«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп неміс философы Артур Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулық. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер. Рас, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақхалаттылардың көмегіне жүгінеміз. Себебі олар әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі жанның дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұрады. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осындай маңызды салаға бүкіл өмірінің шұғылалы сәттерін денсаулық саласының жақсаруына, ана мен бала саулығына, аудан тұрғындарының денсаулығына арнап келе жатқан ақхалатты абзал жандардың бірі – Гүлжайна Ерланқызы.
Халық денсаулығының мықты болуы медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екені белгілі. Денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген білікті дәрігермен тілдеспек болғанымызда алдында кезекте тұрған науқастың көптігін айтып, кейін хабарласуымызды сұрады. Осыдан-ақ Гүлжайна Ерланқызының жұмысына жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың саулығын басты назарда ұстайтынын аңғаруға болады.
Дәрімен де, сөзімен де адам ауруына шипасын беріп, көңілге сәуле сеуіп жүрген кейіпкеріміз 1998-2010 жылдары аралығында Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте білім алған. Бала күнінен дәрігер болуды армандаған ол сол арманына жету үшін 2010-2017 жылдары Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина университетін «Жалпы Медицина» факультеті бойынша оқып, 2015-2017 жылдары «Жалпы тәжірибелі дәрігер» саласы бойынша интернатурадан өткен. Еңбек жолын ең алғаш 2017 жылдың тамызда Жалағаш аудандық ауруханасында жалпы тәжірибелі дәрігер болып бастаған. Гүлжайна Ерланқызы – қазіргі таңда №5 аймақ тұрғындарының жауапты дәрігері.
– Қазіргі сәтте маған қарасты аймақта 1600-ден аса тұрғын бар. Біз тұрғындарды жылда скринингтік тексеру, флюорографиялық тексеруден өткізуіміз қажет. Алайда кей тұрғындар денсаулығына немқұрайлы қарап, уақытылы тексерілмейді. Сол үшін көше аралап, тұрғындардың уақытылы тексеруден өтуіне жүйелі түрде жұмыс жасап келеміз. Қазір тұрғындардың көбі қанқысымы, қант диабеті, асқазан ішек-жолдарымен ауырады. Осы тұста науқастарға тегін дәрі-дәрмек таратып, аурудың алдын алу шараларын жүргізудеміз, – дейді дәрігер.
Гүлжайнамен қатар №5 аймақта Айдана Сыздық, Бану Зәтенова, Сәуле Дүйсенбаева сынды мейірбан мейірбикелер аудан тұрғындарының саулығы үшін күндіз-түні қызмет етуде. Пандемия кезінде көпшіліктің көңілін тауып, індеттің бетін қайтару жолында қажырлы еңбек етіп, медициналық қана емес, психологиялық та көмек көрсетіп, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырып, карантин ережесіне бағынуды да насихаттаған Гүлжайна дәрігердің еңбегі ерен. Ауру өршіп, індет дендеген уақытта оның алдын алуға барынша атсалысып, қолынан келген көмегін аямай, білек сыбана кірісіп, пандемия кезінде науқастармен тығыз байланыста болған дәрігерлер бүгінгі күннің батырлары десек те болады.
Жергілікті тұрғындарға дәрігерлік қызмет көрсетуде өзінің білімі мен біліктілігін, тәжірибелі маман екенін бірнеше мәрте дәлелдеген кейіпкеріміз – өз учаскесіндегі тұрғындардың ризашылығына бөленіп, алғыс арқалап жүрген ақхалатты абзал жан.
– Гүлжайна дәрігер өз қызымдай болып кетті. Үйге жиі келіп, қан қысымымды өлшеп, жағдайымызды сұрап тұрады. Мектеп жасындағы балалармен, жас сәбилерді, зейнеткерлерді үнемі өз бақылауында ұстайды. Таңнан қара кешке дейін әрбір науқасты уақытылы емдеп, деніне саулық сыйлап жүрген Гүлжайна қызыма алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді кент тұрғыны Акберген Адилов.
Өмір жолын денсаулық саласымен ұштастырып, халыққа көмек көрсетуде аудан тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген ақхалатты абзал жан алдына келген науқасты тек тексеріп қана қоймай, толық емделіп шығуы үшін арнайы ем-дом шараларын жүргізеді. Жағдайы ауыр науқастарды қажетті ем алуы үшін күндізгі бөлім немесе арнайы порталмен ауруханаларға жатқызып, аяққа тік тұруын басты назарда ұстайды. Сондай-ақ көше аралап, жаңа туған нәрестелер мен аналардың денсаулығын қадағалайды. Бұдан бөлек ай сайын жоспарға сәйкес тұрғындарды рентгенге түсіру, скринингтік тексеру, жүрегін холтерға түсіру, узиге түсіру сынды бірқатар жұмыс атқаратынын, жаңа туған нәрестелерді 2 айлығынан бастап екпеге шақыратынын атап өтті. Гүлжайна Ерланқызы – тәжірибелік білімін жетілдіріп, өз саласында ем жүргізудің барлық әдіс-тәсілдерін жетік меңгеруде үнемі ізденіс үстінде жүретін білімді дәрігерлердің бірі.
Бүгінге дейін ол жемісті еңбегі үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Құрмет» грамотасымен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Кейіпкеріміздің өмір белестеріне тоқталар болсақ, отбасы берекесін келтіріп отырған қазақтың қарапайым келіні. Асыл жар, 4 баланы өсіріп отырған аяулы ана.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!