Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сейсенбі, 16 сәуiр, 16:51

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР

02.05.2023

321

0

Қазақстан тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, Ата Заңы мен мемлекеттік рәміздері, ұлттық құндылықтары бар тәуелсіз елге айналды.

Тәуелсіз ел дамуының әр кезеңі сот билігінің қалыптасу тарихында маңызды рөл атқарды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, елде мемлекеттік билікті заңнамалық деңгейде: заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаттары енгізілді. Содан бері сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды заңдарды қабылдау, шығару жұмыстары кеңінен жүргізілді.

Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағидаттарының негізгі кепілдіктері Конституцияда қаланды. Осының негізінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды.

Өткенге көз жүгірсек, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүргізілді. Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді. Қызылорда облыстық соты да Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң, ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезінде жасаған баяндамасында сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады. Сонымен қатар адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атап көрсетті. Әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек екені, сондай-ақ кәсіби судьялар корпусы барынша сот реформаларының шешуші факторы екеніне баса назар аударды. Барша міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті.

Бүгінде құрылғанына 85 жыл толған облыстық сотта да жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары түгелдей дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты. Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы халыққа көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімділігін одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған. Осылайша Тәуелсіздік жылдарында аймақтағы сот жүйесі бірқатар өзгерістерді өткеріп, жылдан-жылға даму үстінде.

Сот жүйесінің одан әрі дамуы 2000 жылғы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына орай жаңа қарқын алды. Конституциялық заң сот-құқықтық реформасының кезекті кезеңіне жол ашты. Заңда республикадағы сот құрылымының принципті жаңа нормалары, соттардың қызметін ұйымдастыру тәртіптері белгіленді. Атап айтқанда, Жоғарғы Соттың шаруашылық және азаматтық істер жөніндегі алқалары біріктіріліп, әскери алқасы таратылды, мұның өзі іс жүргізу заңнамасында қарастырылғандай, сот ісін жүргізуді белгілі бір ізге түсіруге мүмкіндік берді.

Судьялардың тек сот төрелігін жүзеге асыруын, сотқа тән емес қызметтермен соттардың айналыспауын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасы сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы» 2000 жылғы Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет құрылып, соттардың қызметін және атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету функциялары Әділет министрлігінен алынып, осы Комитетке берілді. Комитет пен облыстардағы соттар әкімшілері ұйымдық, қаржылық және материалдық-техникалық функцияларды орындай отырып, жергілікті соттардың жергілікті атқарушы билік органдарынан тәуелсіздігін қамтамасыз етті.

2002 жылы сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған мемлекеттік Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада сот жүйесін жетілдірудің, судьялардың тәуелсіздігін нығайтудың негізгі критерийлері тағы да айқындалды. Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық (кәмелетке толмағандар ісі бойынша) және басқа да арнаулы соттар институтын дамыту мәселесін қарастыру, сондай-ақ азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама әдістерін, мысалы, аралық соттардың қызметін заңмен реттеу, оларды халықаралық стандарттарға жа­қын­дата отырып, қарастыру көзделді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес, Президенттің Жарлықтарымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Жалпы алғанда, соттарды мамандандыру азаматтардың құқықтарын қорғау шегін кеңейтуге мүмкіндік берді.

2006 жылғы 16 қаңтарда «Алқабилер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық істерді қарауға алқабилердің қатысуы қарастырылды. Сонымен қатар, азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу мақсатында 2004 жылғы 28 желтоқсанда «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» заңдар қабылданды. Бұл заңдар дауларды соттан тыс шешу тәртібін қарастырады.

2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгізудің нәтижесінде Қазақстанның сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғаудың қуатты тетігіне, соның ішінде қамауға алуға соттың санкция беру құқығына ие болды. Сот жүйесінің жұмысын және сот төрелігін іске асыруды реттейтін жаңа заңдар топтамасы қабылданды. «Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізіліп, қамауға алуды санкциялауды соттың ерекше құзырына беру қарастырылды.

2008 жылғы 17 қарашада «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі республиканың сот жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Осы заң сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесінің негізін қалады. Сонымен қатар, 2009 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі іске қосылды. Осы заңға сәйкес, аудандық сот – бірінші сатыдағы сот, облыстық сот – апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот, Жоғарғы Сот – тек қадағалау сатысының соты ретінде жұмыс істей бастады. Өзге де бірқатар оң өзгерістер жасалды. Міне, осылайша, жаңа тұрпатты сот жүйесін құру жөніндегі міндет бүгінгі таңда өз шешімін тауып, сот органдары елімізде заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асты.

Одан кейінгі жылдары Ұлт жоспарының 12 қадамы бірдей (16-27-қадамдар) сот институтына арналуының өзі бұл салаға айрықша көңіл бөлінгенінің нақты дәлелі болса керек. Еліміздегі бүкіл сот жүйесі осы Ұлт жоспарына сәйкес сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бес сатылы жүйеден оңтайлы үш сатылы жүйеге көшу, судья лауазымына біліктілік талаптарын күшейтуді, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрге енгізу, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, алқа билер сотында қолданылатын салаларды кеңейту, сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқа ұйымдастыру бағытында нақты қадамдар жасап, халықтың сотқа деген сенімін күшейтті.

Жоғарғы Сот – еліміздегі сот жүйесі қызметкерлеріне мейлінше ашық, анық үндеу жариялап, барша қазақстандықтардың, бизнес өкілдері мен инвесторлардың және бүкіл әлемдік қауымдастықтың сотқа деген сенімін жоғарылату міндетін алға қойды. Осындай мақсаты айқын міндеттердің нәтижесінде қазір сот саласы, оның ішінде облыстық сот уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді. Қара қылды қақ жарған кешегі билердің бүгінгі ізбасарлары дауды оңтайлы шешуге де атсалысып, араздасқан ағайынды татуластыруға, ел бірлігін нығайту бағытында да өзіндік үлес қосып келеді. Сот судьялары мыңдаған адамның тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы жанкешті еңбектің нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі нығайды. Бүгінгі күні сот жүйесінің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Төрелік», «Дыбыс-бейнежазба» сынды бағдарламалар енгізілгендігін атап өтуге болады. Жоғарыда атап өткендей осы қолданылып жүрген сот процестерінің аудио және бейне тіркеуінің жетілдірілген жүйесі шын мәнісінде, сот төрелігі ашықтығымен қамтамасыз етудің ғаламат құралына айналды.

Сотта жариялылықты шектеуге жол берілмейді және барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Жеке тұлғалар және олардың өкілдері, заңды тұлғалардың өкілдері «Сот кабинетінде» орналастырылған электрондық нысандарды толтыру арқылы электрондық құжаттарды сотқа ұсынуға құқылы. Бұл үшін көрсетілген адамдар «Сот кабинетіне» тіркелуі қажет. «Сот кабинетіне» тіркелген адам электрондық құжаттарды беру сервисінің пайдаланушысы болып табылады.

Сот залына кірген судья бір сәтке ағайын-туыс, жора-жолдас атаулыны ұмытып, тек заңға ғана бағынып, ар-ұятына ғана жүгінуі керек. Данышпан Абай: «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы», – деген екен. Ендеше сот үшін бұлжымайтын ереже ар-ұяттан, адамшылықтан аттамау – біздің басты ұстанымымыздың бірі. Ар-ұятпен бірге айтылатын тағы бір қасиетті ұғым – ар-иман. Тағы сол Абай атамыз айтқандай: «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек». Себебі бізге келген кісілер «мен әділет үйіне келдім, ол жерде мені күтеді, түсінеді, қабылдайды, мәселемді әділ шешеді» деп келеді. Сондықтан біз осындай құрмет пен сенімді ақтап, өз қызметімізді тиісті дәрежеде атқару, халықтың сотқа деген сенімін арттыру біздің басты міндетіміз һәм парызымыз десек те артық айтқандық емес.

Шындығында дәл қазір Қазақстандағы сот жүйесінің ашықтығына еш күмән жоқ. Айыпталушыға сот шешімі немесе судьяның үкімі шыққанға дейін қарапайым халық мұның барлығын көріп отырады. Айыпталушы немесе куәгер қалай жауап беріп, одан қалса, судья іс процесін қалай жүргізіп отыр, мұның барлығын қарап отыруға мүмкіндік бар. Сондықтан да судьяның әділетсіз шешім шығарып, істі бұрмалауына еш негіз жоқ. Оның үстіне қазіргі уақытта сот залындағы процестердің барлығы да аудио және видеотаспаларға жазылып алынады. Бұл соттың айқындылығы мен ашықтығын шынайы түрде көрсетеді. Өйткені біз қоғам дамыған уақытта өркениет жетістігінен көш кері қалмауымыз қажет.

Сонымен бірге «Сот төрелігінің 7 түйіні» атты жаңа бағдарламалық құжат әзірленді. Бұл анығын айту керек, сотқа төрелік ететін мамандардың жүздеген ұсыныстарынан кейін барып Жоғарғы сотта қабылданған құжат десе де болады. Осы құжаттың негізінде соттың даму бағыты айқындалған. Ал «7 түйін», ол не десеңіз айтайын: «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Үлгілі сот», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «Мінсіз судья», «Сотсыз татуласу орталығы». Аталған жеті бағыт бұл – сот саласындағы соңғы жылдары жасалған өте жемісті және ауқымды реформа. Судьялар әрбір істі тиянақты қарайтын болды, олардың жауапкершілігі артты. Мұны халық та көріп, сезіне бастады. Осыдан кейін сот төрелігіне сенім күшейді.

Әрине бұрынғы кезде сотқа шағым түсірген сәттен бастап, істің барлығы да қаралатын еді. Бұл өз кезегінде судьяларды жұмысын ауырлатып, істі қарау ұзаққа созылып кететін. Ал қазіргі уақытта мұның барлығы да оңтайланды. Бағдарламадағы «Сотсыз татуласу орталығының» басты мақсаты – араздасқан екі жақты мәмілеге әкелу, ортақ бітімге келтіру.

Сот жүйесінің көп сатылығы жойылды, судьялардың кадрлық іріктеу жүйесі жаңғыртылды, судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды, тараптарды бітістіру рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру қолға алынды, сот жүктемесі азайтылды, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді, жаңа электрондық сервистер мен жобалар іске қосылды, сот жүйесінің материалдық базасы нығайтылды, өңірлерде фронт кеңселер ашылды. Бұл батыл қадамдар мен сан-салалы жұмыстар сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін бергені анық.

Тағы бір айта кететін жайт, 2019 жылдың 03 ақпанында заңды күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Бұл Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған түзетулер енгізілді. Заңнама негізінде жалпы түзетулердің бес тобын қарастырады. Осының ішіндегі түзетулердің екінші тобындағы заңнаманы халықаралық актілердің ережелеріне сәйкес одан әрі келтіру ұсынылатын «Төрелік туралы» Заңды қолдану практикасында бар проблемаларды шешуге бағытталған. Атап айтқанда, мемлекеттік органның не квазигоссектор субъектілерінің қатысуымен дауларды төрелік қарау кезінде шетелдік құқықты қолдану мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ, заң төрелік шешімді орындаудан бас тартудың негізі төрелік құрамының заң талаптарына сәйкес келмеуі ғана емес, сондай-ақ осы құрамның тараптардың келісіміне сәйкес келмеуі болып табылатындығы туралы нормамен толықтырылады.

Осылайша облыстық сот жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келеді. Соттар заманның заманауи жетістіктеріне қол жеткізді. Соттарға енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды.

 Асылхан МИЗАНБАЕВ,

Жалағаш аудандық 

сотының төрағасы

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: