Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттердің құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуде өткен II Еуразиялық экономикалық форумда айтқан мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.
ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді.
Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуге тиіс.
Сонымен қатар түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалды. Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.
«Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», – деп жазды Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!