Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 наурыз, 00:04

Құнды жәдігер – көне тарихтың куәсі

08.11.2022

1091

0

Ел ауызында «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деген сөз бар. Түп-тамырына үңілсеңіз, тектілігін тік тұрып күзеткен ұлттың тарихын қалай құрмет тұтқанын түсінеміз. Яғни кешегі күніңді, төл тарихыңды танып-білмей, болашақты, бүгінгі күніңді сөз ету мүмкін емес. Тарихтың том-том қатпарларын, ел басынан өткен кезеңдер мен нәубет келгенде көш бастаған, ел бастаған батыр-баһадүрлерді жадымызда жаңғыртпай, олардың ерлігіне бас имей бүгінгі күнге жеттім деу бабалар алдында сатқындық болар.

Жалпы XIX ғасырда патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген Кенесары хан мен оның қасында бірге болған, елге, халыққа белгілі адамдар көп еді. Солардың бірі – Кенесары туралы деректерде жиі айтылатын халық батыры Бұқарбай Естекбайұлы. Бұқарбай батырдың даңқы тек Сыр өңірінде ғана емес, тұтас қазақ сахарасына ерлігімен танымал. Біз осындай батырдың біздің өңірден шық­қанын мақтан тұтамыз.


Ауданға қарасты Бұқарбай батыр ауылында баһадүрдің атындағы тарихи үй – музей бар. Бұл ғимарат батырдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 1994 жылы сол кездегі Калинин атындағы совхоздың директоры Қ.Баймахановтың бастамасымен ашылып, Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында музей ғимараты жаңадан тұрғызылған. Музей экспозициясында Бұқарбай батырдың өмірі мен жорық жолда­рынан сыр шертетін жәдігерлер, Орынбор, Ташкент, Алматы қалала­рындағы мұрағаттардан алынған құжаттардың көшірмелері, қару-жарақтар коллекциясы сынды тағы басқа да құнды жәдігерлер көрініс тапқан. Сонымен бірге мұнда сонау ХХ ғасырдың 20-30 жылдары құрылған ауылдың Кеңес үкіметі мен нәубет жылдарынан бастап, қазіргі заманға дейінгі тарихы жайлы мәліметтер беретін құнды материалдар қамтылған.
Музейге кіреберісте Бұқарбай ба­тырдың ескерткіші қойылған. Ғима­рат­тың бірінші залында кар­ти­налар орналасқан. Бұл картина­ларды батырдың мерейтойы қарса­ңында танымал суретшілер тарту еткен. Майлы бояудан салынған. Бір картинада батырдың бейнесі, бі­реуінде өмірлік жары Шынар анамыз, тағы бірнеше картинада қазақ батыр­ларының жорық кезін­дегі, шайқас кезіндегі суреттері бейне­ленген. Батырдың жары ажарлы, қайратты жан болғанын тарихтан бі­леміз. Шынар анамыздың ерлігін дәріп­тейтін ел аузында жүрген әңгі­ме де бар. Біле білсек, «Шынаркөлдің» атауы осы кісінің есімімен байланысты.


…Бұқарбай батыр нөкерлерін ертіп, шапқыншылықпен ұзақ уақытқа жорыққа кетеді. Соны естіген қоқандықтар батырдың әйелін өлтіріп, кек алмақшы болады. Бір күні Сыр өңірін, Сырдария бойын жайлап отырған Бұқарбай батырдың ауылына келіп тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сол сәтте «Еркегі жоқ бейбіт ауылды шапқалы тұрғандарың қай сасқандарың, қарапайым халыққа, бала-шағаға тимеңдер, мен керек болсам, алдарыңда тұрмын» деп, шапқыншыларға қарсы тұрған екен. Бірақ қоқан шапқыншылары оны қоршап, қыспаққа алады. Ақырында найза түйреп өлтіріп, денесін көлге тастайды. Жаумен шайқас кезіндегі Шынар анамыздың ерлігін көрген ауыл адамдары Шынардың денесін арулап, көлдің жағасына көмген көрінеді. Сөйтіп ел жайлаған көл «Шынар көлі» атанып кетеді. Негізінде батырдың жарының өлімімен байланысты бір-екі аңыз-әңгіме бар. Солардың ішіндегі шындыққа жанасатыны да, көнекөз қариялардың білетіні де осы.
Тарихи үйдегі әрбір экспонат тарихымен таныстарған музей қызметкері Мереке Әбілдаева да батырдың ерлік істерінен әңгіме қозғап жүрді.
– Бұл музейдің алғашқы директоры – Жоламан Алданазаров. Бұл кісі де тегін адам емес. Атақты батырдың тікелей ұрпағы. Қанша жыл осы музейді басқарды, – дейді музей қызметкері.
Тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлердің ішінде ең алдымен біздің көзімізге түскені – Бұқарбай батырдың бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жорықта пайдаланған қайқы қылышы. Қолымызға алып көрдік. Осыншама уақыт өтсе де, сыны кетпепті. Жақсы сақталған деуге болады. Жүзі әлі де өткір. Қылыштың салмағы да әжептәуір ауыр екен. Қыны ағаштан жасалғанға ұқсайды. Қолымызға алып тұрып «Осы қайқы қылышпен батыр бабамыз ұланғайыр жазиралы даламызға көзін сатқан жауды талай мәрте жер жастандырды-ау. Осы қылышпен елін, жерін қорғап, бізге бейбіт күннің таңын атырып кетті-ау» деп баба рухына еріксіз алғыс айттық. Мұнымен қоса музейде сонау XVIII-XIX ғасырлардағы темір қалқан, шақпақты аңшы мылтығы және Нұрмағанбет Оспанқұловтың шоқпары тұр. Бұқарбай батырдың шашақты туы, күмістен жасалған мөрі, өзінің қызына дүние есебінде берген оюлы сандығы да осында сақтаулы. Күмістен соғылған мөрдің ортасында арап әріптерімен жазылған сөз бар. Музей қызметкерінен сұрағанымызда бұл жазудың мағынасы «Бұқарбай баһадүр» дегенді білдіретінін айтты.

Екінші залдың төрінде орналасқан қабырғада батырдың суреті бейнеленген тоқылған кілем ілулі тұр. Оның қасында Бұқарбай батырдың мүсіні орналасыпты. Бұл мүсінді батырдың мерейтойында Тереңөзек ауданының мүсіншісі Жәркен Смағұлов арнайы жасаған екен. Гипстен құйылған, сырты сырланған. Көлемі аса үлкен емес. Батырдың сауыт-сайманын асынып, жорыққа дайындалып отырған бейнесі бейне­ленген.
– Жастайынан ел қорғау жорық­тарына қатысып, шыңдалып өскен Бұқарбай батыр ержүректілігімен көзге түседі. Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысқан. Ол 1839 жылы тамызда Ақмола бекінісін алуға қатысты. Орыс тіліндегі деректерге қарағанда, Бұқарбай осы шайқастардың бірінде ауыр жараланып еліне қайтқан соң бейбіт еңбекпен айналысқан. Егін егіп, 1854 жылы Сырдария сағасынан күні бүгінге дейін ұрпақтары пайдаланатын «Бұқарбай арығын» қаздырған. Талайды көріп, ұзақ өмір сүрген батыр өзі туған жерінде 1898 жылы дүние салды. Батырдан тараған ұрпақтары бүгінде осы өңірде өмір сүруде.
Ауыл тұрғындары жиі келеді. Ба­тырдың тұтынған заттарын, қылышын, мөрін көріп, батыр бабаны еске алып тұрады, – дейді музей қызметкері.
Музейде ауылдың ұстасы Мұқтасын Қауқановтың баласы өткізген зергерлік көрік, үзеңгілер, қырықтық, құранды ер, ас үй, тұрмыстық бұйымдар мен ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар да тарихтан сыр шертіп тұрады. Бір бөлігінде Сорлыасардан табылған қыш құмы­ралардың сынықтары, Қара­құмнан табылған қобыз, өгіз соқа орналасқан.
Аса құнды тарихи жәдігерлер сақталған музейде бүгінгі күні бас-аяғы 4 адам жұмыс істейді. Ғылыми қызметкері Айгүл Піржанова. Осын­дай көне жәдігерлер мен батырға тиесілі барлық құжат, құнды деректер сақтаулы тұрған музейдің ауыл тұрғындары, келуші меймандар үшін есігі қашанда ашық. Осындағы қызметкерлер батырдың өмірінен, жорық жылдарындағы көтерілістері мен ерлік істерінен кеңінен тарқатып айтып беруге де жалыққан емес. Ал Бұқарбай батырдың көзі тірісінде қолданған ер саймандарының, қы­лышы мен жеке заттарының сол күйі сақталуы, сынын бермеуі күллі қазаққа қорған, қалқан бола білген асыл ердің киесі деп түсінеміз. Айтпақшы, батырдың шашақты туын кезінде музей қорына өткізбей тұрып, балалы болғысы келген ниетті жандар ырымдап кесіп алған көрінеді. Бүгінде батырдың айбынын көрсететін шашақты туының қалған бөлігі осында көздің қарашығындай сақтаулы тұр.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: