Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Бейсенбі, 09 мамыр, 10:41

Қазақ әйелінің бекзат болмысы

07.03.2024

271

0

Тіршілік жаратылып, адамзат баласы пайда болғалы әйел әлемі зерттеліп келе жатыр және зерттеле бермек. Өйткені Жаратушы әйелдің «жан әлемін белгісіз элементтерден құрап» жасапты. Ол сондықтан да жұмбақ. Ал сыры ашылмаған жұмбақ жаратылыс қашанда сұлу һәм қадірлі болмақ. Ерлер қауымы әлі күнге сол тылсым жаратылыстың жұмбақ сырын ашуға ынтызар. Сол үшін де әйел затына көрсетілер құрмет пен сыйдың шет-шегі жоқ. Әсіресе қазақ халқының ұғымында «әйел, ана» деген сөздерден қадірлі ештеңе жоқ. Әлі күнге дейін қазақ қыз баланы әлпештеп, әйелді құрметтеп, ананы ардақтап келеді.

Табиғат қаншалықты таза, мөлдір, сұлу болса, қазақ әйелінің жаны мен бол­мысы да соншалықты таза, сұлу. Егер адамзат баласының тыл­сым та­би­ғаттың құшағынан жара­­тыл­ғаны рас болса, соның бас­тауында қа­зақ әйелі тұрғандай болады ма­ған. Жа­ны­­ның айнасы жар­қырап тұратын біз­­­дің аналарымыз, әпке-қарын­даста­ры­мыз сол тұмса та­би­ғаттың бір бөл­шегіне айналып кеткендей. Біздің көңі­лімізде олар ақыл мен парасаттың, сұлулықтың, әдеміліктің, адалдықтың, пәктіктің, мейірімнің, ар мен намыстың жалауындай болып желбіреп тұр және ол жалау жер бетінде қазақ барда құламауы тиіс.

Көшпенді ғұмыр кешкен халқы­мыз­дың жаһанға жұтылып, жер бетінен жойылып кетпей бүгінге жетуі тек жерін жаудан, елін даудан қорғаған батыр бабаларымыздың арқасы ғана емес, оған түйенің қомында, жылқының жа­лында жүріп толғатып, ұлттың тегін сақтап, кешеден бүгінге жалғап келген аналарымыздың да қосқан зор үлесі бар. Өмірдің мәнін тек бала сүйіп, ар­тына ұрпақ қалдыру деп ұққан, он-он бес баланы дүниеге әкеліп және оларды бағып-қағып бейнет көрген қазақ әйеліндей жанкешті бар ма?! Әр баланың толғағында бір мәрте өліп-тіріліп, олардың амандығы мен тәр­­биесіне өскенше, немере-шөбере­ле­ріне өлгенше қамқор болған қазақ әйе­лінің құрыштай шыдамына, темір­дей тө­зіміне қайран қалмасқа амалың қайсы?!
Қазақ әйелі тек бала тауып, ошақ ба­сында отырған жоқ. Елбасына күн туып, жер шетіне жау тигенде ер аза­мат­тармен бірге соғысқан қыз-ке­лін­шек­тердің болғаны және олардың сол аласапыран айқастардағы жан­қияр­­лық ерлігі тарихта таңба­ла­нып тұр. Оның бергі жағында екінші дү­­ниежүзілік соғыста майдан да­ла­сына өздері сұ­ранып аттанып, қыр­шын кеткен қыз­ғал­дақтай қазақ қыз­­­­дарының ерлі­гінің өзі неге тұ­рады?!
Айт­пақшы, сол қанды қыр­ғынға қа­­­тысқан мемлекеттердің ішінде қыз­дар­дан құралған әскери жасақтар­дың басым бөлігі өзіміздің қаракөздер болған деген дерек бар. Бұл да қазақ қыз­дарының отбасына, Отанына адал­дығының, дұшпанның алдында басын имеген өжеттігінің айғағы.
Ауылда апамыз болды. Сексеннің үстіне шыққанда жөнеп кетті «ана ауыл­­ға». Сол апамыз күйеуімен он жыл отасып, бала көтермеген соң жез­­­­­­демізге өзі жас тоқал алып береді ғой. Мақсат Алланың атымен қанша адам­­­­ды куәлікке тартып, қиылған ақ не­кені бұзбай, ар-ұяттан аттамай, ша­ңырақты шайқалтпай сақтап қалу бо­лыпты. Бәлкім бұны кейбіреу на­дан­дық­қа балап, ескілікке телитін шы­­ғар. Әй­тпесе қазақтың бойындағы бү­гінгі ұр­пағы қадірін білмеген көп қасиеті сол ес­кінің адамдарымен бірге келмеске кет­кені солардың есіне кіріп те шықпайды.
Әлқисса, сонымен үй ішінен үй ті­гіледі. Бәйбіше де, тоқал да бір шаңы­рақтың астында бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүреді. Сол апамыз тоқалдан туған тұңғыш балаларын бауырына басқан. Көрші ауылдан біздің үйге айына екі-үш мәрте төркіндеп келіп-кететін және бес-алты жасар немересін жанынан тастамайтын. «Жарығым! Құдайдың бізге бергені ғой, бұл. Пәленшекеңнің (ша­лын айтады) шаңырағының түтіні ғой. Құлыным сол» деп немересін ай­на­лып-толғанып отыратын. Неме­ресі де әжесінен бір елі қалмайды. Қат­­падай қара кемпірдің қамзолының шал­­ғайынан тас қылып ұстап алып, ізінен еріп жүретін сол бала қазір үлкен аза­мат болып, апамыз айтқандай, ата­сының шаңырағына ие болып, түтінін түтетіп отыр.

Теңімен қосылған сол кісілердің ара­сында махаббат сезімі болмады деп кім айта алады? Болғанда қан­дай! «Махаббаттың отына өртеніп жүр­ген» бүгінгілерден сол кездегі қыз бен жігіттің, ерлі-зайыптылардың арасын­дағы махаббат отының жалыны мың есе қуатты еді және мәңгілік лаулап тұратын. Ол кезде бір-біріне серт беріп, ант байласып қосылғандардың қандай жағдай болса да бақиға дейін жұбы жазылмапты. Әлгі апамыздың күйеуіне тоқал алып беруі одан көңілі қалғаннан емес, керісінше сүйіп қосылған жарына өзі сыйлай алмаған нәресте иісін, бала бақытын басқа әйелден көруіне мүм­кіндік жасады. Бұл – ерлік. Тіпті күйеуі үшін де емес, қарапайым қазақ әйелінің сезімін ішінде тұншықтырып, өз ұлтының келешегі үшін жасаған көзсіз ерлігі.
Бұл да біздің асыл аналарымыздың бекзат болмысын ашатын тағы бір тірі мысал. Бір жеңгеміз болды. Жолы жағынан жеңге бол­ғанымен, жасы шешемнен үлкен бола­тын. Көненің көзін көріп, сөзін тыңдағандардың бірі ғой, ата жолына адал еді. Бірде сол отбасының қалада оқитын сту­дент қызы күйеуге тиіп кетеді. Дұрысы – бірінші курс оқи­­тын ауылдың ашықауыз қызын бейтаныс жігіттер алып қашып кетеді және бұл өңір емес, сонау солтүстікке. «Қыз бен қойдың жүрмейтін жері жоқ» деген сөз осындай жағ­дайды басынан кешкен әке-шешенің айтқаны шығар, сірә.
Сонымен кешірім келеді. Бұлар қуғыншы жібереді және олар аттанарда ашулы ағамыз қуғыншыларға еркімен бармаған қызын қалайда алып келіңдер деп қатаң тапсырады. «Егер алып қалуға әрекет етсе, іс насырға шабатынын айтыңдар» деп тағы нығырлайды. Ал анасы байғұс қызының жат жерге, жат жерге болғанда да тым болмаса болашақ күйеуін де танымайтын қиян шетке кеткеніне әкесінен бетер жүрегі езіліп, уайым қылады. Бірақ жеңгеміз іштей егілгенімен, сыртқа сыр бермейді. Қуғыншы аттанып кеткен соң ағамыздың жанына жайлап жайғасып отырып әңгіме бастайды. Жылап-сықтамай сабырмен ғана: «Қыз жат жұрттық қой. Қайтеміз?! Бірақ танымайтын қиян шетке барғанын айтсаңшы. Әйтпесе мен де сені танып келген жоқпын ғой. Осы әулеттің үлкендерінің қайсысы қалың мал беріп, қолдан алды. Сен сабаңа түсіп, сабырға кел. Алысқа кетті демесең, елден елдің айырмашылығы жоқ. Ол ел қазір келін түсіріп, қуанып жатыр. Бір әулеттің сол қуанышын, қызығын Құдай көп көрмесін, ұзағынан қылсын. Біз де соны тілейік. Аналық батамды мен бердім, сен де ойлан. Қуғыншыларды қабылдамағаның да жөн болмады. Олардың кінәсі жоқ. Қазақтың жолымен кешірім сұрап келді. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Біз де жөнімен күтіп алып, далада айтқан өкпе-назымызды дастарқан басында білдірсек те болар еді ғой?! Танымайтын Құдайы қонақ та үйіңе кіріп, дастарқаныңнан дәм татып кетіп жүр емес пе?! Бұлар да Құдай қосып отырған құдаң. Жә, қызың пешенесіне жазылғанын көрер. Босаға аттап қойды, кері қайтарма және енді оның ешқандай мәні де жоқ. Елге келсе, ертең бетіне шіркеу болады. Бүгінімізді емес, ертеңімізді ойлайық, отағасы», – дейді жеңгеміз.
Қабағы түйіліп күңкілдеп отырған ағамыз мына сөзден кейін біраз үнсіз қалады. Сәлден соң «Дұрыс айтасың, мен қатты кеттім. Әлгі қуғыншылардан да ұят болды. Кенже қызым болған соң… Алла бағын ашсын ботамның… Мен де бердім батамды» деп сөзін аяқтай алмай кемсеңдеп көзін сүртіп кетіпті…
Ағам мен жеңгемнің сол алысқа қашып кеткен қызының өзі қазірде әже болды. Ара-тұра ауылға кішкентай не­мерелерін ертіп келіп-кетіп тұрады екен. Өзінің ауылында қыз таусылып қалғандай, сонау солтүстіктен келіп Қызылордадағы біздің апамызды атына өңгеріп алып қашып кететін сол баяғы жездеміз қазір лауазымды қызмет істейді деп естідік. Бірақ қарапайым, көпшіл, ақкөңіл тамаша адам дейді білетіндер. Кенже қызы мен күйеу баласының еліне сыйлы, үлгілі отбасы болғанын ағамыз да, жеңгеміз де көріп кетті.
Жеңгеміздің қызы қашып кеткендегі аға­мызға айтқан басалқы сөзін бекерге тәттілеп отыр­ғанымыз жоқ, та­қы­­рыбымызға тікелей қатысы болғасын тұздық етіп алдық. Ұғынған жанға оның тәрбиелік мәні бар. Жең­геміз тек қызының болашағын ғана емес, әулетінің өсіп-өнуін де ойлап отырды ғой сол кезде. Ал отбасында жоға­ры­дағыдай жағдай орын алса, әлгіндей есті әңгімені қазіргі екі әйелдің бірі айта алар ма еді?..
Бұл жерде де ана­ларымыздың ақыл-парасаты мен сабыры алға шығып, барға шүкір, жоққа сабыр қылатын қазақ әйелінің, ар­дақты аналарымыздың бейнесін жеңгеміздің аға­мызға айтқан бір ғана жұбату сөзі айқындап тұр. Сол жеңгеміз тоқсаннан асып жығылып кел­местің кемесіне мінді. Көзі тірісінде бір әулеттің ғана емес, елдің ақылшы анасына айналды. Ауылда жүргенде көшеде көлденең кездесіп қалса, күтіп тұратын. Жақындағанда: «Әй, бала, аман­сыңдар ма? Өтіп кет! Жолыңды кеспейін, ер адамсың ғой», – дейді. Сонда біз мектеп бітір­генімізге де көп бола қоймаған баламыз ғой. Ал ол кісілердің жасы сол кезде жетпістен асып жығылып, сексенге құлаған кезі. Рас, шал­дың баласымыз. Әкеміздің жолы үлкен. Сонда да ше­шеңмен қатар адам алдыңнан кесіп өтпей, ана­дайдан өзіңді күтіп тұрғанына іштей ың­ғай­­сызданып әрі таңғалушы едік. Есейе келе білдік. Жарықтық, олар бізге емес, ата жолына, қа­зақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына құрмет көр­сетеді екен ғой. Міне, қаншама ғасырдан бері хал­қымыздың мұрасын көзінің қарашығындай күзетіп, ба­бамыздың салып кеткен жолын ұр­пақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан қазақ әйелінің бүтін болмысы бұл.
Сөзіміздің басында айтқанымыздай, әйел затының сол болмысын құрап тұрған элементтер әлі күнге белгісіз. Сон­дықтан әйелдің, соның ішінде қазақ әйелінің жан әлемі жұмбақ. Гүлден нәзік жаратылыс иесі бола тұра, олардың бойынан жұмыр жердің жү­регін жылытатын мейіріммен қоса тау қопарар бұла күш те, қайсарлық та, өжеттік те, төзім де та­былады. Өйткені олар – көктегі Құдіреттің жер­дегі көшірмесі.


Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: