Қазақша күрес – әлемдегі ең тарихы терең спорт түрлерінің бірі. Қазақтың ешбір тойы мен мерейлі мерекесі онсыз өтпеген. Сонау ықылым замандардан бері қазақ білекті азаматтарына қара күштің киесі дарыған жан деп қана қарамай, ұлт қуаттылығын, ел құдіретін танытар өнер иесі деп қадір тұтқан.
Ұлттық спорттың төресі саналатын қазақ күресі – ең көне спорт түрі. Мұнда бабы мен бағы келіскен шынайы спортшы ғана жеңімпаз атанады. Бұл спорт түрінен жыл сайын айтулы жарыстар өткізіліп, жаңа есімдер жарыққа шығуда. Үлкен байрақты бәсекелерде белдесіп, бағын сынап жүргендердің бірі – Шыңғысхан Әбілхасенұлы.
Оның қазақ күресін жанына серік еткелі біршама уақыт болған. Бүгінде бірнеше сайыстарда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Спорттық шежіресін ең алғаш 2015 жылы ұстазы Өмірбек Кәлменовтен үйренген жас палуан қазіргі таңда аудандық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде қазақ күресі мен дзюдо үйірмесінің жаттықтырушысы болып жұмыс жасайды.
– Қазақ күресімен қатар дзюдо күресінің қадамы да қарыштап дамып келе жатыр. Себебі дзюдо күресі барлық халық қызығатын спорт түріне айналды. Бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерген спортшыларымыз талай байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. Ең бастысы, күреске деген адал ниет болу керек. Әйтпесе нәтиже болмайды. Сайып келгенде, шын жүйрікке шаршы алаңда тұсау жоқ. Үйірмеге 7 жастан бастап балаларды қабылдап жатырмыз. Қазіргі таңда 12 бала бар. Оның 4-еуі – қыз, 8-і – ұл. Негізі бапкерлік қызмет үнемі ізденісті, білімді жетілдіріп отырумен қатар шеберлікті шыңдауды талап етеді. Бүгінгі күнге дейін жиған-терген біліміммен тоқтамай, үнемі ізденіс жолында жүруге тырысамын. Себебі мен бапкермін. Шәкірттерімнің жағдайын жасап, олардың бойындағы тұнып тұрған талантты ашу – менің міндетім, – дейді жас бапкер.
Мойынға таққан медальда қаншама ерік-жігер мен төгілген тер бар. Жеңіске апарар жол тынымсыз еңбек пен болаттай берік мақсаттан құралады. Қазақтың көк туы көкте желбірегенде ғана спортшылардың сарқылған күші қайта қалпына келеді. Күреске қадам басқанына 10 жылға жуықтаған Шыңғысханның бозкілемде белдесіп жеткен жетістігі көп. Ол – аудандық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы. 4 жылда бір өтетін Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалінде қазақ күресінен ерлер арасында 74 келі салмақта өткен жарыста ІІ орын алған.
Белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасында 23 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын алған. Ауыл спортшыларының ХХХІV «Алтын күз – 2021», 2022 жылы облыстық спартакиаданың бағдарламасында қазақ күресінен 74 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Аслан Бағдатұлын еске алуға арналған қазақ күресінен аудандық турнирде 90 келі салмаққа дейін ІІ орын иеленген. Ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирде 73 келі салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алған. Сонымен қатар Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасының ХХІ жазғы универсиада ойындарынан ІІІ орынды иеленген.
Қазіргі таңда еліміздің басты құндылықтарының бірі ретінде қазақ күресін дамыту және өскелең ұрпақ арасында насихаттау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бозкілемде белдесетін Шыңғысханның жасөспірімдерін жеңіске жеткізу жолындағы еңбегі тың, ынтасы зор.
Әр елдің өз ұлттық ерекшеліктері болатыны секілді қазақ елінің де өз ерекше құндылықтары бар. Оның ішінде қазақ күресінің алар орны мен мәртебесі биік. Бабадан қалған асыл өнердің оты өшпей, ендігі жерде лаулап жануына Шыңғысхан секілді жас бапкерлердің қосар үлесі зор. Бүгінде дзюдодан спорт шеберіне үміткер болған Шыңғысхан – қазақ күресінен спорт шебері атағын иеленген білікті жас бапкер.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!