Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 03:33

Шаруашылықтардың шаруасы ширақ

10.08.2022

1353

0

Аграрлық өңірдің тарихына үңілсек, Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласында әр жылдары толайым табысқа қол жеткізіп, ел қамбасын астыққа толтырды. Күріштен тау тұрғызған Еңбек Ері Несіпбай Апрезов, Тұршабек Елеусінов, Ұзақ Еспанов сынды бірқатар сала ардагерлерінің еткен еңбегі бүгінгі буынға үлгі болды. Міне, Жалағашқа «Қызылорданың Қостанайы» деген айдар таққан алдыңғы аға буын салған сара жолдың арқасында бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бастысы бүгінде салада өндірілген өнім көлемінде өсім бар. Қазір оның үстіне жергілікті шаруашылықтар техникалық базасын нығайтып жатыр. Бүгінде олардың көкейінде «Ала жаздай бапталған өнім жауын-шашынға ысырап болмай ма?» деген сауал да, уайым да жоқ. Себебі сала қазіргі таңда озық әрі заманауи техникалармен жарақталған.

Күріштің күтіміне қанық жалағаштық диқандар былтыр да күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындылады. Сәйкесінше салада жиылған өнім көлемі артып, қам­ба да астыққа толды. Жалағашта жы­лына 120-130 мың тонна қара күріш қам­баға құйылады екен. Шаруашылықтар алын­­­ған өнімді көршілес мемлекеттерге экспорттауда. Биылдың өзінде 1 550 тонна ақ­талған күріш шет елдерге экспортталса, былтыр 2 320 тонна Сыр салысы сыртқы нарықты қамтамасыз еткен.
Бүгінде ауданда 7 күріш ақтайтын зауыт жұмыс жасайды. Жергілікті шаруашылық­­тармен жиналған күріш өнімінің 30-40 мың тоннасын ақтап, арнайы қойма­лар­да сақтау арқылы аудан тұрғындарын кү­ріш­пен толық қамтамасыз ету жөнінде тү­сіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бұл ша­­­ра­лардың бағаның негізсіз өспеуіне ти­гізер пайдасы мол екені айтпаса да тү­сі­нікті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары бүгінде жергілікті тұрғындарды күрішпен толық қамтамасыз етуге мүм­кін­дік мол екенін айтады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылда­рының бекітілген сызбасына сәй­кес Жала­ғашта 35 486,5 гектарға егiс ор­на­лас­ты­рылған. Оның ішінде Сырдың бас­ты дақылы 18 501 гектарға себіліпті. Ал 720 гек­тарға бидай егілсе, 73 гектарға қант құмайы, 42 гектарға арпа, 39 гектарға соя, 520 гектарға мақсары, 445 гектарға сүр­лемдік жүгері, 5 гектар алқапқа сұлы, 2,5 гектарға қант қызылшасы, 4 903 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 7 186 гектар ескі жо­ңыш­­қа күтімге алынған. Мұнан бөлек 646 гек­­тар картоп, 1 108 гектар көкөніс және 1 296 гектар басқа да бақша дақылдары егілген.
Біз биыл ауданда орналастырылған өнім түрлеріне қарап, егісті әртараптандыру ба­ғытында бірқатар жұмыстар жүргенін байқаймыз. Олай болуы да заңдылық, әрине. Бір жағынан бұл аяқ су мәселесінің алдын алуға сеп болса, келесі кезекте азық-түлік бағаларының қымбаттауына жол бермеуде таптырмас мүмкіндік. Оның үстіне жергілікті шаруашылықтардың тә­жі­ри­белік мақсатта қолға алған бұл жоба­лары ойдағыдай жемісін берсе, суды аз қа­жет ететін егіс түрлеріне басымдық беруге деген талпынысы таудай.

Биыл егінді күтіп-баптауға қажетті ми­­не­ралдық тыңайтқыштың құны өткен жыл­дан 2,5-3 есеге қымбаттапты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент «Каз­фос­фат» ЖШС минералдық тыңайтқышты үлескер серіктестікке сатып, ол сауда үстемесіне 30 пайыз қосып сатқанын айт­ты. Күріш дақылын орналастыруға, күтіп-баптауға қажетті тұқым, минералдық ты­ңайт­­қыш, пестицид, сулардың құны қым­­­баттап, салдарынан өнімнің бағасында да өсім қалыптасты.
Егінді әртараптандыру мақсатында ау­данда алғаш рет 73 гектар қант құмайы биыл бірінші рет егіліп отыр. Оның 47 гектары «Егінші» ЖШС-на тиесілі болса, 26 гектарды «Тайжан» шаруа қожалығы еккен болатын. Ал «Үміт» шаруа қожалығы 39 гектар тәжірибелік мақсатта соя екті. Ерте көктемде «Сәйгүлік» шаруа қожалығы 5 гектар сұлы сепсе, «Ер-Әлі» ШҚ 24 гектар, «Манақ баба» ШҚ 4 гектар, «Көктөбе» ШҚ 5 гектар, «Сәдуақас» ӨК 2 гектар, «Ақниет» ШҚ 1 гектар картоп екті. Бұл дақылдардан жоғары өнім алынып, көлемі арттырылған жағдайда азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға септігі тиері анық. Биыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы ау­данда алғаш рет тамшылатып суару әдісі­мен 24 гектар алқапқа картоп, 5 гектар сәбіз және 2,5 гектар қант қызылшасын тамшылатып суару әдісімен орналастырды. Шаруа­шы­лық төрағасы Әліби Бекжанов қажетті тыңайтқыштарды уақытылы беру арқылы 24 гектар картоптың 1 гектарынан 40-50 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Аудан бойынша 500 гектар картоп, 1 100 гектар көкөніс, 1 200 гектар бақша дақылдары жоспарға сәйкес орналасты­ры­лыпты. Ал облыс әкімінің суармалы жер­лерден картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыратын жер дайындау жұ­мыс­тарын ұйымдастыруға қатысты тапсыр­ма­­сына сәйкес, қосымша 250 гектар жер дайындалып, картоп, көкөніс бақша дақыл­дары орналастырылып, күтімге алынған. Бұл жерлер Жалағаштағы 802 отбасыға үлес­тіріліпті. Картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарының көлемін арттыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақ­тандыруға мүмкіндік мол. Сондықтан бұл жобаны келер жылы да жалғастырған жөн.
Жергілікті шаруашылықтар енді бір ат­таса, егінге орақ салады. Біз де бұған дейін аудандағы бірқатар шаруа­шы­лық­тар­дың егіс алқабында болып, еңбек адам­дарымен сұхбаттасқан болатынбыз. Ал­­қаптағы өнімнің шығымы жаман емес, со­ған қарағанда аудан диқандары биыл да са­ланы оң нәтижемен қорытындылайтын секілді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: