Жалағаш аудандық статистика басқармасында ұзақ жыл еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сұлу Зейнешханқызы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Кейіпкеріміз өткен шақтың естеліктерін сағынып еске алады. Олай болатындай жөні бар, өйткені ол алдына нақты мақсат құрды, сол жолда табанды еңбек етті. Тағылымға толы ғұмыр жолында өзіне тек адалдықты, жауаптылықты, еңбекқорлықты серік етті. Соның арқасында қайда жүрсе де абырой биігінде болды.
Арал ауданының тумасы 1967 жылы Жалағаш ауданындағы Еспенбетовтер әулетіне келін болып түседі. Үй шаруасы мен қызметті де қатар алып жүруге қабілетті апамыз Жалағашта аудан орталығындағы балабақшада еңбек етті. Кейін, яғни 1973 жылы Жалағаш аудандық статистика басқармасына инспектор болып қызметке орналасты. Сол салада ұзақ жыл қызмет атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.
Иә, сыртынан қараған жанға статист маманның жұмысы тек есеп дайындаумен шектелетін сияқты. Алайда саланың ол кездегі қызығы мен қиыншылығын апамыз кеңінен тарқатқанда еңбегіне бас идік. Тікелей ауданның бірінші хатшысымен жұмыс жасап, әрбір саланың есеп-қисабын ұқыппен дайындау расында екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ қыруар шаруаны ширатып, сол жолда жауапкершілікті бірінші орынға қойған кейіпкеріміз басшылықтың сенім үдесінен шыға білді.
Қазір барлық сала цифрланғанда жұмыс та жеңілдеген болуы керек, бүгінде ауданның бұл басқармасында небәрі 3 адам жұмыс жасайды. Ал ол тұста аудан орталығының өзінде 20-дан астам маман болыпты. Оған ауылдық елді мекендерден бекітілген бір-бір өкілді қосыңыз. Осыдан-ақ аудандық статистика басқармасының кезінде қыруар шаруаны атқарғанын бағамдау қиын емес.
Сұлу Зейнешханқызы басқармада ауданның ауыл шаруашылығы саласы бойынша есеп-қисапқа жауапты болды. Бір жылда егіннен қанша өнім алынды, мал шаруашылығы бойынша қанша табыс кірді, тіпті оның терісі, жем-шөбіне дейін есепке кіріп отырды. Бірақ оның бәрін кейіпкеріміз кабинетте отырып жасаған жоқ. Шынында келген есеп дұрыс па, бұрыс па? Соның барлығына көз жеткізу үшін ауыл-ауылды аралап, нақты санын шығарып отырды.
– Әр саланың өзіндік талабы бар, сол қызметті абыроймен атқару керек. Біз нақты мақсатқа еңбек еттік. Аудан аграрлық өңір болғандықтан ең үлкен салаға мені жауапты етіп бекітті. Ең бірінші бастығым Қуантай Алдажаров деген азамат болды, содан бері қаншама басшымен жұмыс жасадым. Күріштің, егістің басқа да есептерін дайындайтынбыз, тіпті мал шаруашылығы бойынша ет, жүн, терінің есебіне дейін шығарамыз. Ол кезде ауданнан қаракөл терісі Семейге, жүн Жамбылға, ет өзіміздің Қызылорда қаласына жөнелтіледі. Соның барлығының нақты есебін жасайтынбыз. Тіпті қаракөл терісінің бірнеше сұрпы болады, ол бойынша бөлек-бөлек тағы есебін шығарамыз. Тіпті малдың жем-шөбі, пішенге дейін нақты есептеп шығаратын едік. Төрт түліктің қаншасынан қанша төл алынды? Соның барлығы бойынша нақты есеп бердік. Түсінген адамға статистика – жауапкершілікті талап ететін сала. Сол салада ұзақ жыл еңбек еттім, бүгінде Азамат баламыз бастаған бүгінгі буын біздің ізімізді басып, табанды еңбек етуде. Мейлінше кейінгі буынға үлгі болуға тырыстық, шүкір, одан жаман болғанымыз жоқ, – дейді сала ардагері.
Иә, Сұлу апай бұл салаға саналы ғұмырын сарп етті, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек етіп, бүгінде абыройға бөленіп отыр. Расында ол нақты мақсатқа жұмыс жасап, жастарға үлгі болды. Соның арқасында бірнеше рет марапат төрінен көрініп, облыс және аудан әкімдерінің, департамент басшысының алғыс хатын алды. Жастайынан нақты мақсатқа жауапкершілікпен еңбек еткен адамды абырой өзі іздеп табады екен. Кейіпкерімізбен сұхбатта осындай ойға келдік.
– Әр айдың соңында үйге уақытылы қайту дегенді білмейтінбіз. Өйткені сол кезде есеп беру жұмыстары қызады. Қазіргідей интернетті пайдаланып, әлеуметтік желімен есеп жібере қоятын сала цифрланбаған уақыт қой. Әрқайсысы есепті қолмен әкеліп береді, кейін оның растығына көз жеткізу үшін басына барып, тағы бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Небір қиын да қызықты күндер басымыздан өтті. Бірақ соның барлығына отбасымыз түсіністікпен қарады. Жаңа жыл мерекесінде жұрт той тойлап жатқанда біз жұмыста есеп дайындаумен басымыз қатып отыратын, – дейді Сұлу Зейнешханқызы.
Кейіпкеріміз жолдасы Ізбасар ағамызбен төрт баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ата-анасының жолын жалғаған балалары да әр салада абыройлы еңбек етуде. Ауылдағы үлкен ұлы ішкі істер саласында абыройлы еңбек етті. Бір қызы медицина саласында елдің денсаулық сақтау саласына еңбек етсе, тағы бір қызы білім саласында бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жолында ұстаздық қызмет атқарады. Кенжесі теміржол саласында электрик болып жұмыс жасайды. Еңбек ардагерінің өнегелі өмір жолы – тек ұл-қыздарына ғана емес, жалпы жастарға үлгі.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!