Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:07

КЕЛЕЛІ КЕҢЕСТЕ БІРҚАТАР МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

02.12.2022

266

0

«Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде аудан бойынша биыл 4 649 ағаш-бұта екпелерін отырғызу межеленген болатын. Жоспар ауданға қарасты барлық елді мекендерде толық орындалған. «Аmanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының «Өңірді дамыту» және «Жастарды қолдау» жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Болатбек Сығайбаев осылай деді.

Аудандық мәслихат депутаты Жанболат Тәттібаевтың модераторлық жасаған кеңесте 3 мәселе қаралды. Алдымен «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты  «Аmanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жалағаш ауданы бойынша жол картасының 25, 26, 27, 28 тармақтарының орындалуы пысықталып, аудан жастарын жұмыспен қамту, оқыту және кәсіпкерлік бағдарламалардың орындалуы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.

Б.Сығайбаевтың сөзіне сүйенсек, «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты  «Аmanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жалағаш ауданы бойынша жол картасының 25, 26, 27, 28 тармақтарының орындалуы көңіл көншітеді. Мәселен, жол картасының 25 тармағында ағаш-бұта екпелерін  отырғызу көзделген. Биыл аудан бойынша 4649 дана қалемшелер мен көшеттер отырғызу межеленсе, жоспар толық орындалған. Аталған бөлімнің бас маманы жоспар бойынша межеленген 4649 дана ағаш биыл көркейту-көгалдандыру жұмыстары барысында отырғызылғанын айтады. Мәселен, Жалағаш кентінде 1 459, Қаракеткен ауылында185, Ақсу ауылында 255, Бұқарбай батыр ауылында 255, Жаңаталап ауылында 150, Т.Жүргенов ауылында 255, Аққыр ауылында 255 дана қалемше мен көшет отырғызылған. Ал бұл көрсеткіш Мәдениет ауылында 255, Мырзабай ахун ауылында 255, Аққұм ауылында 255, Таң ауылында 255 және Есет батыр ауылында 255 дананы құрап отыр. Мұнан бөлек Жаңадария ауылында 120, Мөрәлі Шаменов ауылында 185 және Еңбек ауылында 255 дана қалемше-көшеттер отырғызылған.

Аталған жол картасының 26 тармағының да ауданда орындалуы көңіл көншітеді. Мәселен, онда ағаш-бұта екпелерінің шығымы 65 пайыздан төмен  болмауы керектігі көрсетілсе, ауданда олардың шығымы 71 пайызды  құрап отыр.

Жол картасында жасыл аймақтар құруды жүзеге асыру көзделген. Жоспар бойынша алдын ала әзірленген жобалау-сметалық құжаттар бойынша 4,4 гектар жерге жасыл аймақтар орналастыру үшін 11 000 дана ағаш отырғызылу керек. Межеден шығу мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген 5,7 млн теңге қаражат есебінен Қызылорда қаласынан Жалағаш кентіне кіреберіс облыстық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы 12 гектар жерге жасыл аймақ құруға жобалау-сметалық құжаттар әзірленіпті. Тіпті ол сараптамадан да өтіп қойған. Жобалаушы мекеме – «Сартөбе» ЖШС.

Жоба құны 548,5 млн теңгені құрайды екен. Жобаны  бюджеттен қаржыландыруға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 17.02.2022 жылы бюджеттік өтінім тапсырылған. Алайда бүгінге дейін жоба қаржыландырылмаған. Десе де жасыл аймақ құру үшін ауылдық елді мекендерде шаруа қожалықтардың күшімен 11 000 дана ағаш 4,4 гектар жерге отырғызылған. Оның ішінде Таң елді мекенінде – 9 500 дана, Мырзабай ахун елді мекенінде – 500 дана, Бұқарбай батыр елді мекенінде – 1000 дана. Осылайша Болатбек Сығайбаев 2022 жылдың жоспары толық орындалғанын айтады.

Жасыл аймақтың шығымы да 65 пайыздан  төмен болмауы керек. Аудан бойынша онда отырғызылған ағаштардың шығымы 69 пайызды құрапты.

Басқосуда кеңес мүшелері тарапынан баяндамашыға ешқандай сауал қойылмады. Мақсат айқын, жұмыс жүйелі. Бұл сөзімізге жоғарыда айтылған сандар толық дәлел болары анық.

Бас маман кеңесте биыл 29 сәуірдегі «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының «Өңірді дамыту» мәселелері жөніндегі аумақтық  қоғамдық кеңес отырысының №1 хаттамасындағы тапсырмалардың орындалуын да тілге тиек етті. Тарқатып айтсақ, Жалағаш кенті бойынша  көктемгі санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығы барысында  арықтарды тазарту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ биыл жаз мезгілінде аяқ су тапшылығы орын алған болатын. Кентте орта есеппен аяқ су 10 күн сайын берілген. Қазіргі таңда Жалтынов Далдабай   ауылында  аяқ су мәселесі  шешімін таппай отыр. Бұған соңғы  жылдары  Сырдария өзеніндегі су деңгейінің едәуір төмендеуі басты себеп болғанын жақсы білеміз. Бірақ кешегі елді мекендер халқымен кездесуде аудан әкімі Асқарбек Есжанов бұл мәселеге нүкте қойды. Яғни алдағы жылы Жаңаталап пен Мақпалкөл ауылдық округтерінде арнайы су ұңғымалары қазылады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен алдағы уақытта басқа да елді мекендерде жалғасын тауып, аяқ су мәселесін шешуге сеп болады деп жоспарлап отырмыз.

Болатбек Сығайбаев биыл Мәдениет елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз етуде  қиыншылықтар  орын алғанын жасырмады. «Қорқытбай» каналына берілген су, бірінші кезекте күріш егуге жұмсалған. Ал «Қорқытбай» каналының оң жағалауын  аяқ сумен  қамтамасыз ету үшін  Мәдениет елді мекенін насос қондырғысымен жабдықтау мәселесі қарастырылып жатыр екен.

Бөлімнің бас маманы биыл 7 қыркүйектегі  «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының  «Өңірді дамыту» мәселелері  жөніндегі  аумақтық  қоғамдық  кеңес отырысының №2  хаттамасында көрсетілген тапсырмалардың орындалуын да ортаға салды. Мәселен, Бүгінге дейін Жалағаш кентіндегі 18 тұрғын үйге орталықтандырылған газ желісі тартылмай тұр екен. Қазіргі таңда газ желісін тартуға жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге қажетті қаржы көлемі нақтыланып жатыр. Келер жылға қажетті қаржы аудандық бюджеттен сұралады. Ал биыл 2 468  тұрғын үй орталықтандырылған газ желісіне қосылып, жергілікті тұрғындар табиғи газ отынын пайдалануда. Бұл кенттегі тұрғын үйлердің 78 пайызын құрайды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында  Жалағаш аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Жалағаш газ шаруашылығы мекемесі, Жалағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Жалағаш аудандық ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, волонтерлер тарапынан әлеуметтік желілерде, сонымен қатар нысандарды, тұрғын үйлерді аралап, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізген. Газбен жабдықтау жүйелерін, газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығының объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылау жүргізу мақсатында, бөлімнің жауапты маманы Қызылорда облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінен тағылымдамадан және  арнайы даярлық қурстарынан  да өткен.

 Табиғи газды пайдалану барысында орын алатын  ақауларды дер кезінде жою және  алдын алу мақсатында орталықтандырылған 109 диспетчерлік  қызметі  жұмыс жасауда. Бұл жөнінде аудан тұрғындарына әлеуметтік желілер мен жергілікті газет арқылы хабарланған. 109  диспетчерлік  қызметіне  тұрғындардан қоңырау  келіп  түскен сәттен  бастап, аудандық газ шаруашылығы мекемесі қызметкерлері шақырылған мекен-жай бойынша  барып,  ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, кент тұрғындарына өз қызметтерін көрсетуде.

Кеңесте келесі мәселеге кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобамен жастарды жұмыспен қамту бойынша атқарылған шаралар барысы арқау болды. Бұл жөнінде хабарлама жасаған Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Ерлан Жақсыбаев кәсіпкерлік саласында жастардың үлесі артып жатқанын жеткізіп, жұмыссыздықты тұсуға қатысты атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.           Биыл 30 қарашаға дейін жастар арасында жұмыссыздықты төмендету мақсатында бірқатар жұмыс атқарылған. Мәселен, жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 1 515 жас жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 905-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Бұл жұмыс іздеуші жастардың 60 пайызын құрайды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 7, жастар практикасымен 201, қоғамдық жұмысқа 220, ұрпақтар келісімімен 4, алғашқы жұмыс орнымен 16 жас екі қолға бір күрек тапса, 162 жас мемлекеттік грантқа қол жеткізіпті. Ал қысқа мерзімді оқумен 5 адам қамтылса, мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмысқа 290 жас орналасқан.

Ерлан Жақсыбаев NEET санатындағы жұмыссыз жастардың санын азайту мақсатында жастар практикасына биылдан бастап қатысушылардың жалақысы 76 575 теңгеден 91 890 теңгеге дейін, қатысу мерзімі 6-дан 12 айға дейін ұлғайғанын айтады. Бұл шараға 29 жасқа толмаған, соңғы 3 жылда жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектер қатыса алады екен. 30 қарашаға дейін 201 адам жолданып, жоспар 103 пайызға орындалыпты.

Айта кетейік, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 29 жасқа толмаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастарға алған кәсібіне, мамандығына сәйкес жұмыс орындарын құруды көздейді, жалақы көлемі 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін, ал қатысу мерзімі 12-ден 18 айға дейін ұлғайған. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды кемінде он екі ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастыруға міндетті. 30 қарашаға дейін ауданда аталған жобамен 16 адам жолданып, жоспар 133,3 пайызға орындалыпты.

«Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жасқа толмаған білім беру ұйымдары түлектері қатыса алады. Аталған жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 ай қалған тәлімгер тағайындалады. Жалақы көлемі 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін артқан, қатысу мерзімі 6 айға дейін. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды Еңбек кодексінің 38 бабына сәйкес, тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті.

Жоғарыда аталған субсидияланатын жұмыс орындар уақытша сипатта болады және бұл орындарға орналасқан адамның еңбек қызметінің кезеңі оның еңбек өтіліне есептеледі. Орталық директорының орынбасары биыл аталған жобамен 30 қарашаға дейін ауданда 5 адам жолданып, жоспар 100 пайызға орындалғанын айтады.

Мемлекеттік грантқа келсек, жоспар 300 адамды қайтарымсыз қаражатпен қолдау көзделген. Оның 40 пайызы, яғни 120-сы 29 жасқа дейінгі жастар болуы керек. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуын аяқтаған 162 жас комиссияның оң шешімін алып, жоспар 135 пайызға орындалыпты. Осылайша олар жалпы құны 198,5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болған.

Қоғамдық кеңесте қайтарымсыз қаражатқа ие болғандардың басым бөлігі мал шаруашылығы саласында кәсіп бастауды өз жобаларына арқау еткені айтылып, іс бастауға ден қойған жастарға кәсіптің басқа түрлерімен айналысуы үшін кеңес берілсе деген ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныс орынды, әрине. Расында қатысушылардың басым бөлігі мал шаруашылығында кәсіп ашуды көздейді. Алайда мамандар тарапынан кеңес те беріліп жатыр. Бірақ олар ендігі жерде «Сен мал шаруашылығымен айналыспайсың, кәсіптің басқа түрін қолға аласың» деп оларға міндеттей алмайды. Осы жағын да ескерген жөн секілді.

Кеңесте аудандық мәслихат депутаты Ахан Кенжебаев осыған дейін жұмыссыз жастардың үлесін 4,4 пайыздан 4,2 пайызға түсіру тапсырылғанын жеткізіп, бүгінде пайыздық көрсеткіште ешқандай өзгеріс жоғын жасырмады. Ал орталық директорының орынбасары алдағы уақытта да жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін тұсауға орталық тарапынан жұмыстар жасалатынын жеткізді.

Соңғы жылдары базар бағамының сан құбылғанын бәріміз жақсы білеміз. Басқа да тауарларды былай қойғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шарықтауы бағаны реттеуге жауапты азаматтардың басын қатырды. Кешегі қоғамдық кеңесте де соңғы мәселеге осы базар бағамы арқау болды. Жиынды соңғы мәселемен қорытындылаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұржан Есенәлиев азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты атқарылған жұмыстарды саралады.

Бөлім қызметкерінің сөзінше, ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік өнімдеріне тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіледі екен. Облыс әкімінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, аудандағы барлық сауда орындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бұл жұмыстарға қарамастан жыл басынан бері 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің 14-і қымбаттаған. Атап айтсақ, күріш 22,5 теңгеге, ұн 44 теңгеге, рожки 152,5 теңгеге, сиыр еті 100 теңгеге, тауық еті 430 теңгеге, сүт 228 теңгеге, айран 170 теңгеге, ірімшік 800 теңгеге, жұмыртқа 147,5 теңгеге, сары май 122,5 теңгеге, күнбағыс майы 32,5 теңгеге, пияз 52,5 теңгеге, қант 165 теңгеге, тұз 10 теңгеге қымбаттаған. Алайда жыл басынан бері арзандаған азық-түлік өнімдері де жоқ емес. Олардың қатарында қарақұмық жармасы, нан, қырыққабат, сәбіз бен картоп бар.

Жалағаш ауданы бойынша ірі және шағын сауда орындарында ауданда өндірілетін және сырттан келетін 683,1 тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Оның ішінде ұн 118 тонна, күріш 120 тонна, қант 68 тонна, макарон117 тонна, күнбағыс майы 50 тонна, тұз 45 тонна, пияз 34 тонна, картоп 53 тонна, сәбіз 23 тоннаны құрайды, – Н.Есенәлиев.

Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауын азық-түлік өнімдері негізінен Қостанай, Петропавл, Түркістан облыстарынан, Шымкент қаласынан тасымалдануымен байланыстырады. Тасымалдау шығындарына байланысты ауданда азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп жатыр екен.

Қазіргі таңда «Ақниет» көтерме сауда орны нан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр ӘКК» АҚ-мен 68 тонна ұн алып, аудандағы нан өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлерге үлестіруде. «Азық-түлік келісім-шарт» корпорациясы аудандағы азық-түлік тауарларын сататын ірі және шағын дүкен иелеріне келісім-шартқа сәйкес, төмен бағада қант сату бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Осыған орайда қант өнімін алуға «Ақниет» және «Бағдат» дүкендері қызығушылық танытып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынылып, «Ақниет» сауда дүкені 64 тонна қант өнімін алып, келісін 490 теңгеден аудан тұрғындарына сатып отыр. Ал «Ақниет-2» көтерме сауда дүкені әлеуметтік бұрыш ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен меморандумға отырған. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрыш ашылды, ондағы өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада аудан тұрғындарына ұсынылып жатыр.

– Азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Кент тұрғындары азық-түлік бағаларын негізсіз көтермелеп отырған үй жанынан ашылған 3 дүкенге шағым түсірді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларына жүргізілген мониторинг бойынша қымбаттаған азық-түлік тауарлары анықталып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне 5 мәрте мемлекеттік қадағалау шараларын қолдануға хат жолданды. Осы орайда аталған бөлім зерттеу жұмыстарын жүргізуде, заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында биыл Қызылорда қаласында қала әкімінің бекіткен кестесі бойынша 2 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өнімдер қала тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынылды.  Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі кент орталығында 2 мәрте ұйымдастырылды. Айта кету қажет, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қарсаңында өнімдердің бағасы базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылды. 3 желтоқсанда Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тағы да ұйымдастырылады. Алдағы уақытта азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыстар жалғасын табады, – деді бөлім қызметкері.

Бұған қатысты да біржақты пікір айту қиын. Халық тұтынатын өнімдер бағасы арзан болса дейді, ал кәсіпкерлер шығынды есептей отырып, арзан бағаға қайшы пікір айтады. Бірақ жергілікті шаруашылықтар Әліби Бекжанов секілді тәуекелге барса, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай тығырықтан шығар амал табылатын сияқты. Халық қалаулысы, шаруашылық төрағасы 30 гектарға жуық бақша дақылдарын егіп, ауданда бірқатар өнімнің бағасын тұрақтандырғанын жақсы білеміз. Ал дәл осындай қадамға тағы да бірнеше шаруашылық барса, «Бағаның қымбаттауына не себеп?» деген сауалдық түйіні тарқатылатын еді, бір жағынан мәселенің де шешімі болады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: