Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 12:06

Озат оқушылар шәкіртақы алады

18.04.2023

900

0

zhalagash-zharshysy.kz Біз білім саласына бұған дейін де қалам тербедік, мемлекет келешегі бәсекеге қабілетті жастардың болашағына тікелей байланысты болғандықтан әр жылдары салада атқарылған жұмыстар ұдайы сарапталуы тиіс. Қазір мектеп директорларын ротациямен орындарын ауыстыру басталып кетті. Мақсат айтпаса да түсінікті, яғни тәжірибе алмасу арқылы білім берудегі олқылықтарға жол бермей, керісінше қалыптасқан серпінді одан әрі ілгерілету. Алайда бұл жоба өз жемісін беріп жатыр ма? Ротациямен жаңа мектепке барған директорлар білім жүйесіне нендей жаңалықтар енгізуде және оның жемісі бар ма? Осы және өзге де сауалдардың түйінін тарқату үшін Есет батыр ауылындағы №124 орта мектептің жұмысын саралап, білім ошағының басшысы Шынар Ақшонтаевамен сұхбаттасқан едік…

– Шынар Халелқызы, биыл ауыл мектебі қанша оқушымен жұмысын бастады? Алды­мен диалогты осы сауалдың жауабымен бастасақ…

– Есет батырдағы білім ошағы биыл 354 оқушымен жұмысын бастады. Оның ішінде 42 оқушы алғаш мектеп табалдырығын аттап отыр. Ауылдағы алтын ұяда 68 мұғалім бар. Бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыру жұмыстары біріші мектепте басталатындықтан оларға сапалы білім беруге тырысамыз. Сондай-ақ бұл бағытта жүйелі жұмыс жасап жатқан әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалаймын.

– Ұмытпасам, ауыл мектебі биыл оқу маусымын жаңа директормен бастады. Өзі­ңіз­ге дейінгі әріптесіңіздің келгелі қандай кем­шілігін немесе артықшылығын байқадыңыз? Сол уақыттан бері ауылда білім беру жүйесіне нендей жаңалық енгізу керек деп түйдіңіз?

– Қазір заман ағымына қарай кез келген жұмыс жүйесіне жаңалық қажет, оны өздеріңіз де білесіздер. Маған дейінгі мектеп директорының ондай кемшілігі жоқ. Бұған дейін де ауыл мектебінде білім сапасына серпін беруде тиісті жұмыс атқарылған. Бұл ротацияның мақсатын тек кемшіліктің орнын толтыру деп түсінбеуіміз керек, бұған дейін де Жалағаш ауданында ерекше қарқынмен дамыған бір сала болса, ол – білім. Біз енді осы қарқында қалып қоймай, керісінше әлі де ілгерілеу үшін жаңа бастамалармен жұмыс жасауымыз керек, салаға мұндай өзгерісті сол үшін енгізді деп есептеймін.

– Ұлттық бірыңғай тестілеуге түлек­тердің дайындық қарқыны қалай? Былтырғы нәтиже көңіл көншіте ме? Биыл меже қалай?

– Былтыр 32 түлек мектеп бітірген, оның 26-сы ҰБТ-ға қатысқан. Орташа балл – 75. Түлектердің 23-і мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізген. Ал қалғаны ақылы негізде оқуға қабылданған. Бір сөзбен айтқанда, былтыр мектеп бітірген оқушылар 100 пайыз жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алуға қол жеткізген. Міне, маған дейінгі мектеп директорының осындай жетістігі бар.

Биыл мектептегі 354 оқушының 22-сі 11 сыныпты тәмамдайды. Бұйыртса, барлығы да 100 пайыз ҰБТ-ға қатысады. Олардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу-қатыспауы өз еркінде. Дайындықты қыркүйек айында бастап кеттік. Балалардың қарқыны жаман емес. «Үйрек балапанын күзде санайды» дегендей, нәтижесін алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Межеміз барлық баланың мемлекеттік грант иегері болуына жұмыс жасау ғой. Алдағы уақытта сол межеге жұмыс жасауға тырысамыз.

– Мектеп түлектерін негізінен қандай пәндер, қандай мамандықтар қызықтырады?

– Балаларымыздың басым бөлігі жараты­лыстану бағытындағы пәндерді таңдап отыр. Көбісі химия, биология, физика пәндерін таң­дауда. Оларға «сен мына мамандыққа қарағанда басқасын таңда» дей алмаймыз. Бала қай пәнді, қай мамандықты таңдаса, сол салада оның үлкен жетістікке жетуіне әріптестеріммен шама-шарқымша жұмыс жасаймын. Себебі мақсатымыз да сол, мейлінше олардың қалаған мамандық иегері болып, мемлекеттің, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосатын бәсекеге қабілетті болуына жұмыс жасау.

– Оқушылардың түрлі деңгейдегі олимпиа­даларға, жарыстарға қатысу қарқыны және нәтижесі қалай? Жалпы білім ошағында озат оқушылар санында өсім бар ма? Олардың қатарын көбейтуде нендей жобалар қолға алдыңыздар?

– Балалардың олимпиада, байқау секілді түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу қарқыны жоғары. Нәтиже де жаман емес. Аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген оқушыларымыз да жетерлік. Мұның барлығы осындағы ұстаздардың еңбегі мен шәкірттер ізденісінің арқасы деп білемін.

Мектепте 3 озат оқушымыз болған, енді олардың санында өсім қалыптастыруымыз керек болатын. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлермен, шаруашылық төрағаларымен ақылдасып, демеу­шілер есебінен оларға шәкіртақы тағайындауды қолға алғанбыз. Бұл жобаға ауылдағы «Көктөбе» шаруашылығының негізін қалаған Әбдірасулла Әбдәлиев ағамыз қаржылай қолдау көрсететінін айтты. Сондай-ақ білім саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен осы ауылдың тумасы Гүлбану Орынбаева да әкесінің атынан шәкіртақы тағайындауды жөн деп тапты. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Білімге, жас ұрпақтың келешегіне, мемлекеттің болашағына алаңдайтын жағдайы бар азаматтар осындай-ақ болсын. Қазір сол кісілердің арқасында мектептегі 3 озат оқушымыз қаңтардан бастап айына 5 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып отыр.

– Бұл жақсы бастама екен, мұның озат оқушылар санында өсім қалыптастыруға септігі тиіп жатыр ма?

– Әрине оның білім саласына айтарлықтай көмегі тиді, біз ол қаржыны тек озат оқушының өзіне жай бере салмаймыз. Барлық оқушылардың басын қосып, озаттарды үлгі етеміз. Оның да нәтижесі бар. Мәселен, қаңтар айында озат оқушылар үшеу болса, бір тоқсанда олардың санында өсім қалыптасып отыр.

– Олар да алдағы уақытта мұндай шәкір­тақы ала ма? Болмаса ертең «жай сөз екен, ізденіп не істейміз» деген кейбір балаларда таяз түсінік қалыптасуы мүмкін ғой…

– Мен жоғарыда қаңтар айынан бастап демеушілік еткен азаматтарды айттым. Қазірдің өзінде «біз де шәкіртақы тағайындасақ» деген кә­сіп­керлерден, жеке азаматтардан ұсыныс түсіп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта оларды да шәкірт­ақымен тағайындауға жол ашылады деп ойлаймын.
Мәселен, қазірдің өзінде ауылдағы Сыздықов­тар отбасы «бір озат оқушы болса, шәкіртақысын біз берейік» деп ұсыныс айтып отыр. Ауыл әкімі Дәулет Тәжібаев та 2-3 оқушыға шәкіртақы тағайындауға дайын екенін айтып жатыр. Қазір озат оқушылар санында өсім бар. Енді оларға шәкіртақы төлейтін кезде демеуші азаматтармен жұмыс жасап, бұл жобаны қолға алсақ дейміз.

– Қазір ресми ақпараттардан, әлеуметтік желілерден өзіңіз де хабардар шығарсыз, жас­өспірімдер арасында қылмыстың алдын алуда қандай жұмыстар атқарып жатыр­сыздар?

– Жалпы, баланың болашағына тек ұстаздар ғана жауапты емес, бұл мәселеге ата-ана да, учас­келік полиция инспекторы да алаңдауы тиіс. Бірақ біз де олардың арасында қылмыстың ал­дын алуда шама-шарқымызша жұмыс жасап жатырмыз.
Ауылда жасөспірімдер арасында ахуал тұ­рақты. Күнделікті мұғалімдермен кезекшілік ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Әрқайсысының өзіне берілген көше бар, жасөспірімдердің ата-ана­сыз қоғамдық орында тек белгіленген уақытта ғана жүруіне рұқсат бар. Бұл дұрыс деп есептеймін. Бұл талап ауылда қатаң сақталған.
Менің ойымша жастарда бос уақыт болмау керек. Олар да ұдайы ізденіс үстінде жүрсе дейміз. Бәсекеге қабілетті ұрпақ осындай жастардан қалыптасады. Ал баланың олай өсуіне жоғарыда айтқанымдай, бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Баланың болашағына бейжай қарауға болмайды. Ал мұндай түсініктегі ата-ана оған жол бермейді деп ойлаймын.
Мұнан бөлек ата-аналар жиналысы да ұдайы ұйымдастырылып тұрады. сондай-ақ балалардың өзімен де жиі бас қосып ұлдармен, қыздармен жеке-жеке пікірлесеміз. Сонда байқайтыным, балалар жиналыстың мақсатын кейде өздері де біліп тұрады. Олардың әлеуметтік желіден қоғамдағы жағдайлардан хабардар екенін аңғару қиын емес. Біз үшін әр баланың түзу жолмен жүруі, бәсекеге қабілетті, мақсатты болуы маңызды. Сондықтан олардың тәртібі де біздің күн тәртібімізден түскен емес, түспейді де.

– Мектепте 1-4 сынып аралығында қанша оқушы бар және оларды ыстық тамақпен қам­тамасыз ету жұмыстарына көңіліңіз, жалпы ата-аналардың, оқушылардың көңілі тола ма?

– Біздің мектепте 1-4 сынып аралығында 133 бала бар. Олар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Мен өзім бұл бағыттағы жұмыс барысын қадағалап отырамын. Ата-аналардың не­месе оқушылар тарапынан әзірге ешқандай арыз-шағым жоқ. Оған алдағы уақытта да жол бер­мейміз. Керісінше ата-аналардан баласының оған көңілі толатынын-толмайтынын өзіміз сұрап отырамыз.

– Осыған дейін де біраз ауылдарда болдық, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі бірқатар елді мекенде шешімін тауыпты. Сіздер жұмыс жасап отырған ғимараттың сапасына қатысты қандай мәселе бар?

– Аламесектегі білім ошағы 2 корпустан тұрады, оның бір бөлігі жаңадан салынған. Ал бір бөлігі – бұрынғы нысан. Оның сапасына қатысты мәселе бұған дейін болған. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау болып, аталған нысан күрделі жөндеуден өткен. Қазір бізде ғимарат мәселесіне қатысты ешқандай мәселе жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: