып жүргенімді байқады ма, бір оқушымыз келіп «уайымдамаңыз, біз бас жүлдені иеленеміз» деп өзінің қолдауын білдіріп қойды. Осылайша шаршадым демей, кешке дейін әр өнерпаз өзінің бағыты бойынша өнер көрсетті. Нәтижесінде расымен әлгі оқушымның айтқаны келіп, жүлделі орындарды біз иелендік, – деп қуанышымен бөлісті жас өнерпаздарға жетекшілік еткен Айда Рысмахан.
«Өнер әлемі» продю­сер­лік орта­лығы және «Жеті өнер» шығар­ма­шылық орталығының ұйым­дас­ты­руымен өткен конкурсқа еліміздің бар­лық облысы мен қаласынан бағы мен бабы келіскен мық­тылар келген. Жалпы конкурс көр­кемсөз, хореография, ас­пап­та орын­дау­шылық өнері және дәс­түрлі ән мен бей­нелеу өнері деген 5 бағыт бо­йынша өтті. Жерлестеріміз әр бағытта осалдық танытпай, жүлдегер атанып, топ жарды. Аққұм ауылдық клубы жанынан құ­рылған «Сырлы сөз» көркемсөз үйірмесінің өнерпазы Аяулым Алпыс­бай және Алмат Жансұлу Доспан Даражаның же­текшілігімен көркемсөз оқудан бас жүлде иеленді. Сонымен қатар осы ұс­таздың жетекшілігіндегі Асылхан То­мирис пен Айару Сабыр және Данияр Айтуған да жүлделі І орынға ие болды.
«Көңілді ноталар» ән үйірмесінің өнер­пазы Аяулым Ізбасар Айгүл Тұра­баеваның жетекшілігімен «Алтын бе­сік» өлеңін айтып, бас жүлдені қанжы­ға­сына байлады. «Ақмаржан» қо­л­өнер үйірмесінің өнерпазы Абай Кө­шер­бекұлы қолөнер сайысына үйдің ма­кетін жасап, бас жүлдеге және «Бал­дәурен» домбыра үйірмесінің өнер­пазы Нұрасыл Өмірбекұлы Аида Рыс­ма­ханның жетекшілігімен домбыра тарту сайы­сында жүлделі І орынмен мара­патталды.
– Мен ХХІ ғасырға сай етіп қосқабатты үй макетін жасадым. Қазақи нақышты басты рөлге қойып, үйдің іші-сыртын ою-өрнектермен безендірдім. Қазіргі болып жатқан зілзала, яғни жер сілкінісіне сай етіп жасадым. Яғни барлық жақты қамтуға тырыстым. Өзім үй салуға, түрлі жобалар сызуға қызығамын. Қазір 8-ші сынып оқимын, болашақта Өнеркәсіп және Құрылыс министрі болсам, дәл осы үлгімен, дәл осы мекеттегі үйлерді салуды жос­парлап жүрмін. Бұл – алғашқы ма­кетім, сәтті шықты. Енді қазір Өз­бекстан елінде өтетін жарысқа дайын­далып жатырмыз, – дейді қолөнер бағытында бас жүлде иеленген Абай Көшербекұлы.
Аудан намысын қорғаған жас өнер­паздардың жетекшілері Даража Доспан көркемсөз оқудан, Аида Рысмахан ас­папта орындаудан және Айгүл Тұра­бае­ва ән айтудан «Үздік жетекші» номинациясына ие болды.Ауданда дәл осындай жас өнер­паздар тәрбиеленіп жатқаны қуан­тады. Жас өнерпаздардың әлі де ба­ғын­дырар биігі, алар асуы көп. Осы бағыттағы қадамына сәттілік тіледік.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: