Аграрлық өңірдің тарихына үңілсек, Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласында әр жылдары толайым табысқа қол жеткізіп, ел қамбасын астыққа толтырды. Күріштен тау тұрғызған Еңбек Ері Несіпбай Апрезов, Тұршабек Елеусінов, Ұзақ Еспанов сынды бірқатар сала ардагерлерінің еткен еңбегі бүгінгі буынға үлгі болды. Міне, Жалағашқа «Қызылорданың Қостанайы» деген айдар таққан алдыңғы аға буын салған сара жолдың арқасында бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бастысы бүгінде салада өндірілген өнім көлемінде өсім бар. Қазір оның үстіне жергілікті шаруашылықтар техникалық базасын нығайтып жатыр. Бүгінде олардың көкейінде «Ала жаздай бапталған өнім жауын-шашынға ысырап болмай ма?» деген сауал да, уайым да жоқ. Себебі сала қазіргі таңда озық әрі заманауи техникалармен жарақталған.
Күріштің күтіміне қанық жалағаштық диқандар былтыр да күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындылады. Сәйкесінше салада жиылған өнім көлемі артып, қамба да астыққа толды. Жалағашта жылына 120-130 мың тонна қара күріш қамбаға құйылады екен. Шаруашылықтар алынған өнімді көршілес мемлекеттерге экспорттауда. Биылдың өзінде 1 550 тонна ақталған күріш шет елдерге экспортталса, былтыр 2 320 тонна Сыр салысы сыртқы нарықты қамтамасыз еткен.
Бүгінде ауданда 7 күріш ақтайтын зауыт жұмыс жасайды. Жергілікті шаруашылықтармен жиналған күріш өнімінің 30-40 мың тоннасын ақтап, арнайы қоймаларда сақтау арқылы аудан тұрғындарын күрішпен толық қамтамасыз ету жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралардың бағаның негізсіз өспеуіне тигізер пайдасы мол екені айтпаса да түсінікті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары бүгінде жергілікті тұрғындарды күрішпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік мол екенін айтады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес Жалағашта 35 486,5 гектарға егiс орналастырылған. Оның ішінде Сырдың басты дақылы 18 501 гектарға себіліпті. Ал 720 гектарға бидай егілсе, 73 гектарға қант құмайы, 42 гектарға арпа, 39 гектарға соя, 520 гектарға мақсары, 445 гектарға сүрлемдік жүгері, 5 гектар алқапқа сұлы, 2,5 гектарға қант қызылшасы, 4 903 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 7 186 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Мұнан бөлек 646 гектар картоп, 1 108 гектар көкөніс және 1 296 гектар басқа да бақша дақылдары егілген.
Біз биыл ауданда орналастырылған өнім түрлеріне қарап, егісті әртараптандыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргенін байқаймыз. Олай болуы да заңдылық, әрине. Бір жағынан бұл аяқ су мәселесінің алдын алуға сеп болса, келесі кезекте азық-түлік бағаларының қымбаттауына жол бермеуде таптырмас мүмкіндік. Оның үстіне жергілікті шаруашылықтардың тәжірибелік мақсатта қолға алған бұл жобалары ойдағыдай жемісін берсе, суды аз қажет ететін егіс түрлеріне басымдық беруге деген талпынысы таудай.
Биыл егінді күтіп-баптауға қажетті минералдық тыңайтқыштың құны өткен жылдан 2,5-3 есеге қымбаттапты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент «Казфосфат» ЖШС минералдық тыңайтқышты үлескер серіктестікке сатып, ол сауда үстемесіне 30 пайыз қосып сатқанын айтты. Күріш дақылын орналастыруға, күтіп-баптауға қажетті тұқым, минералдық тыңайтқыш, пестицид, сулардың құны қымбаттап, салдарынан өнімнің бағасында да өсім қалыптасты.
Егінді әртараптандыру мақсатында ауданда алғаш рет 73 гектар қант құмайы биыл бірінші рет егіліп отыр. Оның 47 гектары «Егінші» ЖШС-на тиесілі болса, 26 гектарды «Тайжан» шаруа қожалығы еккен болатын. Ал «Үміт» шаруа қожалығы 39 гектар тәжірибелік мақсатта соя екті. Ерте көктемде «Сәйгүлік» шаруа қожалығы 5 гектар сұлы сепсе, «Ер-Әлі» ШҚ 24 гектар, «Манақ баба» ШҚ 4 гектар, «Көктөбе» ШҚ 5 гектар, «Сәдуақас» ӨК 2 гектар, «Ақниет» ШҚ 1 гектар картоп екті. Бұл дақылдардан жоғары өнім алынып, көлемі арттырылған жағдайда азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға септігі тиері анық. Биыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы ауданда алғаш рет тамшылатып суару әдісімен 24 гектар алқапқа картоп, 5 гектар сәбіз және 2,5 гектар қант қызылшасын тамшылатып суару әдісімен орналастырды. Шаруашылық төрағасы Әліби Бекжанов қажетті тыңайтқыштарды уақытылы беру арқылы 24 гектар картоптың 1 гектарынан 40-50 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Аудан бойынша 500 гектар картоп, 1 100 гектар көкөніс, 1 200 гектар бақша дақылдары жоспарға сәйкес орналастырылыпты. Ал облыс әкімінің суармалы жерлерден картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыратын жер дайындау жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты тапсырмасына сәйкес, қосымша 250 гектар жер дайындалып, картоп, көкөніс бақша дақылдары орналастырылып, күтімге алынған. Бұл жерлер Жалағаштағы 802 отбасыға үлестіріліпті. Картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарының көлемін арттыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік мол. Сондықтан бұл жобаны келер жылы да жалғастырған жөн.
Жергілікті шаруашылықтар енді бір аттаса, егінге орақ салады. Біз де бұған дейін аудандағы бірқатар шаруашылықтардың егіс алқабында болып, еңбек адамдарымен сұхбаттасқан болатынбыз. Алқаптағы өнімнің шығымы жаман емес, соған қарағанда аудан диқандары биыл да саланы оң нәтижемен қорытындылайтын секілді.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!