Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

30°C

, Жұма, 19 сәуiр, 16:09

Көріктің киесі

26.01.2021

586

0

Қазақта ұстаның көрік басқан дүкенін қасиетті орын санайды. Дүкен ішінде ішімдік ішпек түгіл, артық-ауыз сөз айтылмаған. Ертеректе құс келіп, қайтқанда ұстайтын науқасы бар немесе шайтанның шалығы тиіп шошынған адамдарды дүкендегі көне көрікпен аластап, ауруынан айықтыратын болған. Тіпті әйелдердің баласы тұрақтамаса, жаңа туған шақалақтың кіндігін ырым қылып ұстаның төсіне кестіріпті. Ұста дүкенінің қасиетін осыдан-ақ пайымдай беруге болады. Сондықтан халқымыздың ұғымында ұста да, оның ұстаханасы да қасиетті саналған. Сондай қасиет қонған кісілердің бірі – темірден түйін түйген Дүйсен ұста.

Кеңестік дәуірдегі Құдайсыз қоғамда аты аталмай кеткені болмаса, он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Дүйсен ұстаның дүкені Қазалы ауданына қарасты құм ішіндегі бірнеше ауылдың жоғын түгендеп, жыртығын бүтіндеген. Ауыл халқына қажетті тұрмыстық заттардың барлығы да Дүйсен ұстаның қолынан шығыпты. Диқандар үшін жер жыртатын соқадан бастап, аңшылардың мылтық, қақпан-тұзақтары және күнделікті үй тіршілігіне қажетті құрал-саймандар мен үйдің кәдесіне жарайтын бұйымдарға дейін соғыпты.


Жуырда Жаңаталап ауылындағы ұста Шарапат ағамыздың отбасына барып, Мейрамкүл апамызға сәлем берудің сәті түсті. Шарапат ағамыздың өзі дүниеден озғанымен, қара шаңырақты кенже баласы Бердібек ініміз ұстап отыр екен. Шәй үстіндегі әңгіменің ауаны жоғарыда айтып отырған Дүйсен ұстаның дүкеніне бұрылды. Жасынан игі жақсылардың көзін көріп, қызмет қылып, батасын алған Мейрамкүл апамыз Дүйсен ұстадан қалған көрікке байланысты бір қызықты оқиғаны айтқанда, ұстаның қолы тиген құралдың қасиетіне тағы бір көзіміз жеткендей болды.


– Менің үлкен қайын атам Дүйсен дүкен ұстаған. Бірақ маған ол кісіні көру бақыты бұйырмады. Өзінің туған топырағы Қазалы өңі­рінде қалған. Бай-манапты қуғын-сүргінге ұшы­ратқан өткен ғасырдың жиырма-отызыншы жыл­дары қайын атам Тілес Ауғанстанға ауып бара жатып, осы Жаңаталапта қалып қойыпты. Дәм-тұзы жібермеді ме, топырағы да осы жерден бұйыр­ды. Менің жолдасым Шарапат Қазалыдан Жаңа­талапқа келгенде жеті-сегіз жасар бала екен…

Бірді айтып, бірге кетеміз-ау, сонымен үлкен қайын атам Дүйсен көшіп-қонған жеріне ұста дүкенін құрады. Көрігі мен төс темірін өзімен бірге арқалап жүреді екен. Жұрт малының жайылымына қарай жаз жайлау, қыс қыстауын сайлап жүрсе, менің атам дүкен құратын жерін ыңғайлап жүретін болыпты. Бір төбенің қалқасына үйін тіксе, екінші төбенің ойына дүкенін тұрғызады екен. Таң атқаннан күн батқанша дүкеннің есігі бір жабылмайды. Кейде бастаған жұмысы аяқталмай қалса, сол түні таң атқанша ұстаханадан тарс-тұрс соғылған темір балғаның дауысы мен жарқ-жұрқ етіп от шығып тұрады екен. Ол көрініске талай адам куә болыпты. Дүкенді үйден алыстау жерге құратынының мәнісі де сол екен, – дейді Мейрамкүл апамыз.


Мейрамкүл апамыздың айтуынша, Дүйсен ұстадан бес қыз, төрт ұл болған. Алғашында әйелі дүниеге кілең қыз бала әкеле берген соң, Дүйсен атамыз өзінің ізін басып, ісін жалғастыратын бір еркек кіндікті зарыға күтеді. Бесінші қызы өмірге келгенде іштерінен «Құдай көпсінбесінді» мың мәрте қайталап, әлгі қыз баланың есімін азан шақырып Тойдық деп қойыпты. Құдай тілегін қабыл етіп, сол қыздан соң ер бала дүниеге келеді. Құдайдан тілеп алған бала болған соң оның атын Тілес деп атапты. Тілестің артынан тағы ер баланың қарасы көрінеді. Тілеске жалғасып келген соң оның ныспысын Жалғас деп қойыпты. Құдай беруін Жалғаспен тоқтатпай бұларға тағы да бір көз қуаныш сыйлайды. Соңымнан еретін қара қалмай ма деп жүргенде бірінен соң бірін беріп қуантқан Құдайға шүкір айтып, ол ұлдың атын Қуандық қояды. Ал одан кейінгі шар еткен шақалаққа «Алла тілегімізді қабыл етіп, мұратымызға жеткізді» деген тәубемен Мұратбай деп есім беріпті.
Дүйсен ұста дүниеден өткеннен кейін дүкенін баласы Жалғас ұстапты. Дүйсен атамыздың да ер баланы аңсағандағы мақсаты да сол. Жалғас ұста да дүниеден өткенше әкесінен қалған ұстахананы мейілінше таза ұстап, әке аманатын адал атқарады. Дүйсен атамыздың одан кейінгі ұрпақтары дүкен ұстамағанмен, заманға лайық ұсташылық жұмыстармен айналысып, халықтан алғыс алды. Мәселен, ауданға қарасты бірнеше ауылдардағы көп үйлердің құрылысында біздің барған шаңырағымыздың иесі Шарапат ағамыздың және ол кісінің балаларының қолтаңбасы бар.
– Енем Мәрзия бізге көріктің қасиеті жайлы айтқанда: «Атамнан қалған сол қасиетті көрік төрде ілініп тұратын. Көріктің сырты қызыл былғарымен қапталған және күтіп ұсталғаннан ба, әлде өзінің қасиетінен бе екен қанша жыл бүйірі ісіп-кеуіп от үрлесе де бүлінбеген. Төрде ілініп тұрған сол көрікке ұзақ қарап тұра алмаушы едік. Көзіңді қарып кететін қасиеті болатын. Оттай болып лаулап тұрған қызыл былғары жанарыңды еріксіз тайдырып жібереді. Соғыстың зарын талай адам тартты. Соғыс аяқталған соң да ел ішінің жағдайы жақсарып кете қойған жоқ. Жеткізбейтін қу жоқшылық. Дүйсен атамыздың кенже баласы Мұратбай сол көрікті қаптаған қызыл былғарыдан кебіс тігіп алғысы келген. Мұны естіген Тойдық інісіне: «Ол әкемізден қалған қастерлі дүние ғой. Тиіспе! Әкеміздің қолының табы қалған мүлікті табаныңа салып, қорлама, – дейді. Сонда да Мұратбай көнбей: «Өз әкемнің көрігі ғой, маған ештеңе етпейді. Әкемнің баласына жаманшылығы бар деймісің?! – деп былғарыға пышақты салған кезде, көрік мауыздалған малдай қорқырап қоя береді. Құдды жаны бар жануар секілді қиналған қатты дыбыс шыға­рады. Қорқыншыты һәм таңғажайып оқиғаға сол жерде біраз адам куә болады. Бір қызығы, көрік бүйіріне пышақ тиген күннен бастап араға ай салып бір мәрте қорқырап қорқынышты дыбыс шығаратын болыпты», – деп оты­ратын дейді Мейрамкүл апамыз.
Қорқырап жатқан көрік сабасына түскен соң, Тойдық апамыз құран оқып, ұста інісі Жалғастың басына апарып қояды. Сол оқиға боларда Мұратбайдың әйелі Орынкүл жаңа босанып отыр екен. Көрікті кескенде өткір кездіктің ұшын бала емізіп отырған әйеліне қарата салған екен. Көп кешікпей баласы шетінеп, әйелі қайтыс болады. Кейін Тойдық апамыз інісіне кейігенде: «Пышақтың ұшы өзіңе қарап тұрғанда сен кететін едің. Келінім аман қалатын еді…», – деп отырады екен.


Ұстаның қара шаңырағын қастерлеп ұстаған Мейрамкүл апамызға әруақтардың шарапаты тиіп, өсіп-өніп, бүгінде үлкен әулетке айналды. Мейрамкүл апамыз келін болып түскен кезде түс көреді. Түсінде үй жинап жүрген жас келіншекке басында тақиясы, үстінде түйе жүн шекпені, белінде қызыл қайыс белбеуі бар ірі денелі ажарлы адам: «Балам, маған дәрет суымды дайындап бер» дейді. Келіні дереу жер ошақ қазып, суын жылытып, ұсынады. Бұл түсті бір емес, бірнеше мәрте көреді. Соңғы кіргенде әлгі кісі: «Міне, балам, ал! Ошағыңның оты сөнбейді» деп қолына құманды ұстатып кетіпті. Жаңа түскен келін түсінен қорқып, әрі-сәрі күйде жүргенде бірде енесі (Жалғас атамыздың әйелі) Мәрзия: «Саған не болған, жүдеп кетіпсің ғой, ауырып жүрген жоқпысың?», – деп сұрайды. Сонда апамыз түсініксіз түс көретінін және түсіне кіріп жүрген кісінің түрін сипаттап айтып берді. Сонда енесі: «Бұл – аян. Түсіңе кіріп жүрген кісі сенің атаң Тілес қой. Құманды қолыңа ұстатқаны – отымды жағып, ошағымды күзететін адам бар деп саған сеніп кеткені. Бұл жақсы түс. Құдай қаласа, ұрпағың көбейіп, үбірлі-шүбірлі боласың», – депті.
– Ауылдың іргесіндегі бейіттен түнде шырақ жанып тұрады. Мен өзім төрт мәрте көргенмін. Одан кейін көруге қорықтым. Сол бейітте Дүйсен атам ұстаған көрік жатыр. Ол көп адамға көрінеді. Ідіріс (Ақмырзаев) молда ауылға көшіп келген соң үйге арнайы келіп, құран бағыштап кетті. Таң намазына тұрып, дәрет алуға шыққанда атамыздың басынан жанып тұрған шырақты көретінін айтты. Өлі риза болмай тірі байымайды, 2019 жылдың наурыз айында балаларыма айтып, аталарым жатқан бейіттің басына көріктің суретін салғызып, сонда жатқан әруақтардың аты-жөндерін жаздырып, белгі қойдырдым. Аталарымның және олар тұтынған киелі көріктің қасиетіне біз қарыздармыз, – деп Мейрамкүл апамыз әңгімесін аяқтады.

Қуат Ахетов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: