Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 10:24

Күннің шуағындай, білімнің шырағындай

10.03.2021

697

0

Әрбір адам өз мамандығы бойынша қоғамға қызмет қылады. Соның ішінде мұғалімдер де бар. Мұғалім де мамандық. Тек халық санасында олардың дәрежесі өзгелерден бір саты биік және оны түсіндіріп жатудың өзі артық. Әрбір мұғалім өз мамандығында ұрпақтың болашағы, мемлекеттің келешегі бар екенін сезінгенде ғана ол жай ағартушы маман емес, нағыз ұстазға айналады.

Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келіп, сол топырақта туып-өскен Шәймерден Төлегенұлы ұзақ жыл білім беру саласында қызмет етті. Аққыр ауылындағы №188 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Үш-төрт буын ұрпаққа ұстаз болды. Шәймерден ағайдың сабақ өтудегі әдіс-тәсілі өзге мұғалімдерге ұқсамайтын. Оқушы кезде аңғармаған шығармыз, бірақ қазір сол шақтарды еске алып отырсам, ол кісі білім саласының қатып қалған жүйесіне бағына бермеген екен. Сабағы тым еркін, қызықты өтетін. Әсіресе әдебиет сабағында тақырыпты талдап таратуы ерекше еді. Ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқын, оқиғадағы іс-әрекеттерін «анау пәленшиев сияқты болған ғой» деп сыныптағы балаларға теңей салатын және онысы сол баланың болмысына дәл келетін. Біз ол кезде тек жақсылы-жаманды кейіпкердің әдеби кейпіне еніп, көз адымызда тұра қалған әлгі оқушыларды әжуалап күлгенді ғана білдік. Ал ағайдың сол сабағы қазір өтсе, ол кісінің әрбір астарлы сөзін миымызда қорытып, ойланып, таңғалып отырған болар едік. Бүгін ойлап отырсам, ұстазымыз тек қырық бес минутқа жоспарлаған сабағын өткізіп кетпей, сыныпқа кіргеннен, тіпті сабақ барысында да балалардың мінез-құлқын зерттеп, олардың әрбір іс-әрекетін, сөздерін, тіпті қимыл-қозғалысына дейін қалт жібермей бақылайды екен. Әйтпесе әр балаға қарап отырып «сен ертең мынадай мамандықтың иесі боласың» деп олардың келешекте кім болатынын дөп басып айтар ма еді?! Сыныптағы сол балалар кейінрек Шәймерден ағайымыз айтқан мамандықтар бойынша жоғары білім алып, қазір сол саланың нанын жеп жүр. Бұл кездейсоқтық емес, барша шәкіртін өз баласындай көріп, олардың болашағына жанашырлықпен алаңдап жүретін нағыз ұстаздың адам жанына үңіліп, олардың бейімділігі мен бойындағы қабілетін жазбай тануы еді.

Қайратты шашын артқа қайыра тарап, қалың қастары тікірейіп, қабағы түксиіп жүретін Шәймерден ағайдың түрі сұсты болғанымен, жүрегі жұмсақ тұғын. Ол кісінің сабақ өту ерекшелігін жоғарыда айтып өттім. Үйге берілген тапсырманы ғана сұрамайды, өтіп кеткен сабақтарды қосып сұрайды. Кейбір кезде тақтаға шығуын шыққаныңмен, екі иығыңның арасынан басың салбырап үнсіз тұрасың. Ол «сабаққа дайын емеспін» деген сиқың. Бірақ ондайда ағай журналға екілікті қонжитып қойып, зекіп, ұрыспайды. Өзіне ғана тән және өзі ғана түсінетін астарлы мысқылмен бір түйреп алады да, «Үй тапсырмасын оқымапсың. Жарайды! Басқа не оқыдың? Соны айтып берші, қане!», – дейді. Ол кездегі мектеп оқушылары тым болмаса бір әдеби кітап оқиды ғой. Сол оқыған кітаптардың есімізде қалған тұстарын міңгірлеп айтқан боламыз. Ал мүлдем әдеби кітап оқымаған балалардан ертегі сұрайды. Егер бір ертегінің желісін бұзбай, сөздерін шашау шығармай түп-түгел бастан-аяқ айтып берсе, сол баланың күнделігіне семіз «бестікті» байлап жібертін. Содан соң бізге: «Ертегі тыңдамаған, ертегі оқымаған адам әдебиетті түсінбейді», – деп кейіп қояды. Алғашында дардай болып тақта алдында ертегі айтып тұруға ұялсақ та, кейін оған да үйреніп кеттік…

Біздің буынның шаш қайыра бастаған шағы тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға тұспа-тұс келді. Ол кезде мектептегі асхана да жұмысын тоқтатқан. Төменгі сыныптағылар үзілісте шешелері үйден сөмкелеріне салып жібергендерін талғажау қылады. Ал жоғары сынып оқушыларына сыныпта нан күйсеп отыру ұят. Жасыратыны жоқ, ішегің шұрылдап алтыншы сабақтың соңына әрең шыдайсың. Кестеге сәйкес келмесе де кейде соңғы сабақ әдебиет болады. Біз ондайда қуанамыз. Ертегі айтып беріп, бестік баға алу үшін емес. Шәймерден ағай сыныпқа кіріп, орнына жайғасқан соң біздің жүзімізге бажайлап бір қарап шығады. Сосын:
– Қарындарың ашты ма? – дейді.
– И-ә-ә! – дейміз біз қозыдай жамырап.
– Байқап отырмын. Сендер аштыққа шыдамай­сыңдар. Өйткені сендер экологиялық аймақта дүниеге келіп, улы ауаны жұтып өмір сүріп жатырсыңдар. Жеп жүрген тағамның құнары жоқ, сондықтан денсаулықтарың жоқ. Сендерді қазір бір сағат ұстасам, үйлеріңе жете алмай қаласыңдар. Сабақ түсіндірсем миларың қабылдамайды. Өйткені, сендер дәл осы кезде алдарыңнан шешелерің дайындап қойған картоптың ыстық ботқасы мен таба наннан басқа ештеңені ойлап отырған жоқсыңдар. Сондықтан шуламай ғана қайтыңдар! – дейді.
Бізді түкке жарамсыз қылып тастаса да, сабақтан босатқаны үшін ағайымызға алғыс айтып, үйге қайтамыз. Ол кезде экология, лас ауа, тамақтың құнары деген сөздерді аса терең түсіне бермейміз. Есейіп қалғанымызбен, үлкен өмірді көрмеген біз үшін Ай да, Күн де орнында еді. Асырайтын әке-шешеміз болған соң сол өтпелі кезеңнің қиындығын да аса сезіне қойған жоқпыз. Ал бүгін ойлап отырсам, сол кезде тәуелсіз мемлекеттің жаңа жүйесіндегі саяси шиеленістер мен күннен күнге төмендеп бара жатқан халықтың әлеуметтік ахуалы және басқа да өзгерістерді сараптап, өз көзқарасын білдіре алатындай дәрежеде сауаты бар Шәймерден ағай біздің болашағымызға, елдің ертеңіне алаңдаған екен ғой…

Ол кісі өзінің қызмет еткен әр жылдары аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинет меңгерушісі, Аққыр ауылындағы №188 орта мектепте мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және Қаракеткен ауылындағы №114 мектептің директоры, Республикалық Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында қазақ тілі кабинетінің меңгерушісі болды. Шәймерден Төлегенұлының есімі бүгінде елімізге белгілі. Зейнеткерлікке шыққан соң отбасымен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударды. Ұстаздық жолы жазушылыққа ұласты. Қолына қалам алғаннан республикалық газет-журналдарға, жергілікті мерзімді басылымдарға ел тағдырына қатысты өткір һәм өзекті мақалалар жариялай бастады. Ол мақалалар қоғамдық пікір туғызып, көтерген мәселесінің төңірегіндегі сірескен сеңнің сөгілуіне ықпал етті. Журналистер одағына мүшелікке қабылданып, бес жылға жуық халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінде руханият бөлімінің редакторы қызметін атқарды. Шәймерден ағай нағыз патриот, елжанды адам еді. Отанына, оның тарихи-рухани мұрасына, мәдени-әдеби құндылықтарына деген құрметі мен сүйіспеншілігі ерекше болатын. Елге, жерге деген іңкәр сезімінен «Ай астындағы Ақмешіт» деген романы дүниеге келді. Сонымен бірге ауылына, өсіп-өнген қара шаңырағына деген сағынышынан төгіліп түскен «Үш түп ши» атты әңгімесі де оқырманды бей-жай қалдырмайды. Одан да басқа бірнеше прозалық шығармалардың авторы атанды. Республикалық байқаулардың жеңімпазы. 2003 жылы Филипп-Морис компаниясы ұйымдастырған байқауда «Арал теңізін қалпына келтіру проблемалары» атты еңбегі бас бәйгені жеңіп алды. Бір шығармасының желісі бойынша Пекинде деректі фильм түсірілді. Бұлардың барлығы да Шәймерден Төлегенұлының журналистика саласындағы еңбегіне берілген лайықты баға еді.

2011 жылдың маусым айы. Таңертеңгілік уақыт. Кабинетке жас шамасы жетпіс-сексенді еңсеріп қалған бір кісі кірді. Бастан-аяқ аппақ болып киінген. Сәлемі, жүрісі, қимылы да сыпайы. Дауысы да барынша баяу. Өңі де ақ шүберектей. Әдетте есіктен кіргеннен дауысын соза амандасып, салдырлап келетін ауылдың ақсақалдарына мүлде маңайламайды. Ішкі мәдениеті мен зиялылығы сыртқа ұрып тұр. Аудандағы жалғыз ақпарат тарату орталығы болған соң редакцияға күніне қаншама адам келіп-кетеді. Кейде сырттан келген қонақтар да бас сұғады. Олар бізге сәлем беруге келмейді. Елінен жырақта жүрген адам туған жерін аңсайды, сағынады. Сол сағыныш сезімі әбден санасын шірегенде ол өлең болып немесе естелік болып қағазға төгіледі. Содан соң сағыныштан туған сол жып-жылы дүниелерін туған жеріне жолы түскенде аудандық газетке алып келеді. Әлгі кісіні де сыртта жүрген осы елдің тумасы шығар деп топшыладым ішімнен. Орындық ұсындым, жайғасты. Редакцияның мекен-жайы ауысып кеткенін, күннің ысып кеткенін сөз қылып отырды да, «Қуат, сен мені танып отырсың ба?», – деп шәпкесін шешті. Түріне енді зер салып қарадым. Сол баяғы Шәймерден ағайым. Сыртынан өзім мақтап, мақтанып жүретін ұстазымды танымай, масқара болдым. Бір жыл бұрын ол кісі бізге электронды пошта арқылы Елбасының еңбек жолы жайында жазылған «Магнитка симфониясы» деген тақырыптағы тарихи-көркем хикаятын жіберіп, газеттің 3-4 нөміріне бөліп жариялаған едік. Оқырман да жылы қабылдаған. Сол уақыттан бері ара-тұра телефон арқылы тілдесіп тұратынбыз. Енді міне, тым болмаса дауысын да танымай қара басып қалды. «Сасқан үйрек артымен жүзедінің» керімен орнымнан ұшып түрегеліп қайта қолын алдым. «Ағай, өзгеріп кетіпсіз ғой…», – деп ақталған болып, кешірім сұрап қызарақтап жатырмын. Енді қайтесің, мектеп бітіргеніме жиырма жыл болса да ұстазым менің түрімді ұмытпайды, ал, мен ол кісіні танымай отырмын. «Сендерде күнделікті қат-қабат тіршілік қой, газеттің жұмысын білемін. Оның үстіне мен де жұмыстың қызған уақытында келген сияқтымын», – деді менің ыңғайсыз күйге түсіп апалақтап қалғанымды аңғарып. Расында, сол күні газеттің кезекті саны шығып жатыр еді. Газетке салынатын материалдарды дайындап, тұрақты оқырмандардан келген хаттарды сұрыптап, күзеп-түзеп, өңдеп жанталасып жатқанбыз…

Нұр-Сұлтан қаласынан елге келгеніне екі күн болыпты. Менің амандығымды білген соң, өз жайын, шығармашылықтағы жаңалықтарын айтты. Газетке бір рухани маңызы бар мақала алып келіпті. Келесі нөмірлердің біріне саламыз дедім. Көп отырған жоқ, сыртта көлік күтіп тұрғанын айтып орнынан көтерілді. Ере шықтым. Көлікке дейін шығарып салдым. Бір кезде маған: «Айтпақшы, менің телефоным жоғалып, жаңа телефон алып едім. Оны да жаңа үйде қалдырып кетіппін. Маған нөміріңді айт», – деді. «Ағай, онда қазір мен іштен қағазға жазып әкеліп берейін», – деп артыма бұрылғаным сол еді, «Ау, қайда барасың? Айта берсейші, жаттап аламын ғой», – деді. Таңғалып түріне қарадым, әзілдің нышаны байқалмайды. Нөмірімді айттым. «Болды, үйге барған соң телефоныма сақтап қоямын», – деп қоштасып жүріп кетті. Сенер-сенбесімді білмей қала бердім…

Бір сағаттан соң бөтен нөмірден қоңырау түсті. Көтердім. Шәймерден ағайым.
– Осы менің нөмірім, сақтап қой! – деді.
– Ағай, шынымен жаңа бір айтқанда-ақ жаттап алдыңыз ба? – деймін таңданысымды жасыра алмай.
– Он бір таңбалы санды есіме сақтай алмасам, несіне қалам ұстап жүрмін, – деді күліп. Онысы маған тиіп кетті. Бірақ, даусында ешқандай мысқыл да, кекесін де жоқ. Расында, шет ел классиктері мен қазақ ақын-жазушыларының бүкіл шығармаларын үтір-нүктесіне дейін жатқа айтатын ұстазыма он бір-ақ саннан тұратын нөмірді жаттау қиын дейсіз бе?!

Бір сыныптасым осы кісінің есте сақтау қабілетіне қатысты өзі куә болған бір қызық жағдайды айтып берген. Осыдан 10-15 жылдай уақыт бұрын үлкен сауда орталығын аралап жүрген Шәймерден ағайымыз қарама-қарсы кездескен бір әйел адамды тоқтатып:
– Сен Әлима емеспісің? – деп сұрайды.
– Иә, – дейді абдырап қалған әлгі кісі.
– Сен 1960-1964 жылдары Қызылордадағы пед­инсти­туттың филология факультетінде, 2-ші топта оқыдың ба?
– Иә! Сіз кімсіз? Танымадым…
– Мені танымауыңыз мүмкін. Мен сізден бір курс жоғары оқыдым. Бірақ, біздің бөлімде өзіммен қатарлас оқыған жігіттер мен қыздардың көбі есімде. Сіз екінші курсқа дейін үстіңізге әдемі гүлі бар шыт көйлек киіп жүрдіңіз ғой. Ұмытып қалған жоқсыз ба?

Осы сөзді айтқанда апамыз таңданысын жасыра алмай, «Сізге риза болып тұрмын. Міне, нағыз педагог! Үйге жүріңіз, отбасымнан дәм татыңыз», – деп жік-жапар болады. Алайда, Шәймерден ағай уақыты тығыз екенін түсіндіріп, пейіліне рахмет айтады…

Осы әңгімені сыныптасымнан естігенде онша иланбаған едім, ағай редакцияға келген күні оған сенбеске амалым қалмады. Қараңызшы, сауда орталығындағы кездейсоқ кездесуде ол кісілердің жоғары оқу орнын бітіріп кеткеніне қырық жыл болған, ал, менің телефон нөмірімді жаттап алатында ағайдың жасы сексенге таяп қалған. Санасының сергектігіне, жадының мықтылығына қалай таң қалмайсыз, қалай құрмет көрсетпейсіз енді…

Өмірдің, уақыттың өз заңы бар және оны ешкім өзгерте алмайды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ардақты аға, аяулы ұстаз, қарымды қаламгердің дүниеден озғанына да екі жыл болыпты. Шәймерден Төлегенұлы 2019 жылы сексенге қараған шағында бақи сапарына аттанды. Артында қоғамның әр саласында абыройлы қызмет істеп жүрген ұл-қыздары мен ауданымыздың медицина саласына еңбек сіңірген жары Райкүл апамыз қалды. Соңында саналы ұрпағы бар адамды, қаншама шәкірт тәрбиелеген ұстанымы бөлек ұлағатты ұстазды өлді деуге әсте болмайды. Ендеше, Шәймерден ағайдың да екінші өмірі басталғанына сенеміз. Енді ол кісінің мәңгілік ғұмыры ұрпағының, шәкірттерінің жүрегінде жалғаса береді.

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: