Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 18:31

Қара шаңырақ немесе кенже бала

16.01.2021

5810

0

Қазақта «қара шаңырақ» деген сөз бар және бұл – халқымыз үшін өте қастерлі ұғым. Неге қара шаңырақ? Осыған көбіміз жай күндері мән бермейміз. Ата-бабаларымыздан қалған әрбір түймедей сөздің астарына үңілсең, түйедей мән табасың. Біздің тұрмыстық тіліміздің өзінде дала өмірінің заңдылықтары жатыр, қазақы тәлім-тәрбие мен өнеге бар. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Қара шаңырақ – жылдар, тіпті ғасырлар бойы ошағынан шыққан түтінмен әбден ысталып, қап-қара болған ескі үйдің шаңырағы», – дейді. Біз де осыған қосылмасқа лажымыз жоқ. Расымен, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, ошағының оты бір сәтке де өшпей келе жатқан үлкен үй һәм қасиетті үйді халқымыз «қара шаңырақ» деп атаған.

Аспан асты, жер үстін емін-еркін жайлаған көшпенді халықтың ғасырлар бой­ғы тәжірибесінің жиынтығынан ұлт­тық құндылықтарымыз түзіліп, салт-дәс­түр, әдет-ғұрпымыз қалыптасты. «Қара шаңы­рақтан» бөлек, қазақта тағы да «қара шаңырақтың иесі» деген ұғым бар. Қара шаңырақтың құты мен киесін кетір­мей ұстап отыру үшін оның шын иесі де болуы керек. Біздің түсінігімізде шаңырақты күзетіп қалатын – сол үйде туып-өскен ең кіші ер бала. Ата жолынан ауытқымасақ, анасының сүтін тауысқан кенже ұл шаңырақтың иесі атанады. Ал одан соң шаңырақ иесіне бір үйдің ғана емес, тұтас бір әулеттің жауапкершілігі жүктелген. Бабасынан бері қарай атасы, әкесі отырған үлкен үйге жиі бас қосатын өз бауырларынан бөлек, туған-туыс, ағайын, жамағайын, тіпті өзі тараған рудың беделді адамдары арнайы бас сұққан. Олар қызық үшін келмейді, қаншама жан өсіп-өнген, қыдыр дарыған кісілердің сөзі сіңген қасиетті шаңырақтан дәм ауыз тиіп, дұға бағыштап, бата алып кетуге келеді. Осындайда меймандарды қадірлеп күтіп алып, жөн-жосығымен шығарып салу да шаңырақ иесіне сын. Ақын Жарасқан Әбдіраштың «Кенже бала» деген өлеңін оқыған сайын көзіңе жас үйіріліп, көңіліңе өксік келеді. Ол жай ғана өлең емес, онда біздің ұлттық болмысымыз бар. Ұлт ретіндегі қасиетіміз бен қасіретіміз бар. Жарасқан осы өлеңі арқылы тұтас қазақ отбасының құндылығын дәріптеген. Ақын анасының жаназасына барып, арулап келген соң шаңырақта қалған кенже інісі ағасына былай дейді:

…Көңілімді кемпір-шал сезетін-ді,
кең дүниені қиялым кезетін-ді.
Ошағы үшін осынау шаңырақтың
өз кеудемде сөндірдім өз отымды.

Жолға қара,
деген соң жөнге қара,
Ие болдым отын-су,
мал қораға…
Кенже бала – алатын сауапты да,
жауапты да беретін – кенже бала.

Шыдатты салт,
бәріне шыдатты әдеп.
Жетер ме едім әлі де мұратқа көп.
Көз жұмарда кемпір-шал тағы өтінді:
«Шаңырақты қалай да құлатпа!» – деп…

Әке-шешенің өлердегі аманатына қиянат қыла алмай, қара шаңыраққа ие болып қалу үшін арман-мақсатын ішінде тұншықтырып, ауылда қалып қойған жандар аз ба?! Ата жолын күзетіп, салттан аттап кете алмай қаншама өнердегі жұптар мен спортшылар ауылдағы қара шаңырақта қартайды. Бірақ одан жамандық көрген жоқ. Аманатқа адал адамды Құдай қолдап, әруақ жебейді. Қара шаңырақтың киесімен тәлімді ұл-қыз өсіріп, сол үлкен үйдің құтын арттырады. Ең бастысы, сол шаңыраққа өздерінен кейін ие болып қалатын мұрагерді дайындайды.


Мен білетін бір жігіт бар. Менен бірер жас үлкен. Әке-шешеден жалғыз. Мектепті өте жақсы оқыды. Мектепішілік шаралар мен қоғамдық жұмыстарға да белсенді болды. Алматы қаласынан жоғары оқу орнын бітірген соң, сол жаққа тәуір қызметке орналасты. Білімді, білікті маманға қай кезде де сұраныс бар. Бір-екі жылда-ақ лауазымы жоғарылады. Арқа жақтың қызымен бас қосып отау құрды. Келіншегі де мемлекеттік қызметте тұғын. Әке-шешемді көшіріп, қолыма аламын деп жүретін. Бірақ жасы келіп қалған кісілер ауылдан қозғалғысы келмеді. Бір күні әкесі аяқ астынан қайтыс болды. Әлгі жігіт келіншегі екеуі қызметінен өз еріктерімен босап, ауылға келді. Шешесі жалғыз қалды, қолдарына бармады. Оның үстіне әкесі үзілерде «Баламды ауылға алдыр. Қызмет осында да бар. Қара шаңыраққа ие болсын, осы үйде өсіп-өнсін. Жалғызымыз ғой, ертең ұрпағымыз жат болып кетеді» деп аманат етіпті. Содан бері ауылда. Шешесі де жеті-сегіз жыл бұрын дүние салды. Қазір ерлі-зайыпты екеуі елуге келіп қалды. Немерелері бар. Әке-шешеден аманатқа алып қалған қара шаңырақтың отын үзбей, күзетіп отыр. Кәсіппен айналысады…


Үлкен үйдің ошағын бұзып, отын сөндіріп, қара шаңырақты құлатудан өткен қасірет те, қиянат та жоқ қазақ үшін. Кешегі екі ғасырдың тоғысар тұсын­дағы аласапыранда ауылдағы қан­шама үйлердің есігіне құлып салынып, мұр­жа­сынан түтін шықпай қалды. Шаңырақта қалатын кенже бала қаладан жұмыс іздеп кетіп, қаншама иесіз үйлер тозып кетті. Қартайған шағында әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп жіберіп, қалқайған қара шаңырағын қаңқасын қалдырмай бұзып әкетіп, өздері қаладағы зәулім үйлерінде шалқып өмір сүріп жатқан «кенже балалар» мен кезінде әке-шешесі «жалғызым» деп үстінен құс ұшырмай өсіріп, жаппар Хақтан тілеуін тілеген жалғыз ұлдар қаншама?!


Бұрынғы үлкен кісілер кенже баласын арқасынан қағып «Осы үйдің иесі – сен. Мына үйге, қорадағы малға қарайтын өзің. Сондықтан көп еркелей берме» деп әзіл-шынды оны марқайтып отырған. Бақсақ, сол кішкентай ғана сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Оны алты жасар бала аңғармауы мүмкін, бірақ күнделікті әкесі айтатын «сен осы үйдің иесісің» деген сөз оның құлағына жайлап сіңе береді. Бүгінде біз балаларымыздың көзінше «ертең мыналар мектеп бітірсін, сосын қалаға көшеміз» немесе «ауылда жұмыстың ыңғайы болмаса, басқа жаққа кетуіміз керек» деген әңгімелерді айтып отыра береміз. Қазірде «Қара шаңырақ», «Кенже бала» деген ұғымдар біздің санамыздан көмескіленіп бара жатыр. Үйімізде бала­ларымызға отбасы құндылығы, өздері туып-өскен шаңырақтың қасиеті жайында жақ ашпаймыз. Ойын баласы үшін ата-анасының қасында болудан асқан бақыт жоқ. Әйтсе де, олар өздері өнген қара шаңырақтың да қадір-қасиетін сезініп өсуі тиіс. Өйткені, адам баласының өмірі қара шаңырақта басталып, сол қара шаңырақта аяқталады…
Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: