Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сәрсенбі, 08 қазан, 12:51

«Аққұм-Жер» қамбасы астыққа толды

07.10.2025

37

0

«Аққұм-Жер» шаруа қожалығының ұжымы жаз бойы тынбай еңбек етті, мақсат – күзде қамбаны астыққа толтыру. Сыртынан қараған жанға егін саласының бүгінгі жұмысы ерте көктемде жерге дән тастап, күзде оны жинап алумен шектелетін сияқты. Бірақ байыбына бармасаң, талмай еңбектенбесең, мол астық алу қиынның қиыны. Мұны шаруашылық ұжымы жақсы түсінеді, кешегі жазда күріштің күтіміне басымдық беріп, атыз басында аянбай еңбек еткені де сондықтан.

Шаруашылық ротация тәртібіне қа­таң қарайды, су мәселесі қос бүйір­ден қысқан шақта бұған түсіністік таны­та­мыз. Былтыр 738 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен шаруашылық ұжымы әр гектардан 50 центнерден өнім жиды. Мұндай мол астыққа кенелудің түбінде қарапайым дала дарабоздарының еңбегі жатыр. Ал мұны шаруашылық төрағасы Рүстем Сәрсенбаев жақсы түсінеді, жыл сайын әріптестеріне жалақыдан бө­лек қосымша қаржылай сыйақы үлес­ті­­ретіні де сондықтан. Ол се­­ріктестіктің бүгінгідей дәрежеге кө­те­рі­луін әлі де сол әріптестерінің ең­бе­гі­мен байланыстырады. Былтыр ауыл ең­­­беккерлеріне жалақыдан бөлек қо­сым­­­­ша 30 млн теңге сыйақы үлестірді. Ал оның қарапайым шаруа адамдарына үл­­­кен ша­быт беретіні айтпаса да ­түсі­нік­ті.

Шаруашылықтың егіс басына өт­кен айдың басында бір бардық, қыр­күйек­тің алғашқы күнінде күрішке орақ салған комбайнерлердің қарқыны қат­ты. Бұйыртса, «айдың соңына дейін бі­тік шыққан өнімді жинап алар» деп топ­­шылағанбыз. Ойымыз тура келді. Қа­­занның басында қамбасын астыққа тол­­тырған еңбек ұжымы дала жұмысын бірыңғайлапты.
«Аққұм-Жер» шаруа қожалығы би­ыл 900 гектар алқапқа күріш еккен. Оның 625 гектары – «Лидер», қалғаны «Ян­тар» сұрпынан екен. Қазір күріштің бұл қос сұрпының да қолданысқа ен­геніне 10 жылдан асты. Соңғы 1-2 жылда Сыр салысының ауруға ұшырауы да сон­дықтан. Мұндай тығырықтан алып шы­­ғатын жалғыз маман – агроном. Был­­тыр да «Аққұм-Жер» дәл осы мә­селемен бетпе-бет келді, бірақ биыл да кү­ріштің дәл осы сұрпын екті. Өйткені Рүс­тем Сәрсенбаев жаңа агроном Ас­қар Алиакбаровқа сенім артты. Тіс қақ­қан маман көп ұзамай шаруашылық мол өнім алу үшін тың жаңалығын ала келіпті. Соның нәтижесі болар, биыл ди­қандар мұндай мәселеден арылғанын айтады.

– Қазір «Лидердің» де қолданысқа енгеніне 12-13 жыл болып қалды, қанша дегенмен тұқым тозады ғой, былтыр күріш ауырды, биыл мұндай мәселе қайталанған жоқ. Мұның бәрін агрономның үлкен ізденісінің және шаруашылық ұжымның ауызбіршілікпен іс қылуының арқасында жеңіп отырмыз. Ерте көктемнен жерді уақытылы өңдедік, өнімге 6 түрлі тыңайтқыш себілді. Уақытында су тапшылығы да болды, бұл тек бізде ғана емес, барлық шаруашылықта болды деп ойлаймын. Бірақ біздің диқандар мұның бәрін кезектесіп су алу арқылы еңсерді. Екіншіден, біз ротацияға басымдық береміз, күріш көлемін көбейтіп, одан сапасыз өнім алған абырой емес, керісінше сапаға жұмыс жасауымыз керек. Сонда ғана жаз бойы атқарған еңбегіміздің жемісін көруге жол ашылады. Биыл да еңбек адамдары талмай жұмыс жасады, соның арқасында биыл өнім жақсы болды. Егін жинау жұмыстары кезінде 1 күн жауын болды, несібемізге қалған күндері ауа райы да қарасты. Шүкір, қазір егін жинау жұмыстарын бірыңғайлап отырған жайымыз бар, – дейді төраға Рүстем Сәрсенбаев.
«Аққұм-Жер» ауылдағы 84 адамды жұмыспен қамтып отыр, алдағы уақытта жер көлемі көбейсе, төраға басқа да ауыл азаматтарының екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік бермек. Күріштің бағасы соңғы уақытта күрт түсіп кетті, бірақ өткен жылы да, биыл да мұндағы еңбеккерлердің жалақысы көтерілген.
Шаруашылық күріштен бөлек 200 гектар бидай, 200 гектар жаңа жоңышқа егіп, 625 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған. Ақегіс жұмыстарын маусымның алғашқы онкүндігінде қорытындылап, бидайдың әр гектарынан 9 центнерден өнім жиды. Мұнан «Аққұм-Жердің» егінді әртараптандырып, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық бергенін аңғару қиын емес.
Шаруашылық соңғы уақытта техника паркін жаңалауға да басымдық берген. Жыл сайын маусымдық жұмыс басталғанда жаңадан 2-3 заманауи техника алады. Рүстем ағамыз келер жылы да егінге қажетті 2-3 техника келетінін айтады. Бұл жұ­мыстар еңбек өнімділігін арттыруда айтарлықтай маңызды рөл атқаратыны анық.
Біз бір нәрсені аңғардық, қазіргі таңда шаруашылыққа ай­маққа игі істермен аты мәлім «Асыл дән» ЖШС демеуші болып келеді. Түсінгеніміз, серіктестік өз пайдасына ғана қадам жасап, табысқа бір өзі кенелуден ада екен. Керісінше осы ауылдың бо­лашағына бас қатырады. «Қайтсек, Аққұмның әлеуетін арт­тырып, халқына жұмыс тауып береміз?» деген сауалға жауап іздейді. Серіктестіктің елді мекенде жаңа жобаларды қолға алып отырғаны да сондықтан. Бұйыртса, олар Аққұмнан құс фабрикасын ашуды көздеп отыр. «Одан серіктестікке ай­тарлықтай пайда түседі» деу қиын, оны өздері де жақсы біледі. Бірақ олардың бар мақсаты – ауылдан осындай жарқын жоба­ларды көптеп ашып, халықты жұмыспен қамту.
– Кәсіпкер үшін бірінші кезекте табыс тұратыны анық, кім табысқа кенелгенді қаламайды дейсіз, біз барлық жағын зерттеп, мүмкіндігімізше осы ауылдың халқын жұмыспен қам­тығымыз келеді. Бірақ оның бәрін бір мезетте жүзеге асыру да қиын шығар, сондықтан әлгіндей жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, осы ауылдың екінші тынысын ашуға басымдық береміз, – дейді төраға Рүстем Сәрсенбаев.
Жалпы Рүстем ағамыз сөзінен ісі алшақ адамның сұрпынан емес, ол расында халықтың мәселесін бірінші орынға қоятын азамат екенін бұған дейін де дәлелдеген. Бұл сөзімізді ауылдағы апаттық жағдайдағы көпір мәселесіне қатысты жағдай қуат­тайды. Ауыл әкімі елдің жайын айтып есігін қаққанда кет де­меді, керісінше халыққа қажет дүние болса, қолдауға дайын екенін дәлелдеп, сол көпір құрылысына қыруар қаржы құйды. Бұл жоба жайында басылымның өткен сандарында мақала жазғанбыз.
Жалпы қазақта «кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз бар, дәл осы сөз «Асыл дән» ЖШС ұжымына қаратып айтылғандай, Аққұмда күріш егіп, өз табысынан елдің мәселесін бірінші орын­ға қойды. Әлі де осы ауылдың абаттануына, әлеуетінің ар­туына басымдық беруге құлшынып отыр. Бұйыртса, жарқын жо­балары жүзеге асса, ауылдың басқа да азаматтары жұмыспен қамтылмақ. Алдағы уақытта елді мекеннің еңсе тіктеп, үлгілі ауылдар қатарынан көрінбесіне кім кепіл? Ал бұған серіктестік ұжымы тер төгуге дайын. «Мәскеу де бір күнде шаһар болған жоқ» дейтін еді аталарымыз. Алдағы уақытта Аққұмның да екінші тынысы ашылып, елдің өрісі кеңейеді деп сенеміз.

К.БАЛҒАБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: