Биыл Жалағаш ауданында құрылыс қарқын алып, бірқатар әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланыпты. Бұл туралы аталған саланың аудандағы бөлім басшысы Қайрат Жаппасбаевтан білдік. Оның Жалағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімімен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы сөзіне құлақ түрсек, биыл да біршама жоба қолға алынған екен. Тарқатайық.
Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет елді мекенінде су тарату жүйесін аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы биыл басталған. Жобаның жалпы құны – 160,6 млн. теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «Корпорация Алем-Құрылыс» ЖШС келер жылы бұл жобаның құрылысын толық аяқтауға бел буып отыр. Мәдениеттегі құрылыс өтпелі жоба екенін еске салған да жөн шығар. 2022 жылға республикалық бюджеттен бөлінген 140 млн 440 мың теңге қаражат қаралса, 2023 жылға бөлінетін қаражат көлемі 7 млн 781,6 мың теңгені құрайды.
Жалағаш ауданына қарасты Аққұм елді мекенінде де су тарату жүйесін аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы биыл басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 209,4 млн. теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «Корпорация Алем-Құрылыс» ЖШС келер жылы мұның да құрылыс жұмыстарын аяқтауға ниеттеніп отыр. Бұл да өтпелі жоба екен. 2022 жылға республикалық бюджеттен 184 млн 284 мың теңге қаражат қаралса, келер жылға 10 млн 258,9 мың теңге қаралады деп күтілеуде.
Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» жер учаскесіне су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы да биыл басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 419,4 млн теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «Корпорация Алем-Құрылыс» ЖШС келер жылы жаңадан ашылатын шағын аудандағы жобаны аяқтауға ниетті екен. Бұл да өтпелі жоба көрінеді. 2022 жылға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 361 млн 297 мың теңгені құраса, 2023 жылға 21 млн 408,1 мың теңге қаралады деп күтілуде.
Кенттегі құрылыс жұмыстары мұнымен шектелмейді. Мәселен, биыл Жалағаш кентіндегі аудандық қаржы бөліміне қазандық ғимараты құрылысын салу және оны табиғи газға қосумен жылу жүйесіне жалғау» жұмыстары да биыл басталыпты. Жобаның жалпы құны – 35 млн теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «Аsia stroy kz» ЖШС бүгінде бұл жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі – 2 ай болатын. Нысан бүгінде пайдалануға берілді. 2022 жылға облыстық бюджеттен 29 млн 623 мың теңге қаражат қаралыпты.
Жалағаш кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы өткен жылы басталған болатын. Бір жыл бұрын іргетасы қаланған бұл жоба да өтпелі екен. Жобаның жалпы құны – 471,6 млн. теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «SCS инжиниринг» ЖШС биыл нысанды ел игілігіне беруге ниетті екен. Құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі – 9 ай болатын. (2021 жылдың қыркүйек – қараша айлары аралығы, 2022 жылдың наурыз – қыркүйек айлары аралығы). Бұл жобаға қатысты мерзімінде құрылыс жұмыстарын аяқтамағаны үшін қызылорда облысының ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз беріліпті.
Биыл Жалағаш кентінде «Тренажер және стритбол алаңдарының құрылысы басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 12,5 млн. теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «Гулнур МК» ЖШС бүгінде қос спорттық нысанның құрылысын толықтай аяқтады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі –1ай болатын. Нысан бүгінде ел игілігіне пайдалануға берілді.
«Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Жалағаш кенті «Ақтерек» жер учаскесінде 170 гектарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы да биыл басталған болатын. Яғни онда бүгінде басқа да құрылыс жұмыстарынан бөлек электр желілерімен жабдықтау жұмыстары жүруде. Жобаның жалпы құны – 280,3 млн. теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «Сәт-Сервис» ЖШС құрылыс жұмыстарын келер жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі – 2022-2023 жылдарды қамтиды, яғни бұл жоба да өтпелі болып отыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға республикалық бюджеттен 240 65,0 мың теңге қаражат қаралса, 2023 жылға бөлінетін қаражат көлемі 24 млн 162,2 мың теңгені құрайды.
«Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» жер учаскесінен 170 гектарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы мұнымен шектелмек емес. Биыл дәл осы аумақта сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы да басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 463,8 млн. теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «Сәт-Сервис» ЖШС құрылыс жұмыстарын келер жылы тәмамдауды жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі – 2022-2023 жылдарды қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба да өтпелі екен. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға республикалық бюджеттен 337 млн 216 мың теңге қаражат қаралса, 2023 жылға бөлінетін қаражат көлемі 95 млн 583,3 мың теңгені құрайды екен.
Бұл ауданда биыл құрылысы басталып, пайдалануға берілген және әлі де құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жобалар екенін еске салайық. Ал мұнан бөлек әлі де құрылыс жұмыстары басталмаған, яғни енді қолға алынып жатқан, бір сөзбен айтқанда, жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатқан нысандар бар ма? Енді осы сауалдың түйінін тарқатайық.
2021 жылы Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» жер учаскесіндегі 170 гектарға инженерлік-инфрақұрылым жүргізілу мақсатында, яғни ауыз су, газ, жолдар, электр желілеріне жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге облыстық бюджеттен 63 млн 800,4 мың теңге бөлініп, жобалар әзірленіпті. Оның ішінде тас жолдар және газ желілерінің жобалары сараптамадан өтіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарына республикалық және облыстық бюджетке қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдер тапсырылған. Тас жолдарға қатысты жобаның жалпы құны – 2 469 094,5 мың теңгені құрап отыр. Ал газ желісіне 2023 жылға республикалық бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөліну бүгінде жоспарлануда. Бұл жобаның жалпы құны – 600 млн 951 мың теңгені құрайды екен.
Жалағаш ауданы Аққыр елді мекеніндегі 100 орындық ауылдық клуб ғимараттарының жоба-сметалық құжаттары жобалаушы есебінен қайта сараптамадан өтуде. Сараптаманың аяқталу мерзімі 21.12.2022 жылға дейін болатын. Сараптамаға дейінгі жобаның жалпы құны – 290 642,226 мың теңгені құрап отыр. Елді мекендерде мәдениет ошақтарын жаңалау мұнымен шектелмек емес. Ауданға қарасты Мырзабай ахун елді мекеніндегі 100 орындық ауылдық клуб ғимараттарының жоба-сметалық құжаттары да сараптамадан өтіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржыландыру үшін Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Мырзабай ахундағы ауылдық клуб құрылысына қатысты жобаның жалпы құны – 298 335,641мың теңгені құрайды екен.
Енді аудан орталығына қайта оралайық. Жалағаш кентінде емдеу мекемелеріне (100 төсек /орындық орталық аурухана, 20 төсек/орындық жұқпалы аурулар ауруханасы, аусымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана) жаңадан кәріз жүйесінің құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны – 1млрд 290 млн 120,2 мың теңгені құрайды екен. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған болатын.
Ауылдық елді мекендерге қайта ойыссақ… Таң ауылдық округі әкімі аппаратының әкімшілік ғимаратының жоба-сметалық құжаттары да әзірленіп, сараптамадан өтіпті. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Жобаның жалпы құны – 169 млн 122,6 мың теңгені құрап отыр. Ақсу, Қаракеткен, Мырзабай ахун елді мекендеріндегі тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (электр желілеріне) жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтіпті. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына республикалық бюджттен 2023 жылға қаржыландырылу жоспарланып отыр екен. Жоба құныны келсек, Ақсу ауылындағы жобаның жалпы құны 205 млн 206,6 мың теңгені құрайды. Ал Қаракеткен ауылдық округіндегі жобаның жалпы құны 141 млн 153,2 мың теңгеге жетіп отыр. сондай-ақ Мырзабай ахун ауылдық округіндегі жобаның жалпы құны 98 млн 431 мың теңгені құрайды.
Есет батыр және Темірбек Жүргенов елді мекендеріндегі тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (электр желілеріне) жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтіпті, бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржыландыруға Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Жоба құнына келсек, Есет батыр ауылындағы жобаның жалпы құны 357 010,6 мың теңгені құрайды. Ал Темірбек Жүргенов ауылындағы жобаның жалпы құны 423 млн 870,7 мың теңгеге тең екен.
Жалағаш кентіндегі орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары жүргізілген. Жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге жалпы құны – 6,3 млн. теңге бөлініп отыр. Жобалаушы мекеме – «Корпорация Асыл Строй» ЖШС екен (шымкент қаласы). Жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Жалағаш ауданы «Төрешқұдық» шекара бекетінің қоршау жұмыстары да қолға алынады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – 209 млн 383 мың теңгені құрап отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржыландыруға облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жолданған.
Жалағаш ауданы Қаракеткен және Жаңаталап елді мекендеріндегі жасыл желектерді және басқа да дақылдарды суғаруға арналған ұңғымаларды орнату үшін 2023 жылға қаржыландыруға Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Қаракеткен елді мекеніне №1-тв,№2-тв техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарының құрылысына 33 040,0 мың теңге қаражат қажет екен. Ал Жаңаталап елді мекеніне №1-тв,№2-тв техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарының құрылысына 49 млн 560,0 мың теңге қаражат қажет деп күтілуде.
Осыдан екі жыл бұрын «Жалағаш кентінде қоқыс полигонын (сұрыптау пункті) салу» құрылысына техника-экономикалық негіздеме жасалып, (әрі қарай ТЭН) мемлекеттік сараптамадан өткізілген болатын. (мемлекеттік сараптама №19-0024/20. Техника-экономикалық негіздеме құны 375 млн теңгені құрайды. 24.01.2020 жыл.) 2021 жылы «Жалағаш кентінде қоқыс полигонын (сұрыптау пункті) салу» ТЭН-ге сәйкес, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылған болатын. Алайда, нарықтағы темір бұйымдары мен құрылыс материалдарының қымбаттауына орай құрылыстың сметалық есебінің құны ТЭН-де белгіленген сомадан асып (құрылыстың сметалық құны 2021 жылдың 4 тоқсанымен есептегенде 526,0 млн. теңгені құрап, ТЭН құнынан 151,0 млн. теңгеге қымбаттаған/артқан), мемлекеттік сараптамадан теріс қорытынды беріліпті. Қайрат Жаппасбаев ендігі кезекте, жоғарыда аталған ТЭН-ге түзетулер (корректировка) енгізіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу қажет деп есептейді. Ол үшін жобалаушы мекемеден қажетті қаржының есебі алынған. Алынған есептілікке қажетті 7,4 млн. теңгені аудандық бюджеттен бөлініп «Проектсервис» ЖШС» мекемесі әзірлеп жатыр екен.
Енді бөлім басшысы айтқан жеке тұрғын үйлер құрылысына ойыссақ… 2022 жылдың 11 айында 18 мың 271 шаршы метрді құрайтын 123 үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда артығымен орындалып отыр екен. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 133,9 пайызды құрап отыр.
Бөлім басшысының сөзіне құлақ түрсек, әлі де шешімін таппай тұрған жұмыстар да жоқ емес екен. Мәселен, Қайрат Жаппасбаев олардың қатарында Жалағаш кентінде емдеу мекемелеріне (100 төсек/орындық орталық аурухана, 20 төсек/орындық жұқпалы аурулар аруханасы, аусымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана) жаңадан кәріз жүйесі құрылысын қаржыландыру барын айтады. Жобаға сараптамадан оң қорытынды алынып, Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Жоба құны 1 млрд. 290 млн. теңгені құрап отыр. Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» жер учаскесіндегі 170 гектарға инженерлік-инфрақұрылымы жобасына подстанция құрылысына жоба-сметалық құжаттар (сараптама қорытындысымен) әзірлеу. Ол үшін бюджеттен 15,7 млн. теңге қажет екен. Ал Жалағаш кентінен «Дәуімбай» учаскесінде салынатын бір пәтерлі 3 бөлмелі арендалық 20 тұрғын үй құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтіп, тіпті құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржыландыру үшін 16.04.2021 жылы облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған да екен.
Жалпы көріп отырғандарыңыздай, биыл Жалағаш ауданында құрылыс қарқын алған. Бөлім басшысының сөзінен әлі де қолдауды қажет ететін жобалар легі баршылық екенін аңғардық. Демек, алдағы жылдары да елдің талап-тілегіне негізделген жобалар қолға алынып, әлі де құрылыс қарқын алады деген сөз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!