Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 11:54

Атқарылған жұмыстар пысықталды

08.12.2022

449

0

Бейсенбіде аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Оразбек Ахметов ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Кеңес отырысының кезекті жиынына аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев және тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Атап айтсақ, «Жалағаш ауданының ауылдық округтеріндегі инженерлік тұр­ғыда әзірленген суармалы жерде да­қыл­­дарды кезектестіру (ротациялау) схемасын бекіту туралы» Жалағаш ау­даны әкімдігінің 2018 жылғы 18 мау­сым­дағы №120 қаулысына өзгеріс ен­гізу туралы» қаулы жобасын талқылау, «Жалағаш ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» шешім жобасын талқылау, Жалағаш аудандық мәслихатының 2019 жылғы 22 ақпандағы №37-9 «Жалағаш ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын, тұр­мыстық қатты қалдықтарды жинау­ға, әке­туге және көмуге арналған тариф­терді бекіту туралы» шешімнің күші жой­ылды деп тану туралы» шешім жо­басын талқылау ұсынылды. Сондай-ақ 2022 жылы аудандық қоғамдық кеңестің отырыстарында Жалағаш кен­тінде ат­қа­рылып жатқан жұмыстарға бай­­ланысты кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұ­рақтар мен ұсыныс-пікір­лер негізінде ат­қарылған жұмыстар тың­дал­ды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов, одан кейінгі мәселелер бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ербол, аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру-құқықтық бөлімінің бас­шысы Эльмира Құттымбетова және кент әкімі Мардан Жамалатов хабарлама жасады. Аудан әкімінің қаулы жобасы кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан мақұлданды.
Мәселен, Марат Мәнерұлының ха­бар­­­ламасында айтылғандай, аудан­дағы 60 ауыспалы егістікте 33016 гектар инженерлік тұрғыда әзірленген сурамалы жер бар екен. Ауылдық округтердегі осы егістік алқаптарға дақылдарды кезектестіріп егу схемасы аудан әкімдігінің №120 қаулысымен 2018 жылы 18 маусымда бекітіліп, 2018-2025 жылдарға жасалған. Осы схема бойынша ауыспалы егістіктегі танаптардың са­нына қарай суармалы жерде дақыл­дарды кезектестіріп егу қолға алы­нады. Атап айтқанда, 5 танаптық ауыспалы егіс жүйесінде кезектестіру схемасы 5 жылға, ал 6 танаптық ауыспалы егістікте 6 жылға жасалады. Аудандағы ауыспалы егістіктер негізінен 8 танапты болғандықтан жоғарыда көрсеткеніміздей, 7 жылға жасалған. Мәселен, Мәдениет ауылындағы №6 инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жер 5 танапты болғандықтан ротациялау схемасының мерзімі биыл аяқталады екен. Осыған сәйкес 2023-2027 жылдарға арналған қаулының жобасы дайындалып, қарауға ұсынылған және қолдау тапты.
Кеңес отырысында кент әкімі Мардан Жамалатов қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен сауалдар бойынша атқарылған жұмыс­тарды баяндады. Атап айтсақ, кенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің аумағында тазалық жұмыстары реттеліп, барлық көпқабатты тұрғын үйлердің алдына қоқыс жәшіктері қойылған. Алайда Мардан Сырмағанбетұлы тұрғындар тарапынан есік алдына үйден шыққан қоқыстарды белгіленбеген орындарға тастау әрекеттері тыйылмай келетінін қынжыла жеткізді. Сонымен бірге биыл кенттегі 5 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген, келер жылы, яғни 2023 жылы Т.Үркімбаев көшесінде орналасқан екі көпқабатты тұрғын үйді жөндеуден өткізу жоспары жасалып жатыр екен. Тұрғындар және кеңес мүшелері тарапынан көп айтылатын мәселе көше күтімдеріне қатысты. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин тұйығына 2019 жылы тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ ауыр жүк көліктерінің көп жүруі салдарынан орташа жөндеуден өткен Ы.Алтынсарин тұйығы бүлінген. Кент әкімі бұл мәселені шұғыл назарға алып, ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынғанын және полиция қызметкерлерінің ұдайы бақылауында болатынын жеткізді. Осы орайда айта кеткеніміз жөн, «Агрохимсервис» мекемесінен тыңайтқыш таситын көліктер қоршаған ортаға зиянын тигізетіні де кеңес отырысында көтерілген болатын. Бұл мәселе бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп, экологиялық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау ескертіліпті.
Сондай-ақ сенбілік іс-шараларға сәйкес аталған көшелерге тазарту жұмыстары жүргізіліп, кент әкімі аппараты тарапынан бақылауға алынған. Дәуімбай елді мекенін абаттандыру жұмыстары бойынша Ұлы Жеңістің 50 жылдығы және Ғани Мұратбаев көшелері бойына демеушілік есебінен балалар ойын алаңы салынған. Кент көшелерінің тазалығын қамтамасыз ету мақсатында 33 қоқыс жәшігін алуға аудандық бюджеттен қаражат бөлінген және қазірде көше бойына қойылып жатыр екен.
Газ тарту жұмыстарына қатысты олқылықтар, арықтарды қазып, тазалап, көшелерге аяқ су әкелу, егілген ағаштарды күтімге алу, көркейту-көгалдандыру, қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында бейнебақылау ка­мераларын орнату және қаңғыбас ит пен мысықтарды аулау жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Кеңес мүшелері тарапынан хабарла­машыларға сауалдар қойылып, күн тәртібіндегі кейбір мәселелерге қатысты қосымша ұсыныстар айтылды.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: