Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны 846 мың отбасы алды. Оларға 49,5 млрд теңге төленді, деп жазады Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оның ішінде көп балалы отбасыларға – 43 млрд теңге, наградталған аналарға 6,5 млрд үлестірілген.
Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Бұл сома 2025 жылы мына мөлшерде бекітілген:
– 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
– 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
– 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
– 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
– 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын мына мөлшерде төленеді:
- «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап көп балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!