Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

32°C

, Дүйсенбі, 13 мамыр, 15:13

«Жалағаш жаршысы» – бәсі биік басылым

27.06.2023

428

0

«Жалағаш жаршысы» газеті – ауданның тарихы мен шежіресі. Көп жылдар бұрынғы газет тігінділерінің сарғайған парақтарын ақтарсаңыз, бұған анық көз жеткізуге болады.

Қарап отырсақ, аудандық га­зетте 40 жылға жуық уақыттан бері көптеген редакторлармен, қыз­меткерлермен бір­ге еңбек етіп­пін. Әр жылдары ба­сы­­лымға бас­шылық жасаған редак­тор­лар З.Са­лықбаев, А.Кіребаев, М.Ілия­сов, Т.Тәшенов, К.Сүлейменов, М.Ая­пов­тардың қарамағында қызмет атқаруым мен үшін үлкен мектеп болды. Соларға қарап, сөйлеуді, жазуды үйрендім, та­ғылым алдым. Сексенінші жылдары А.Тілеулиев, І.Мұс­тафаев, Е.Әбілов, Ж.Әб­жәми­лов, Б.Алпысбаева, М.Байна­зарова, фо­тотілші Т.Ахметовтермен жұмыс істеп, газет шығарудың қызығы мен шыжығын бірге көрдік. Ал тоқ­са­­ныншы, екі мыңыншы жылдықта қа­та­рымызға келіп қосылған Ғ.Әбіл­да, Б.Ысқақова, Қ.Ахетов, фототілші М.Ах­­ме­товтермен бірге қызмет еттік. Әрине, редак­тор­ла­рым мен әріп­тес­­терім жай­лы ара­кідік жазып жүр­міз. Десе де осы ме­рейлі мереке қар­саңында да бұ­рынғы әріптестерім жайлы олардың бітім-болмысы, ерек­­­ше қасиеттеріне қысқаша тоқ­та­луды жөн көріп отырмын.
Зордан Салықбаев ағаның бия­зы мінезі мен салиқалы сөзіне, сөй­леу мәдениетіне қызығатынмын. Күн­делікті тапсырмасын бермес бұрын алдымен отбасымның аман­дығын, үйдегі үл­кен­дердің жағ­дайын сұрап алады. Жылы жүз­бен ашық пікірлесіп, айтар ойын астарлап жүрегіңе жет­кізеді. Қанша ашуланғанмен артық сөйлеп, ай­қайға басқан кезін көрген емеспін. Жаныңды ұғып, жағдайыңды тү­сінетін. Қарамағындағы қызметкер­­лерді қор­ғап, қолдап жүретін мұн­дай басшыға қа­лайша дән риза болмассың.

