Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 09:39

Құрылыс жұмыстары күрделеніп, талап күшейді

16.01.2021

10481

0

Адам көзі түскен нәрсесіне баға беру үшін оның кешегі қалпы мен бүгінгі қалпына салыстырмалы түрде қарауға тура келеді. Біздің көзқарасымызда аудан келбетінде көп өзгерістер бар. Құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатпағанымен, жылдан жылға ілгерілеушілік білінеді. Өткен жылдың өзінде халыққа қызмет көрсететін 6 жаңа нысан іске қосылды. Иіні келген істің игілігін халық көре бастады. Алдағы уақытта да ауданымызда қажеттілікке қарай құрылыс нысандары өз кезегімен жоспарлы түрде бой көтереді. Бұл жайында біз аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Берік Тасыбаевпен сұқбаттасқан едік.

– Берік Болтайұлы, қалаға, кентке, ауылдарға салынатын құрылыстар тек әлеуметтік қызмет көрсету жағынан ғана маңызды емес, олардың орналасқан жерінің көркіне көрік қосып тұратындай эстетикалық үйлесімі де ескерілетін шығар?! Аудан орталығынан салынып жатқан және алдағы уақытта бой көтеретін ғимараттарға осындай талаптар қойыла ма?


– Әрине, құрылыс саласында ең алдымен сапа содан соң оның сәулеті талап етіледі. Тәуелсіздіктен кейінгі ауданымыздан бой көтеріп жатқан барлық құрылыс нысандарының орналасу тәртібі орналасқан жерінің табиғатына, халыққа қызмет көрсету қолайлылығына және коммуналдық жүйесінің ыңғайына қарай салынған. Әлі де сол талап өзгерген жоқ, қайта жаһандық өркениетке байланысты құрылыс нысандарын тұрғызудың заманауи тың тәсілдері қолданысқа еніп, жүргізілетін жұмыс жүйесі күрделеніп, талап бұрынғыдан да күшейе түсті.


– Заманауи құрлылыс жүргізу тәсілдері мен мықты материалдар қолданылады дегенімізбен, қазірде жаңадан салынған ғимараттардың сапасы сын көтермей жатады. Ауданымызда жүргізіліп келе жатқан құрлылыс жұмыстарының сапасына қаншалықты мән беріледі?

– Құрылыстың адамзат тұрмысында маңызы зор. Сондықтан адамзат игілігі үшін салынған әрбір құрылыс нысандарының ең алдымен қауіпсіздігі қаперге алынады. Іргетасын құйғаннан бастап, шатырын жабу кезеңіне дейінгі жұмыстары қатаң бақылауда болады. Сонымен бірге ғимараттардың жайлылығы, жылдың төрт мезгіліне сай температурасының сақталуы да ескеріледі. Ал енді кент орталығынан, ауылдардан салынып жатқан құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан тендерді жеңіп алған мердігер мекемелер болғанымен, оның әрбір кірпішінің түзу қалануы біздің тарапымыздан және басқа да тиісті органдардың бірлесіп ұйымдастырған рейдтік бақылауы барысында қатаң қада­ғаланады. Тендер шарттарына сәйкес құрылыс жобасын бастан-аяқ өз міндет­теріне алған мердігер мекемелерден ең алдымен сапа талап етіледі. Сондықтан олар мерзімінен кеш аяқтаса да, мейлінше сапасына көңіл бөледі. Ал егер өз ісін тиісті деңгейде атқара алмаған жағдайда жауапкершіліктен жалтара алмайды. Әрі қарай олардың ісімен заң орындары айналысады. Біткен іске сыншы көп. Алайда құрылыстың «мінін» жасыру – біздің өзімізге деген қастандығымыз. Өйткені, құрылыс жұмыстары кезінде қабырғаға қисық қаланған бір кірпіштің өзі адам өмірі үшін аса қауіпті. Сондықтан бұл орайда тапсырыс беруші тарапынан қойылатын талап жоғары болуы тиіс.


– Кентті көркейту, сәулеттендіру жобасын әзірлегенде құрылыс жұмыс­тарын дұрыс жүргізуге ерекше көңіл бөлінетіні белгілі және ол кенттің келешек жоспары үшін де маңызды. Аудан орталығынан жаңа мешіт бой көтерді. Сәулетіне сөз жоқ. Көп ұзамай ел игілігіне беріледі. Алайда, жаңа мешіттің ғимараты ескі мешіт­тің жанынан түскені аудан тұр­ғындарының түсінігіне томпақтау келгенін жасыра алмаймыз. Шынында екі мешіттің бір-біріне жапсарласып тұрғаны эстетикалық тұрғыдан үйлеспей тұр. Білеміз, бұл сұрақтың жауабын мешіт ғимаратының жоба­сын сызып, нобайын дайындаған сәулет­шілерден алуға тиіспіз. Әйтсе де, құрылыс саласының маманы әрі мекеме басшысы ретінде айтыңызшы, мінәжат орындарын бір-біріне қосақтап қоюдың көпшілікке беймәлім басқа да себептері болды ма?


– Оның ешқандай беймәлім себептері жоқ. Өзіңіз білесіз, қазір мешітке баратындардың қатары көбейді. Бұрын Алланың үйінің есігін тек қарт кісілер ғана ашатын болса, қазір олардың қатары имандылыққа бет бұрған жастармен де толықты. Оған ескі «Иманқұл» мешіті тарлық етеді. Сол себепті мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ауданымыздың азаматы өз қаражаты есебінен бұл істі қолға алып, екі жыл бойы үздіксіз құрылысын жүргізді. Жаңа зәулім мешіт биыл ашылып, ел игілігіне беріледі. Ал жанындағы ескі мешіт жастарға діни ілім, имани тәрбие беретін медресеге айналады.


– Өзіңіз басшылық жасап отырған құрылыс саласы өткен жылды қалай қорытындылады?


– Өткен жылы ауданымызда 6 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, кент орталығында әкімшілік ғимаратының 2019-2020 жылдары өтпелі құрылыс жұмыс­тары аяқталды, сонымен бірге өтпелі құрылыстар бойынша Далдабай және Жаңақоныс елді мекендерінде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүр­гізілді, кент орталығында №15 ем­хана ғимаратын балабақша етіп қайта жабдықтау құрылысы аяқталды, Тұр­ғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Дәуім­бай» учаскесінде бір пәтерлі, үш бөлмелі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқ­талды, Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы Мөрәлі Шәменов атындағы елді мекендегі 140 орындық №34 мектептің құрылысы аяқталды, сондай-ақ кент орталығындағы 100 төсектік орталық аурухана құрлысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Айта кетейік, бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын «Realstroylnvest», «ДГУ-Сервис» ЖШС, «Иман» ЖШС, «Интегрострой» ЖШС және «Әбу-Сер» ЖШС сияқты тәжірибелі мердігер мекемелер жүргізді. Әсіресе жаңа аурухананың ашылғаны тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Қазір басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Қырық мыңға жуық халқы бар ауданға жаңа аурухана керек. Үш қабаттан тұратын заманауи үлгідегі жаңа медицина орталығы тұрғындарға қызмет көрсете бастады.


– Халық көп шоғырланған жерлерде әлеуметтік нысандарға деген қажет­тілік туындайтыны заңды. Әсіресе білім және мәдени ошақтарға деген сұ­раныс артады. Ауданымызда биыл қандай құрылыс жұмыстары жүр­гі­зіледі?


– Аудандағы барлық сала әр жылға жоспар жасап, жобасын бекітеді. Биыл аудан орталығынан бекітілген жобаға сәйкес спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Сонымен бірге Аққыр, Мырзабай ахун ауылдарына түсетін жаңа клубтың жоба-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы қаралып жатыр. Сондай-ақ Мәдениет, Аққұм ауылдарындағы ауыз су тарату жүйесін жаңғырту жұмыстарының да жоба-сметалық құжаттары дайын тұр. Ауыз су мәселесі қазір барлық ауылдар мен елді мекендерде шешілді десе де болады. Алайда, кент ішіне ауыз су тарату жұмысының сапасын арттыру мақсатында «Ақтерек» учаскесінен қо­сымша скважина қазу құрылысының да жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл жұмыстардың барлығы да өз кезеңімен атқарылады.
– Сұқбатыңыз үшін рақмет! Ауданы­мыз­дың келбетіне әр, әлеуметіне әл кіргізіп отырған жұмыстарыңыз жалғасын тапсын.

Сұқбаттасқан Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: