«Шайнай берсең, қазының да дәмі кетеді» депті бабаларымыз. Сол секілді айта-айта құлақты жауыр қылған тақырып бұл. Бірақ соған қарамастан айтыла да, жазыла да береді. Өйткені елдік мүддеге қызмет қыламын деген әрбір азаматты «қалай ел боламыз?» деген сауал әрдайым толғандыруы тиіс.
Жуырда бір інім «Аға, жаңа Қазақстан дегенге сенесің бе?», – дейді. «Е, сенбегенде ше, сол үшін барымызды салып жатырмыз ғой халық болып», – дедім мен інімнің жүзіне сынай қарап. «Өзің ше, сенбейсің бе?», – деп сұрадым. «Жоқ, мен сенбеймін», – деп бірден кесіп айтты. Себебім сұрадым. Қабағы түйіліп, биліктегілерге шүйіліп отырып жауап берді. Оның ойынша, халықтың санасын бір ғана адам өзгертеді екен. Яғни Президент «Жаңа Қазақстанды» бір өзі құрып, қалыптастыруы тиіс екен. Ал біз, халық Мемлекет басшысы қашан жаңаша заман орнатып, жаңа қоғам құрады деп мына жақта қол қусырған күйі қамсыз отыра беруіміз керек екен. Біздің дамымай, өркендемей отырғанымызға кінәлі жалғыз адам – Президент екен. Жарайды, тәуелсіздігімізден бері отыз жылға тіліміз, өреміз жеткенше сын айтып келдік, әлі де айтылып жатыр. Дұрыс шығар. Жасыратыны жоқ, отыз жыл бойы жүргізген саясаттағы сөз бен іс өзара үйлесім таппады. Яғни құр даурықпа ұран мен бос сөз оң нәтиже бермеді. Соның салдарынан халық пен биліктің арасы алшақтап кетті. Ең қиыны, оның соңы «қаңтар қырғынына» алып келді. Ол да еліміздің тарихында бізге сабақ болатын бір қаралы оқиға ретінде таңбаланып қалды. Алайда, Президент билікті толық өз қолына алған соң «Жаңа Қазақстанның», «Әділетті Қазақстанның» құрылатынын айтты. Соған сәйкес біршама Заңдарға өзгеріс еніп, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар түзілді және олар жүзеге аса бастады. Айта кету керек, бұрынғымен салыстырғанда елімізде аз да болса оң өзгерістер байқала бастады. Шынайы дамуға бетбұрыс жасалып жатыр. Мемлекет басшысының отыз жылда жіберілген қателіктерді елдің алдында жариялы түрде ашық айтуы – билік пен халықтың арасын жақындатудың алғы шарттары деуге болады. Яғни алдағы уақытта сол қателіктерді қайталамаудың жолдары қарастырылады деп сенгеніміз жөн.
Мемлекет тек халықпен ғана мемлекет. Сондықтан биліктің өзгеруін талап еткен адам алдымен өзінің ойын өзгерткені жөн. Халқы ақымақ елдің басшысы арамза, халқы ақылды елдің басшысы көреген. Ой-санамыз өзгеруі үшін біз алдағы күнге сенуіміз керек. Келешегінен үміті жоқ адам өзіне сенбейді, өзіне сенбеген адам айналасына да, билікке де сенбейді. Әрине отыз жылда қордаланып қалған мәселелер бірер жылдың ішінде түбегейлі, толық шешілмейді. Оған бірнеше жыл уақыт керек және сол уақытты күтіп жүре бермей, әрбір адам заманмен бірге өзін дамытып отыруы тиіс. Егер еліміздегі әрбір тұрғынның адами ұстанымы, тұрақты мінезі, бүгінгі қоғамға өзіндік саяси көзқарасы, мәдени өресі, рухани болмысы, экономикалық, құқықтық сауаты болса жоғарыдағы күрмеулі мәселелер ретімен шешілер еді. Сондықтан үйде жатып алып әлеуметтік желіден немесе бас қосылған жерлерде «Жаңа Қазақстан қашан құрылады?», «Президент неге әділетті Қазақстанды құрмай жатыр?» деп саясатты сапыра бермей, өзімізді дамытып, балаларымызды жаңа заманға сәйкес тәрбиелеп, оқытып, өнер үйретіп, ғылым меңгертуге күш жұмсауымыз керек. Сонда ғана жаңа Қазақстанға аяқ басамыз, сонда ғана әділетті қоғам құрамыз.
Кешегі әжелеріміз жаңадан шыққан тұрмыстық техникалардың жұмысын көріп, таңырқағанда «Ой, айналайын үкімет-ай!» деп басын шайқайтын. Адамдардың тұрмысын жеңілдеткен үкіметке шын көңілмен алғысын осылай білдіретін. Одан бөлек, уақытша тұрмыстың тапшылығын көріп, қиналғанда «Е, әуелі Алла, одан соң үкімет аштан өлтірмес» деп өздерін жұбатып отыратын. Әрине ол қоғам мен бұл қоғамның аспан мен жердей айырмашылығы бар ғой. Дегенмен, сол кісілер алдымен Алласына, содан соң үкіметке сенді. Бейбіт заман тұрмақ, жаугершілік кезеңде де келешегіне деген сенім күші жауынгерді оқ пен от бораған қан майданның ортасынан еліне аман алып келді, ашаршылық нәубеттерде талай адамдарды аман алып қалған ертеңіне деген өлеусіреген үміті еді. Өмір мен өлімнің ортасында тұрып сол сығырайған үміттерін өшірген жоқ…
Қазір заман да басқа, қоғам да басқа. Біреудің боданында емес, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Жиырма бірінші ғасыр. Адамдардың барлығының көзі ашық, көкірегі ояу. Алайда, жүрегімізде үміт жоқ. Көбіміз ертеңімізге сенбейміз. Сөйте тұра бізге «жаңа Қазақстан» құрып бер» деп байбалам саламыз. Ал шын мәнінде жаңа қоғамды құратын Президент емес, халықтың өзі. Халық масылдық санадан арылып, өз-өзін жетілдіріп, өркениетті елдерге еліктеп, «болмаса да, ұқсап баққысы» келіп талпынса, ешкім қолын байлап, жолына тұрмайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Асқақ армандар аласарса…» деген мақала жаздым. Мақала барысында жас мамандардың аласарып кеткен армандары жайында айтып едім. Жоғары оқу орнын бітіріп келіп, қызметке орналасып жатқан жап-жас жігіттердің шен мен лауазымды аңсауы, зәулім үй мен жаңа маркалы көлік мінуді армандауы мені қорқытқан еді. Жиырмадан енді асқан азаматтардың барын салып, терін төгіп еліне қызмет ететін шағында өз мүддесін ғана ойлайтын тоғышарлығы таңғалдырды. Сол кезде мен оқыған-тоқығанын елінің дамуына, өркендеуіне жұмсап, тіпті қызыл империяның зорлықшыл саясатына бағынбай, көнбей, елінің еркін өмір сүруін армандап, қайтсем де Қазақстанды өз алдында дербес мемлекет етемін деп арпалысқан және сол жолда құрбан болған кешегі аяулы Алаш арыстарын есіме түсірдім. Олар да жиырма мен отыз жас аралығындағы жалынды жастар еді-ау…
Алайда, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Қазірде елім дейтін бір шоғыр жастар өсіп келе жатыр. Өз ойлары бар, идеялары бар. Бастысы, ойындағысын ашық әрі батыл жеткізе алады. Биліктегілер жасасын демейді, біз жасаймыз дейді. Президент істесін демейді, біз істейміз дейді. Қазақстанның жаңарғанын, қоғамның өзгергенін күтіп, әзірге мәзір болайық деп отырған жоқ, елімізді бірлесіп дамытамыз дейді және көп жерде сол сөздерін іспен дәлелдеп те келе жатыр. Сөздері де, істері де сүйсіндіреді.
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін». Иә, Мағжан сенген жастар бұлар. Сөздерінде жалын, көздерінде от бар. Тек алдағы уақытта осындай жастардың қатары көбейсе дейсің.
Қуат АДИС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!