Асқар Кіребаев ақын әрі, сері жігіт, ән мен әңгімені жүйе­леп ай­татын оты­рыстың гүлі еді. Та­лантты тани білетін ақын бұ­лақтың көзін ашып, жас талапкер­лерді тәрбиеледі. Ақын ағам­ның өмірде де, қызметте де жо­лы болды. Ха­лықтың тілін, қызме­тін, кәсіптің көзін тапты. Жауапты бас­шылық қызметтер атқарды.
Мырзамұрат Ілиясов рухани таза, шыншыл әрі адал жан-тұғын. Сондай қадір-қасиетінің арқасында ре­дакция ұжымы алдында өте беделді болатын. Әңгіме арасында әзіл-қал­жың айтып, күлдіріп отырушы еді. Ал жұмысқа келгенде үлкен жауап­кер­ші­лікпен қа­рай­тын. Тапсырманы тез әрі тың­ғылықты орындауды ұна­татын. Ре­дактор болған кездері мақала­ла­рымды тексеріп, қы­зыл сиямен қыс­қар­тып тастағанда кә­дімгідей іштей ренжіп қалатынбыз. Сөйтсек, ол да сабақ екен ғой. Ол кісі халқымыздың тілін, дінін, салт-дәстүрін құрметтеп, насихаттап кетті.
Тау тұлғалы, мінезі тұйық, ісіне мы­ғым Тұрсынбай Тәшенов сөзіне тұ­рақты кісі еді. Екі сөйлеп алдап кету, жағымпаздану қасиетінде жоқ. Өті­рік, өсек сөз айтатын, жұмысына жауап­сыз қарайтын жандарға жаны қас. Өк­пелей қалса, назын өңменіңнен өт­кізіп, жүрегіңе жеткізіп тура көзіңе қа­рап айтушы еді. Жүз ойланып, мың тол­ға­нып сөйлейтін кісінің артық айтып, ар­тынан ақталып жатқанын көрген емес­пін. Көргені мен түйгені, өмірлік тәжі­рибесі мол нағыз көреген жандар осын­дай болса керек.
Кенжеғара Сүлейменовтің жан дү­ниесі – терең, тұңғиық шежіре сыр. Адам бойына қажетті барлық қасиет­терді осы кісіден үйреніп, үлгі алуға болады. Жаны да, тәні де кіршіксіз таза азаматты көпшілік жақсы біледі. Қай жерде де психологиялық ахуал жақ­сармай жұмыс жүрмейді. Ол қыз­мет­керлердің бірлігін сақтап, жағдай жасады. Журналистерді іс сапарларға шығып ізденіп, жұ­мыс жүргізулеріне еркіндік берді. Жарқын жүзбен қабыл­дап, жа­лынды сөздерімен шабыт берді.
Ақын Мәлік Аяпов – аудандық мә­дениет үйі жанынан Ә.Оңалбаев атындағы әдебиет және өнер бір­лес­тігін құрып, таланттарды тәр­биеледі. Қа­зіргі кездегі белгілі ақындар Айкүміс Орынбаева, Елена Әбдіхалықова, Ға­зиза Әбілдаева, Динара Мәліковалар секілді көп­теген шәкірттері әлі күнге дейін ақын рухына тағзым етіп, құрмет тұтады. Қазір кім көп, ақын көп. Алайда шындықтан жалтармай, әділдікті ту етіп, ақиқатты айта алатын Мәліктей арқалы ақын, жүректі ақын некен-саяқ. Мәлік ағамыздың ғұмыры қысқа болды. Бірақ жасындай жарқылдаған жа­лынды жырлары халқымен бірге жасай беретініне кәміл сенемін.
Ахмет Тілеулиев – мінезі тұйық жұмбақ жан. Бейнелеу өнеріне бейім еді. Сөздік қоры мол, қаламы қарымды өте еңбекқор болатын. Бұқарбай батырдың мерейтойы қарсаңында Орынборға барып, батыр туралы тың деректер жи­нақтап қайтты. «Бұқарбай батыр» кітабының шығуына көп атсалысты. Жалағаш ауданы туралы шыққан кітап­тарды құрастырып, басшылық жа­сады. Аудандық тарихи өлкетану музей ашыл­ғанда А.Тілеулиев алғашқы ди­ректоры болды. Му­зейге тарихи экс­понаттар жинап, жабдықтап көп еңбек сіңірді. Аудан тарихы, батырлары мен билері, еңбек адамдары жайлы зерттеп, бірнеше кітаптар шығарды. Солардың ішінде көп зерттеп жа­рыққа шығарған «Қарақұм көте­рілісі» кітабы халықтың көңілінен шыққан еңбек болды.
Бексейіт Шайланов – Алматы­дағы ҚазГУ-дің түлегі, маман­дығы журналист, әрі ақын. Оның туған жер, махаббат, Отан тақыры­бын­дағы лирикалық өлең­дері об­лыс­тық, республикалық га­­зет­терде жа­рия­ланды. Көңілі дар­хан, көпшіл жігіт еді. Газетте біраз жыл бөлім меңгерушісі болып істеген шебер журналист облыстық телеви­дениеге қызметке шақырылды. Осы облыстық теле­ви­дениеде жауапты қыз­­меттер ат­қарды. Ақын – журналист Б.Шай­лановтың жырлары мен шығар­ма­ла­ры жинақ­талып жарық көрсе, құнды еңбек болып қалар еді.
Ал Жұмабек Әбжәмилов маман­дығы журналист, жазуға, сызуға бейім еді. Аудандық газет ре­дак­ция жа­­нындағы радио хабарын ұйым­дас­тырды. Әде­би қызметкер, сектор меңгерушісі бол­ды. Пуб­лицистикалық мақалалар мен очерк­тер жазды. Көп ұзамай жазу шеберлігі мен қарым-қабілетінің арқа­­сында жауапты хатшы қыз­метіне кө­терілді. Жауапты хат­­шы­лықты да жауап­кершілікпен ат­қарып, дөңгелетіп әкетті. Амал қанша, Жұмабектің ден­сау­лығы сыр берді. Сол кеселдің кесі­рінен қай­тыс болды. Шүкір артында ба­лалары ер жетіп, өмір жолын жал­ғастырып келеді.
Мен осындай әріптес­те­ріммен қыз­меттес болғаныма мақ­та­на­мын. Өйт­кені, газетте жү­ріп, қиын кезеңдерді, қызықты күндер­ді бірге өткіздім. Олар кезінде уақыт­пен са­наспай уақытылы айлық жала­қы ал­маса да, жұмыс істеді. Мамандық­та­рын сүйіп, жұмыстарына жан-тә­німен берілген адал патриот бол­ды. Ре­дакцияда ежелден қалып­тас­қан қағида бар, ол – бірлік. Сол бекем бірлік пен адал еңбектің арқасында «Жалағаш жар­шысы» газеті 89 жылдан бері жарық көріп, оқырмандарымен қауышып келеді.

Серік БЕРТАЕВ,
ардагер журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: