Бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» – қазіргі «Qarmet» компаниясын Вадим Басин басқарады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атауы ресми түрде » Qarmet » болып өзгерді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауда компания ұжымымен кездесуде Qazaqstan Steel Group акционері Андрей Лаврентьевті таныстырды.
Қазақстанда және Қарағанды облысында танымал кәсіпкер «АрселорМиттал Теміртау» активтерін сатып алды.
Қазақстандық кәсіпкер активтерді сатып алумен қатар, өндірісті жаңғыртуға және өңірдің экологиясын қорғауға тағы 3 млрд АҚШ долларын құюға міндетті, оның 1,3 млрд доллары алдағы жылы инвестицияланады.
«Әрине, жаңа басшының алдында маңызды міндеттер тұр. Бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлерге жағдай жасап, әл-ауқатын арттыру қажет. Сондай-ақ әлеуметтік жобалар арқылы жергілікті қоғамдастықты дамытуға белсенді қатысып, көмек көрсету керек», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесуде Андрей Лаврентьев Вадим Басинді QARMET компаниясының бас директоры ретінде таныстырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі кәсіпорынды Андрей Лаврентьев сатып алғанын мәлімдеген болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!