Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 20:16

Жалағаштың орталығы жайылымдық жер емес

19.07.2022

779

0

Сөз көп, біткен іс жоқ. Кенттегі жасыл-желекті жапырып, емін-еркін жайылып жүрген төрт түліктің жайын бұған дейін де бірнеше рет жазған едік. Мәселе жолға қойылмағасын осы тақырыпқа тағы да оралуымызға тура келді. Өйткені күнделікті кент орталығын жайылымдық жерге айналдырған ірі қаралардың қарасы көбейіп барады. Қорасындағы ақадал малына еге болмаған тұрғындар қанша айыппұл арқаласа да төрт түлігін тайраңдатып қойып отыр. Ал жауапты орындар заңға сәйкес әрекет етсе де жауапсыздыққа тосқауыл бола алмай тұр.

Жалағаштың жайқалып, жаңа кейіп­ке енуі үшін әрбір мекеме ұжымы көктем шыға көше жиегіндегі арық бойына қалемшелер отырғызып, аудан­ның абаттануына білек сыбана атсалысып жүр. Ауданда құрылыс саласы сер­пін алып, кент келбеті күннен-күнге ажарлану үстінде. Осы уақытқа дейін кентті көркейтіп-көгалдандыру мақ­са­тында қаншама тындырымды іс­тер жүзеге асты. Тазалыққа басымдық бе­ріліп, бірқатар мекеме ұжымы әр сенбілікте Жалағаштың жайқалып, жаңа кейіпке енуіне күш салды. Әрбір мекеме ұжымы көктем шыға ауданның абаттануына білек сыбана атсалысып жүр.
«Көрген көзде жазық жоқ» дегендей, енді осынша еңбекті бір-ақ сәтте жоққа шығарып, жайпап жүрген иесіз жайылған малдарды тезге салуға күш жетпей тұр. Қазіргідей да­мыған заманда, отыздыққа үміткер мем­­лекетте тапа-тал түсте аудан ор­та­лығын бейберекет жайылымдық жер еткен мал иелерінің де бұл мәселеге бас қатырғысы жоқтығын байқап жүрміз. Көше бойында, вокзалда, мекеме ал­дын­дағы кіреберіске дейін еркін еніп жү­ре беретін төрт түлік түрлеріне тоқтау болмай тұр.


Елдің жайын қағазға түсіріп, билікке жеткізіп жүрген соң мына біздерге жұрт­шылықтың айтары көп-ақ. Әсіресе қазір жалағаштық ағайынның айтары иесіз ит-мысық пен төрт түліктің жайы. Мәселенің мәніне үңілсек, аудандық полиция бөлімі мен кент әкімшілігінің жұмысына кінә артуға келмейді. Қа­рау­­сыз көзге түскен түлік түрлерін ме­зетінде арнайы орынға қамап жатқан кент әкімшілігі тұрғындарға ескертуден жалыққан емес. Осыған дейін арнайы орынға 35 сиыр, 14 қой-ешкі қа­ма­лып­ты. Ал осы малдардың 4-5-еуі бір-бір үйге тиесілі екен. Тіпті бірнеше рет қай­таланып, ескертуді құлағына іл­меген 12 тұрғын айыппұл арқалапты. Бірақ бұл өзгелерге сабақ болмай тұр­ған сияқты. Кент көркейгенмен, көңі­ліңді күздей жығатын осындай мәсе­лелер бар.


Ойлап қараңызшы, жайылымдық жер­лерге үйренген мал кент ішінде қай­дан жүр? Бұл сұрақ бәрімізді маза­лайтыны рас. Иә, күн қызуы күшіне мі­нерден бұрын ертелетіп қорадағы мал­ды жайылымға айдаса, ол қайтып келмейді. Ал тапа-тал түсте малыңызды қорадан шығарсаңыз, онда күннің ыстығында ауылдан алыс кетпейтіні анық.

«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген қазақ. Ата кәсіпті қолға ал­ған­дар болсын, жеке өзінің қажеттілігі үшін қорасын қарамен толтырғандар болсын біле жүруі керек, кент келбетін кетірген кез келген көрініс олардың да азаматтығына сын. Қараусыз жүрген малдардың иелері үшін арнайы айыппұл бар екенін ескертетін құзырлы органдар да қол қусырып отырмаған шығар? Бірақ жұмыс жүйелі болса, бірді-екілі емес, неге көшенің әр бұрышында жайыл­ған малға кезігеміз? Ағаштарды отағаны былай тұрсын, адам жүретін жолға тасталған нәжістерін қайда жа­сырамыз? Таң қалатынымыз, бұрын-соң­ды ірі қара мал ғана жайылып жүр­генін көрсек, қазір топ-топ ешкілер де емін-еркін қыдырып жүре беретін бол­ды. Өзің тұратын өлкенің әр кемшілігі бә­рімізге сын. Тәртіп бәріне ортақ. Ал тәртіпке бас иген құл болмайды.


Таңертеңгісін қорасынан шыққан малдың қай бағытқа кеткенінен, қай­да жайылып жүргенінен хабардар бол­майтын қандай жауапсыз тұрғын дейміз кейде. Осы бір жауапсыздықтың кесірінен, тіпті түн ішінде көшеге еркін шығып кете беретін малға соқтығысудан талай мәрте көлік апаты да орын алды ғой. Әлде жеке иелігінде төрт түлік ма­лы бар тұрғындар малдарын көшеге, сая­бақтарға, теміржол мен автокөлік жол­дарына, мекемелер террито­риясы­на, басқа да қоғамдық орындарға жі­бе­руге болмайтынын білмейді бе? Мал­дың жол қозғалысына кедергі кел­тіретінін, қысы-жазы қараусыз жайы­лып жүре беретін іздеусіз малдың ұрлықтың құрбаны болатынын, аудан орталығын жайылымдық жер еткен төрт түлік көркейген ағаштарды тып-типыл ететінін түсіну соншалықты қиын ба? Дәл осы мәселені қолға алатын, үн қосатын азаматтардың жоқ болғаны ма? Жауапты мамандардың жұмысы неге көрінбейді? Қазір малын қорадан бейберекет жібере салып, сосын жинап аламын дейтіндер малы көлік апатына себепкер болса, қарасын көрсетпейтін көрінеді. Өйткені қараусыз малдың иесі заң аясында өзі жауапқа тартылатынын біледі. Енді осы заңдылықты білген тұрғын мәдениетті, көркейген ағашты бүлдіру қиянат екенін, кенттің келбетіне нұқсан келтіру азаматтық атына сын екенін неге білмей қалды?


Біз мұнымен тырнақ астынан кір із­деп, өтірікті шындай, шынды Құ­дай ұр­ғандай етейін дегеніміз жоқ. «Жоқ­тамағанның малы түгел» демек­ші, жай­­барақат отырып, қып-қызыл шы­ғынға ұшы­­рап қалмасын дегеніміз. Жайыл­ған малдың кесірінен қайғылы оқи­ғаға ұшы­рамайық деген ниетіміз. Жауап­тылар жауапкершілікті білсе, әр тұрғын иелі­гіндегіге ие бола алса, сіз де тыныш боласыз, біз де тыныш боламыз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: