Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:23

Ел игілігіне жаңа базар

07.08.2023

447

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің өңірде, елімізде кәсіпкерлік саласының дамуына үлкен серпін беріп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы, жеке кәсіпкерлер есебінен барлық қаржы арқасында жаңа жобалар іске асып, көптеген тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуы керек» деген болатын. Сонымен қатар, сұранысқа ие тауарлардың бар-жоғын нақты есепке алып, жолға қоюды, қатаң бақылап, алыпсатарлыққа жол бермеу керектігін де атап көрсетті.

Осы тапсырмалардың орындалуы бағытында бүгінде көптеген іс-ша­ралар атқарылып, ауданымыз күннен-күнге көркейіп, Жалағаштың жаңа келбеті қалыптасып келеді. Сондай игі шаралардың айшықты айғағының бірі, аудан орталығынан бой көтерген жаңа «Далида» сауда үйі. Ол кеше аудан халқына есігін айқара ашып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жа­лағаш жұртшылығына қызмет ететін ны­санның ашылу салтанатына аудан әкімі Асқарбек Есжанов пен бірқатар ел ағалары қатысты.
Өңірде кәсіпкерлік саласының өр­кен­деп келе жатқандығына тоқ­талған ау­дан басшысы Асқарбек Темірбекұлы аудан бойынша тіркелген кә­сіп­керлік субъектілерінің саны осы жыл­дың басымен са­лыс­тырғанда 218 бір­­лікке немесе 8 пайызға артып, ау­дан тұрғындарының кә­сіпкерлікпен ай­­на­лысу деңгейі жо­ға­рылағанын жеткізді.
Жыл басынан бері аудан бойынша 2 млрд 202,4 млн теңгені құрайтын 97 жоба қаржыландырылып, 127 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, алаңы 360 шаршы метрді құрайтын «Далида» сауда орталығының иесі жеке кәсіпкер Бақыткүл Ахметова. Жоба құны 100 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 57 млн теңге «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Банк Центр кредит» АҚ ар­қылы жеңілдетілген пайыз­бен қаржы­ландырылған.
Заманауи үлгіде салынған сауда үйі жылдың 4 мезгіліне де қолайлы. Мұнда халыққа қолжетімді бағада тауарларын ұсынатын 16 шағын дүкен бар. Жергілікті тұрғындар үшін киім-кешек пен басқа да тұрмысқа қажетті тауарлар сатылатын болады. Сән-салтанаты келіскен ғимараттың лентасын кескен аудан әкімі сауда ор­талығының ашылуына келген бір топ ел ағаларымен бірге ғимарат ішін ара­лап, кәсіпкерлерге толағай табыс тіледі.
Жеке кәсіпкерлердің жаңа бас­тамасына аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Садық Әлиев бата беріп, берекелі болуын тіледі.
– Өңірімізде тындырымды тірлік көп. Күннен күнге жаңа нысандар ашы­лып, заманауи ғимараттар бой кө­теруде. Мұның барлығы ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар деп бі­лемін. Әрине, жалағаштықтардың жағ­дайы жақсарып, еңбек етсе, біз аға буын қуанамыз. Шүкір, қазір Жала­ға­шымыз көркейіп, абаттануда. Осы тір­ліктердің басы-қасында жүрген аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлына күш-қуат берсін. Міне, Ораз­бек інімнің тын­бай еңбек етеуінің арқасында кенттің қақ ортасынан жаңа базар ашуына бар­шамыз куә болып отырмыз. Кәсіптеріңізге береке, бірлік тілеймін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев.
Сауда нысаны алдағы уақытта ау­дан экономикасының әлеуетін артты­рып, халыққа жоғары сапада қызмет көрсетіп, баға тұрақтылығын сақтауға септігін тигізетін аудандағы ірі сауда нысандарының бірі болмақ.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: