Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 05:19

Некенің бұзуылуына не себеп?

14.08.2024

206

0

Заман дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасымен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Бұл-бұлтартпас шындық. Себебі, заманға сай адамдардың психологиясы өзгеріске ұшырайды, бір қалыпта тұрмайды.

Сонымен, адамның қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгереді. Осыдан біраз жыл бұрын ажырасуға бару-үлкен күнә, қылмыс немесе ерсі қылық ретінде қабылданатын еді. Гендерлік құқық заңнамасы қабылданған соң, ажырасу фактісі де көптеп тіркеле бастады.

Бұрын дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген ұғым мүлде болмаған. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөздерін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы дәмсіз ұрыс-керісті болдырмай реттеп отырған. Сол себепті ажырасу деген ұғым мүлде болмаған. Неке және отбасы мәселелерін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыш ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдардың кең етек жая бастады дейді. Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың неке бұзуы болған.

Неке бұзудың себептері көп. Бірақ басты себептері не деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Осы сұраққа жауап ретінде психологтардың тұжырымы бойынша мынадай себептер бар: перзенттің болмауы. Адамның отбасын құрғандағы басты мақсаты – ұрпақ өсіру, артына із қалдыру, бала тәрбиелеу, оның қызығын көру. Бұл қазақ ұлтына тән мінез, тән қалау. Оның үстіне, ұлттық мінезіміз бен менталитетіміз бөлек. «Балалы үй-базар, баласыз үй-қу мазар» деп айтылады. Міне осыдан кейін жас отбасылар неке бұзуға ниеттенетіндігін көруге болады.

Түсініспеушілік немесе мінездің жараспауы. Түсініспеушілік қандай жағдайда туындайды? Ол екі жастың асығыс отбасын құру туралы шешім қабылдауынан, бір-бірін жете танып-білмеуінен туындайды. Оған себеп-үйленгенге дейін көңіл қосып, қазір тілмен айтқанда кездесіп жүргенде өздерінің шынайы бет-бейнесін, мінезін көрсетпеуі, өздерінің болашақ жары қандай болғанын қалайтыны туралы толық жеткізбегендіктен.

Нәпсі құмарлықтың кесірі. Ер адамдардың араққа, құмар ойындарына, букмекерлік ұйымдарға тәуелділігі, наркотикалық, психотроптық нәрселерге байланысты да ажырасушылар көп.

Дінге көзқарастарының сәйкес келмеуіне байланысты да кездеседі, одан қалса теріс жүріс жүруге әуестік басым. Бұлар – әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Алайда, осындай жағдайлар ішінара әйелдер арасында да кездеседі.

Тұрмыс тауқыметі. «Неке бұзуға қандай себеп болды?» деген сұраққа әйелдердің күйеуім табыс таппады, жатып ішер, жалқау деп жауап беретіндері де аз емес. Егер, ер адам отбасын құруға, бір жанұяны асырауға дайын болмай, соқыр сезіммен, желікпен үйленер болса, оның ақыры-неке бұзуға әкеп соқтырады.

Осы аталған себептерден де бөлек көптеген себептер бар. Олардың қатарына кінәсін мойындамау, тәкаппарлық, қырсықтық, кекшілдік, ата-енелердің шамадан тыс жеке өмірлеріне араласуы, өз қалауымен қосылмау, бір-біріне сенбеу және т.б.себептерді атауға болады. Неке бұзу жанжалдан басталады. Қазіргі кезде жанжалды реттеу, бір-біріне түсіністікпен қарау, мәмілеге келу қажет. Түсіністік танытатын кезде, жағдайды саралап, барлығын ойланып, екі жаққа да тиімді болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңізге құрбандыққа бару керек болса, бару керек. Ол – сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.

Жалағаш аудандық сотының

бас маманы Д.Ә.Шадаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: