Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 наурыз, 15:07

АҚҚҰМДА АУҚЫМДЫ ІСТЕР БАР

23.11.2022

281

0

Өткен аптада елді мекен тұрғындарымен кездесіп, атқарылған, алда атқарылатын жұмыстарды кеңінен тарқатқан аудан әкімі Асқарбек Есжанов Аққұм ауылына аялдаған еді. Ауылдық клубта бас қосқан аққұмдық ағайын ауданның биылғы жылдық әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2023 жылғы міндеттерінен хабардар болды.

Қазірде Аққұм ауылы гүлденген, көркейген. Төрт жүзге жуық түтіні бар ауылда бойынша 2 заңды тұлға, 14 шаруа қожалығы бар. Сонымен бірге 5 бюджеттік мекеме және пошта байланыс бөлімшесі, учаскелік полиция пункті халыққа қызмет көрсетеді. Ауыл халқының негізгі тіршілігі – ауыл шаруашылығы. Егін егу, мал өсіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысып отырған Аққұм ауылына 21 шақырым радиус шеңберінде 2 ауылдық округте төрт мыңға жуық халық тұрады. Бұл ауылдардың тұрмыс-тіршілігі Аққұм ауылымен тығыз байланысты. Себебі, сөзіміздің басында айтқанымыздай, бұл жерден халықаралық Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізі өтеді. Бұл да ауыл экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Ал аудан әкімі аққұмдықтармен кездесу барысында ауданда атқарылған іс ауқымды, кезекте тұрған мәселе де жоқ емес екенін тілге тиек етті.  Зерттеу-зерделеу  барысында ауданда ең өзекті мәселелер қатарында бірқатар ауылдарда ауыз су жүйесін кеңейту, жол құрылысы, көпірлерді жөндеу, Жалағаш кентіне жақын ауылдарды газдандыру, жарықтандыру мәселесі тұр. Осыған орай аудан басшысы алдымен ауыз судың шешілу түйінін тарқатты.

– Ауыз су желілері бойынша ауданда 4 жоба жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, Аққұм елді мекенінде су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы, Жалағаш кентінде Ақтерек-170 га учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы, Жалағаш кентінде Ақтерек-170 га учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Мәдениет елді мекенінде су тарату жүйесінен аулаішілік су тарату желісін кеңейту, тұтынушыларға су тарату желісінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген, – деген өңір басшысы  жол құрылысы бойынша да 9 жоба, көпірлерді жөндеу, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, газдандыру, жарықтандыру бойынша 4 жоба, абаттандыру бағытында да бірқатар жобаларды атады. 

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов алдымен ішкі көшелерге, яғни алдағы бірнеше жылда Аққұмдағы бірнеше көшенің сапасына мән берілетінін айтты. Тіпті ол ауданның даму жоспарында да қамтылған. Демек бұл мәселе шешімін тауып, халықтың талап-тілегі орындалатын күннің де ауылы алыс емес секілді. Ал ауылдағы жарықтандыру жұмысы қолға алынса, елді мекенге көгілдір отын кіргізу жобасының қолға алынатыны аққұмдықтарды қуантты. Биылдың өзінде кент іргесіндегі Ақсу ауылы мен дарияның бергі бетінде орналасқан М.Шәменов ауылына газ кіргізу жобалары дайындалса, дәл осы қос елді мекен арқылы алдағы уақытта Бұқарбай батыр, Аққұм, Қаракеткен, Таң ауыл­дарына көгілдір отын жеткізу жоспарда бар.

Жалпы ауданның 3 жылдық даму жоспарында әр­бір елді мекенде халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешу көзделгенін байқаймыз. Мәселен, бір ғана Аққұм ауылында тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселенің шешімі әлгі жобада толық қамтылыпты.

Біз аялдаған Аққұм елді мекенінде жеке кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шараларды жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, көліктік қолжетімділік аумағын кеңейту, мемлекеттік және коммерциялық қызмет көрсету орталықтарын құру және дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамту сияқты түзілген бағдарламалар бар және олар өз кезеңімен жүзеге асуда. Кәсіппен айналысамын деген елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қолдау тиісті орындардың өкілдері тарапынан толыққанды түсіндіріліп, қолдау шаралары да жүргізіліп келеді. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде Аққұм ауылында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бастаубизнес жобасы бойынша 7 ауыл тұрғыны курс оқып, 5 ауыл тұрғыны жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 583 400 теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашқан.

Осы тұста айта кетейік, ауылдағы «Бақдаулет» шаруа қожалығы еңбеккерлерінің атқарып жатқан жұмыстары, оның ішінде Сыр маржанын егіп орналастыруда, одан күзде молынан өнім жинауда табандылық танытып жүргені аққұмдық ағайынның шаруасы ширақ екенінің дәлелі. Шаруашылық қаншама ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, шаруашылық тіпті ауылды дамыту жолында да көптеген игі істердің бастамашысы болып келеді. Мәселен ауылдағы «Береке» мейрамханасы біраздан бері жұмысын тоқтатып тұрған болатын. Енді осы шаруашылық қолдау білдіріп, ауыл жастарына арналған күрес, ауыр атлетикадан жаттығуға арналған зал ашты. Барлық жабдықтармен қамтамасыз етті. Онымен қоса ауыл орталығынан халыққа қызмет көрсететін наубайхана, монша нысандары пайдалануға берілді.

Былтыр осы «Бақдәулет» шаруа қожалығы дала дарабоздарының табандылығы мен елеулі еңбектерінің арқасында жылды абыроймен қорытындылаған еді. Еңбеккерлер тойы бүкіл ауылдың қуанышы айналып, диқан қауымының ала жаздайғы еңбегі нәтижесін берді, берекелі де мерекелі табысқа қол жеткізді. Биылғы жылы да шаруашылықтың шаруасы ширап, егілген өнімді ысырапсыз жинауда еш қиындыққа кезіккен жоқ. Керісінше алажаздайғы еңбектері ақталып, қыс қамын қамдап та алды. Ауылдағы ағайынды жұмыссыз қалдырмай, қолдан келгенше игі істің басы-қасында жүрген шаруашылық төрағасының жомарттығына аққұмдықтар да дән риза екенін байқадық. Өйткені бірлікпен жасалған істің берекесі де болады, нәтижесі де оңалатыны даусыз. Біршама егіс алқабы бар “Бақдәулет – 57” шаруа қожалығы бұған дейін ауылдан жалпы құны 150 миллион теңгеден асатын үлкен спорт кешенін жекеменшік әріптестік арқылы салды. Бұл нысан да бүгінде салауатты өмір салтын ұстанған жергілікті халыққа қызмет көрсетіп тұр. Бірнеше үйірме жұмыс жасайтын спорт кешені барлық қажетті құрал-жабдықпен жасақталған. Жұмысын бастағанына көп уақыт болмаса да, мұндағы үйірмелерге қатысушылар облыстық және аудандық дүбірлі додаларда топ жарып жүр. Міне, мұны да ауылдан шыққан азаматтардың өз туған жерін түрлендіріп, түлетуге қосқан үлесі деуге болады. Ынтымағы, ырысы, ақ күріші бар еліміздің құт қазаны, қамбасы ортаймасын. Жыл сайын ризық-несібеміз молынан бұйырып, ерен еңбектің үлгісін көрсетер ел азаматтары аман болсын деген ауыл халқының ақ тілегі дала дарабоздарына деген алғысы шексіз болды.

Бұдан бөлек ауылдағыАлдаберген Бисенов атындағы №38 орта мектеп те дарынды балаларды қалыптастыруда және білім саласының дамуына үлес қосуда жүйелі жұмыс жасап келеді. Айта кетуіміз керек, батыр атындағы білім ошағынан 2021 жылы 1 “Алтын белгі” иесі түлеп ұшты. Бұл әрине, мектептегі мұғалімдердің білім сапасының нәтижесі. Бұл мектепте шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, өнерге баулып келе жатқан шығармашыл ұстаздар да бар. Мектеп директоры Гүлзира Құлмаханова да шәкірттерінің білімге деген ынтасын жоғары бағалап отыр. «Дәстүр мен ғұмыр» жобасы аясында ауыл мектебінен «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Халықаралық «Алтын асық» сыйлығының, Президент стипендиясының иегері, ақын Асылзат Арыстанбектің демеушілігімен домбыра сыныбы ашылды. Аталған домбыра сыныбында ұстаздар талапты, талантты оқушыларды ұлттық дәстүрлі өнерге баулып жатыр.

Бір айта кетерлігі,  ауданға қарасты Аққұм ауылында «Сырлы сөз» атты балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған үйірмесі де жұмыс істейді. Аудан  Оқушылардың  сыныптан тыс уақытта шығармашылық ізденістерін, өзіндік қабілеттерін және қоғамдық қарым-қатынасын қалыптастырып, өзіндік талдау, жинақтау,  жұмыста шапшаңдық таныту, өз ойын әдеби тілмен өрнектей білуге машықтандыруды мақсат еткен үйірменің жетекшісі Доспан Даража Таңатарқызы.  «Жалпы бұл үйірменің берері көп. Мәселен, оқушылардың оқу-тәрбие үрдісінде алған білімдерін әрі қарай дамытуға мүмкіндік жасап, қабілеттерін шыңдау, көркем әдебиет жанрына байланысты өлең, шығарма жазуға дағдыларын қалыптастыру, сонымен қатар балалардың қоғамдық белсенділігін дамыту мен белгілі бір еңбек түріне баулу, оны дамытуға ықпал ету. Қазіргі таңда үйірмеде көптеген оқушы білім алуда. Үйірме қатысушыларының арасында үздік шығып, түрлі байқауларда лайықты баға алып жүргендері де бар. Мұндай зерек балалардың қатарындағы Нұрлы Қосым, Айару Сабыр, Нұрай Бақберген, Дамира Ержігіт, Аружан Абдулла, Аяулым Алпысбай, Нұртөре Қосымды айтуға болады» дейді үйірме жетекшісі өз сөзінде.

Бұл үйірме оқушылардың әдеби мұраларға деген талғамын тәрбиелейді, рухани дүниесін кеңейтеді, ақыл-ойы мен ұлттық сана сезімін дамытуға ықпал жасап, ауызекі және жазба тілде байланыстырып сөйлеуін дамытады. Үйірмеге тілге шешен, шығармашылыққа жақын, өлең жазуға икемі бар оқушылар тартылған. Мұнда үйірмеге келушілер  халық ауыз әдебиеті үлгілерін, оның ішінде  аңыз-әңгімелер, өлең-жыр, шешендік сөздер, мысал,  жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдерді меңгереді. Сонымен бірге балалар үйірме сағатында ұлтымыздың асыл мұраларын дәріптейтіндей,  жеке тұлғаны дамытып, оқуға деген қызығушылықтарын оятып, адамгершілікке,  ізгілікке тәрбиелеп, еркін дамуына бағыт-бағдар ала алады.

Айта кетейік, үйірме жұмысын бастағалы  Нұр-Сұлтан қаласында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері арасында фестиваль өткен болатын. Рес­публикалық деңгейдегі шараға 259 мәдени ошақ қатысқан. Оның ішінде 97 ауылдық клуб бақ сынаған еді. «Рухани қазына – 2020» атты фестивальда Аққұм  ауылдық клубы жеңімпаз атанып, мәдениет үйі ұжымының бірнеше жылдық еңбегі бағаланды.  Аққұм ауылдық клубының басшысы Гүлжайна Айтжанова мұның бәрін әріптестерінің еселі еңбегімен байланыстырып, халыққа үздік мәдени қызмет көрсетіп жүрген жандарға алғысын білдірген еді.

«Барлығы бірлікпен бітетін жұмыс. Қай жерде де ұжыммен бірге болу, бір мақсатта жұмыс істеудің маңызы зор. Біздің бұл жетістігіміз, түгел ұжымның жетістігі, ауданымыздың мерейі. Саланың дамуына аз да болса үлесімізді қоссақ, бізге осының өзі үлкен серпін береді» деген клуб басшысы ақ жаулықты әжелердің де белсенділігін айта кеткен болатын. Қазақы тәрбиемен ұштасқан қазынакеуде қариялар мен жастардың арасындағы ізгі әңгіменің өзі тәрбиелік негізге құралады. Айта кетейік, Жалағаштағы ауылдық клубтар ішінде жалғыз би үйірмесі Аққұмда ғана бар. Бір кездері арнайы ауыл клубтарының деңгейін көтеру мақсатында облыста бес ауылдық клуб би залымен жабдықталса, соның бірі осы Аққұм ауылы болатын.

Тіректі елді мекендегі ауылдық клуб тек аймаққа ғана емес, республикаға үлгі деп толық айта аламыз. Себебі мұндағы үйірмелер жұмысынан алар тағылым мол. Ал «Сырлы сөз» үйірмесі шығармашылықты шыңдап, рухани әлемді байытатыны анық. Әсіресе табиғатынан шығармашылыққа жаны құмар, таланты тал бесіктен байқалған жас өрендер үшін таптырмас мүмкіндік алаңы деуге болады. Үйірме қатысушылар осында бос уақыттарын тиімді өткізумен қатар, өз бойларындағы ерекше таланттарына қанат бітіріп, тұлғалық дамуға және мәдени мұраларымыздың қайнар көзімен сусындайды.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда баланың бос уақытын тиімді пайдалану мәселеге айналды деуге болады. Өйткені үлкен де, кіші де заманауи технологиялар мен смартфон, телефондарға алаңсыз байланған заман болып тұр. Заманның талабы да шығар, бірақ балалар балалық кезеңін виртуалды әлеммен өткізуі алаңдатарлық жағдай. Күні-түні телефонға шұқшиған баланың ақыл-ойы да, жеке тұлғалық кеңістігі де дұрыс қалыптаспайды. Ойлау қабілеті нашарлап, логикасында шектеу пайда бола бастайды. Мұны әлемдік ғалымдар да зерттеулерінде айтып жүр.

Бірақ бұл бүгінгі ұрпақтың ертеңі үшін алаңдап, болашағын ойлаудан шет қалдық деген сөз емес. Мектеп қабырғасында білім алған әрбір оқушы күннің қалған бөлігін, яғни бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндіктер бар. Аудан орталығы былай тұрсын, ауылдық жерлерде де коворкинг орталықтары ашылды. Ол орталықтарда жасөспірімдер кітап оқып, рухани азық жинап, басқа да тұлғалық дамуға жетелейтін игі істермен айналыса алады. Бұдан бөлек мектеп жанынан ашылған түрлі үйірмелер де жеке кеңістіктің бір щеңберде емес, жан-жақты дамуына да ықпалын тигізеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда да аталған үйірменің берері көп екенін түсінуге болады.

Жалпы Аққұмның ішін бір аралап шықсаңыз ауылда көркейту көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары да жыл сайын өз деңгейінде жүргізіліп келе жатқанын көруге болады. Тазалыққа басымдық берген елді мекенде кіреберіс аркалар мен Б.Ақдәулетов көшесіндегі темір қоршаулар сырланып, көшелердегі күл-қоқыстар уақытылы тазаланып тұр. Мақаламыздың басында Аққұм ауылының негізгі тіршілігі – егін шаруашылығы екенін айтып өттік. Бұрын “Бақдәулет” шаруа қожалығында күріш ақтайтын цех болмаған еді. Күріш өнімін ақтамай нарыққа шығаруына да басты себеп осы болатын. Ал қазірде егіс басынан дән тиеген көліктер алдымен қырманға барып түсіріп, одан соң ол ауылдағы күріш ақтайтын зауытқа барады. Кәсіпорын осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған, іске қосылған. 10 адам жұмыс жасайтын нысанда сағатына 3 тонна, тәулігіне 12-13 тонна күріш өңделеді. Шаруашылық 2 000 гектар күріш алқабынан алынған өнімді өздері ақтап отыр. Тіпті Аққұм ауылында ақталған күрішке көбіне тапсырыс Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші мемлекеттерден түседі екен. Мұнан бөлек, олар отандық өніммен еліміздің бірнеше аймағын да қамтамасыз етіп отыр.

Мұнымен қоса шаруашылық мал шаруашылығы бағытында бірқатар жобаны қолға алған. Кейін мал басын асылдандыруға ден қойған бұл шаруашылықтың да бүгінде шаруасы ширапты. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаның көмегімен Ақтөбе облысынан 62 бас асыл тұқымды ақбас бұқа сатып әкелген. Әрі қарай ірі қара малын асылдандыру бағытында жұмыс жасап, ет бағытында өндірілген өнім көлемінен арттырып келеді.

Қарап отырсақ, Аққұмда атқарылып жатқан ауқымды істер көп-ақ. Біз бір ғана шаруашылықтың шаруасын тарқаттық, ал ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып жүрген шаруашылықтар баршылық. Әсіресе ауылдың ажарының күннен күнге артып, әлеуметтің әлеуетінің жақсарып келе жатқаны көңіл қуантады. Енді аудан әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан жұмыстар кезең кезеңімен жүзеге асса, онда ауылдағы мәселелердің барлығы біртіндеп оң шешімін табады. Өзгелерге үлгі болатын Аққұм ауылының тұрғындары бүгінде өз ырысын еңбекпен тасытып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: