Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 23 қараша, 16:23

Тағылымы мол шара

13.12.2022

713

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық-музыкалық драма театрында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова мен Сыр бойы жыршы-жырауларының «Жыр күмбез» атты рухани тағылымды өнер кеші өтті. Жыр жәрмеңкесінде сонау Қорқыт бабамыздан бастау алып, Сыр сүлейлерінің сарынымен бүгінге жеткен дәстүрлі жыраулық өнердің жарқын үлгісі жан-жақты  дәріптелді.

Жыр кешінің шымылдығы Қорқыт ата жайлы бейнекөрініспен ашылды. Сайын далада қыл қобызын сарнатып, өмірлік өсиетін айтқан баба бейнесі, сондай-ақ, шырт ұйқыда жатып, түсінде Қорқыт бабаның батасын алған Базар жыраудың бала кейпі көрініс берді. Ақ бата қабыл болып, бала Базар – Нөсер Айдосұлы жыраудың «Топқа түстім толғанып» термесін орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Осылайша жыр жәрмеңкесінде сүлейлер ізін жалғайтын жас жыршының тұсауы кесілді.

Өнер кешіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жыр дүлдүлдеріне ыстық ықыласын білдірді.

– Сыр өлкесі – сонау Қорқыт абыз мұрасынан бастау алып, сүлейлер сарынына ұласқан, ғасырлар бойы сабағы үзілмеген дәстүр құндылығының қайнар бастауы. Шын мәнінде, ұлттық өнерге, оның ішінде жырға, жыраулар өнеріне халықтың сүйіспеншілігі ерекше. Өйткені жастарымыз осынау жырлардан бойына ата-бамыздың отансүйгіштік, батырлық қасиеті мен өсиетін жинап, рухани күш-қуат алады.

Өткен ғасырдың басында, 1925 жылы атақты Әміре Қашаубаев Франция елінде қазақ өнерін бүкіл әлемге паш етсе, жарты ғасыр уақыт өткенде Франция үкіметінің арнайы шақыртуымен Алмас Алматов өнер көрсетіп, ел абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.

Жалпы елімізде, аймағымызда мәдениет, өнер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның дәлелі, өткен жылы мәдениет саласында 3 ғимарат салынса, биыл 6 ғимарат пайдалануға берілді. Алдағы жылы 1 мың орындық «Өнер орталығы» бой көтереді. Осыған сәйкес облыс бюджетінен аталған салаға бағытталған қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді.

Сырдың талантты перзенті, дәстүрлі өнердің насихаттаушысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Франция әдебиеті мен өнерінің кавалері» орденінің иегері Ұлжан Байбосынованың бастамасымен ұйымдастырылған «Жыр күмбез» жыр жәрмеңкесі деңгейі жоғары. Ұлттық өнерді дамытудағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, – деді Н.Сақтағанов.

Дәстүрлі өнерде бағы жанып, ұлт мұрасын әлемге танытып жүрген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова Базар жыраудың «Бастауын» орындап, «Жыр күмбездің» түндігін түрді. Ал ҚР Мәдениет қайраткері Айдос Рахметов жыр жәрмеңкесіне арнау айтты.

Иә, бір ғана Сырдың бойы десек те, жыраулық өнерге келгенде, әр мектептің өзіндік ерекшелігі бар. Жыр-дастандарының құрылымы әралуан, мақам-сазы да бөлек. Мысалы, Нұртуған, Жиенбай, Нартай мектебі сынды әрқайсысы өз алдына тың дүние, тылсым әуез.

Айдынды Арал, қазыналы Қазалы топырағында Нұртуған, Нұрмағамбет, Жаңаберген, Жаппарберді, Дәріғұл, Еңсепбай, Көпжасар, Құлжан, Смағұл, Әбілхан, Кәрібоз, Жәмет, тағы да басқа жыраулар өлмес өнердің мол мұрасын қалдырды.

«Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ!» деп жырлаған Бекұзақ Тәңірбергеновтің осынау бір ауыз сөзі айдынды шалқар теңізінен айырылып, еңсесі түскен ел-халықтың рухын дүр сілкіндірді десек, артық айтқандық емес. «Жақсанның жыр бастауын» Жәнібек Жақсан, «Нұртуғанның толғауын» Шолпан Биімбетова, Қарасақал Ерімбеттің «Сыр сүлейлері» толғауын Марат Сүгірбай сынды жыршылар нақышына келтіре орындады.

Қармақшы өңіріндегі Сәрсенбай Бөртебайұлының жыр бұлағы күллі қазаққа ортақ рухани қазынаға айналды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Сәрсенбай жыраудың мақамы да өз тұсындағы жырауларға мүлдем ұқсамайтын. Ол Сыр бойындағы белгілі ақындардың жыр-термелерін, толғау-хикаяларын көп ішінде насихаттай жүріп, өз туындыларын да кеңінен таратқан. Дәстүрлі өнерде өз қолтаңбасы бар даңғайыр жыраудың жолын жалғап келе жатқан ұрпағы Майра Сәрсенбаева «Сәрсенбай жыраудың термесін» төгілте жырлады.

Сырдың төменгі ағысының бойында орналасқан қасиетті Қармақшы өңірі – ежелден жыраулық өнердің туын тіккен жер.  Айталық, Қорқыт атадан бастау алған жыраулық дәстүр Шығыс шайырларының жазба әдебиет үлгісімен үндесе жалғасқан. Осы топырақта дүниеге келген үш жүзге аты мәлім Жиенбай жыраудың орны ерек. Бүгінде Жиенбай жыраудың әйгілі «Көрғұлы» дастанын орындау үрдісі, жырлау мәнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Күллі түркіге ортақ жыр-дастанды Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембеков және жыраудың шәкірттері Ұлжан Байбосынова мен Әйгерім Ешбаева орындап, «біріне-бірі ұласқан, бәйге атының шаңындай» керемет жырдың үлгісін көрсетті.

Кешегіні бүгінге, бүгінгіні ертеңге аманат ету жолында ұстаздық етіп, жыр әлемінде өзінің еңбекқорлығымен ел ықыласына бөленген  Ұлжан Байбосынова Сыр елінің жыраулық өнерін ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде насихаттап, ұлттық өнердің жарқын өкіліне айналды. Таяуда туған жерге оралып, ұстаздық жолын жалғаған Ұлжан Байбосынова өзінің  Бисенбек Төлеубай, Зульфия Баймырза, Ғазиза Шаймаханова, Тоғжан Бақытова, Әлішер Мырзағалиев,  Тұрар Айдос секілді бір топ шәкірттерімен бірге өнер көрсетті.

Халқымыздың қанына сіңген жыр өнерінде таңнан-таңға жырлаған талай жыраулардың есімі қалған. Тұма бұлақтай толғанысын тәлімді сөзбен суреттей білген сонау сүлейлер ізінде келе жатқан бүгінгінің жырауы Қасарбек Кәрібаев сахнаға көтеріліп, кешегі дәуір тынысын толғады.  Сондай-ақ, Қуандық Бүрлібаев, Шамшат Төлепова сынды жыраулардың өнері бейнежазба арқылы көрсетілді.

Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Жиенбай мен Шораяқтың  Омары, Тұрмағамбет ақынның, Үбісұлтан шежірешінің жыр термелерін Жаппар жырау өзінің қайталанбас мақамдарымен ел-жұртқа терең насихаттады. Ал ғасыр түкпірінен жеткен мақамдары бар Қуандық жыраудың жыр мұрасы әлем алдында жоғары баға алды. Оның Германия елінде өнер көрсетуі, қазақ даласының жыр мұрасында елеулі оқиға болып қалды.

 Ақындық пен жыраулықтың байрағын биіктетіп, артында мол мұра қалдырған бабаларымыздың бүгінгі жалғасы осы жолдан айнымай, ұлтымыздың ұлық өнерін асқақтатып келеді. Жаппар жырау мен Қуандық жыраудың бүгінгі жалғасы Серік  Жақсығұлов,  Әділхан Қуаңбаев «Тасбергеннің маңырамасын», К.Құлмырзаевтың термесін  орындады.

Есімі елге етене таныс Шамшат Төлепова жастайынан Шораяқтың Омары мен Тұрмағамбет шығармаларын бойына сіңіріп, Нартай мен Рүстембек жыраудан дәріс алып, өзі де талай шәкіртті шыңға шығарды. Бүгінде Шамшат жыраудың шәкірттері Ұлжан Байбосынова және Ақерке Өтепбергенова даңғайыр өнерді өрге сүйреп келеді.

Жиенбай жырау салған жыр мекетебінің үздік өкілі, жыр жампозы Көшеней Рүстембековтің дауысы айрықша қуатты, жыры екпінді, мақамы мықты болған деседі. Жыр киесін жалпақ әлемге жастайынан танытқан Көшенейдің таланты да, талабы да, сол кездегі қырағы тыңдарманның оң бағасын алған еді. Жыраудың жұлдыз ғұмыры ерте сөнгенімен, өмірінің де, өнерінің де жалғасы – ұлы Арнұр Көшеней мен немересі Байбол Нұрболұлы  Көшеней жырын жаңа күнге жеткізді. Жыр жәрмеңкесінде өнер көрсеткен жыраудың ұрпақтары көңілі зерек көрермен қауымның ықыласына кенелді.

Ұлттық өнердің насихатшысы, жанашыры әрі жыраулық өнердің зерттеушісі Берік Рахманұлы, ұлы Динар Рахманмен бірге жауһардай құнды, жасампаз жырдың тиегін ағытты. Шежірелі Шиелі топырағынан шыққан атақты әнші-балуан Иманжүсіп, Сыр сүлейі Бұдабай, ағайынды Мәнсұр мен Нартай Бекежановтардың мол мұрасы күллі қазақ ұлтының ортақ құндылығына айналды. «Өздерің білер Нартаймын» деп, жырлаған Нартай Бекежановтың өнері әлем назарын аудартып, қазақ өнеріне тағы бір мәрте бас идірген еді. Осы орайда Шиелі өңірінің жыршылық мектебінің өкілдері –Ақмарал Ноғайбаева, Мұхаммедәлі Бекпейіс,  Нұртілек Ақтаев, Тоғжан Өтенова сырнай сазымен сызылта шырқады.

Аласапыран кезеңде өмір сүріп, ақырында ашаршылық құрбаны болған, Сыр бойының айтулы шайырларының бірі – Шәймен Дәрібаев. Сол заманның дүлділі, атақты ақын Бұдабайдан тәлім алып, Құлыншақ, Майлы, Құлан ақындармен қатар ғұмыр кешкен Шәймен ақын дәуір мұңын арқалап өтті.

Жыр кеші Руслан Ахметовтың «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындаған Кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп…» жырымен шымылдығын жапты.     

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: