Таң атысымен мектепке асыққан балалар бүгінгі білімнің алғашқы күніне сән беріп тұрғандай. Сыртынан қарап, балалық шаққа бір сәт саяхат жасағанымыз да жасырын емес. Олардың мектепке алып ұшатындай реті бар, білімге әуес, ізденімпаз жастармен мемлекет болашағы тікелей байланысты. Аудандағы барлық мектепте өтіп жатқан салтанатты шарадан өзіміз үлкен әсер алдық, балалардың болашағы жарқын болып, ұлағатты ұстаздардың сенімі ақталсын деп тіледік.
Мөрәлі Шәменов ауылындағы білім ошағында да білімнің алғашқы күніне арналған салтанатты шара жоғары деңгейде өтті. Таң атысымен Әбдірашит Бердәулетов атындағы №34 орта мектеп алдына жиналған оқушылардың да, ата-аналардың да көңілі шат-шадман. Кенттен арнайы келген аудан әкімі Асқарбек Есжанов та ұстаздар мен ата-аналарға, оқушыларға ақжолтай тілегін айтып, мектеп табалдырығын аттап жатқан оқушылардың қадамына сәттілік тіледі, биылғы мектеп бітіруші түлектерге ағалық ақылын айтты, білім саласындағы оң өзгерістермен бөлісіп, салаға мемлекет тарапынан қолдау толастамайтынын жеткізді.
– Баршаңызды 1 қыркүйек – білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Расында ел мен елді, ұлт пен ұлтты, ұлыс пен ұлысты теңестіретін – білім. Себебі болашақтың кілті білімде, білімді ұрпақтың қолында. Олай дейтінім, әлемдік қауымдастықтағы Қазақстан өзінің тұрақты орнын алуына басты себеп те біздің білімді ұрпақ. Үш жүздің басын қосқан Абылай хан бабамыз «білектің заманы кетеді, білімдінің заманы келеді» деп бекер айтқан жоқ. Дана халқымызда «білікті мыңды, білімді мыңды жығады» деген тәмсіл бар. Қазірдің өзінде келешектің кілті кемел білімде екенін біз айқын аңғардық. Себебі білімді ұрпақ – ұлтты ұйыстырудың негізгі кепілі. Біз соны ұмытпауымыз керек. Салаға мемлекет тарапынан жасалған қолдаулардың орасан екенін жақсы білесіздер. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының, аймақ басшысының қолдауымен саладағы бірқатар мәселелер шешімін тапты. Ауданда үш ауысымдағы мектептер жоқ, апатты жағдайдағы білім ошақтары жоқ, Оның барлығы Президентіміздің, аймақ басшысының ауданға жасаған қамқорлығының арқасы деп білеміз. Облыста 2023-2024 жылдары 21 жайлы мектептің құрылысы басталады. Оның ішінде Жалағаш ауданында да 1 жайлы мектептің құрылысы алдағы жылы басталады. Оның өзі салаға жасалған үлкен қамқорлық деп білеміз. Мектеп табалдырығын аттап жатқан балаларымыздың қадамы құтты болсын, елдің болашағы да осы балалардың қолында. Балаларға сапалы білім беру жолында еңбек етіп жатқан барша ұстаздардың жұмысы жемісті болсын, шәкірттеріңіз сенімді ақтап, білім бәйгелерінде қадамы сәтті болсын, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Айта кетейік, қоғам қайраткері атындағы білім ошағы биылғы жаңа оқу маусымын 228 оқушымен бастап отыр. Сондай-ақ 19 оқушы мектеп табалдырығын аттаса, бір оқушы үйден білім алады. Ал 11 сыныпқа өткен 9 түлек ҰБТ-ға дайындықты жаз айларында бастап кетіпті.
– Биыл 11 сыныпқа өтіп жатырмыз. Алдағы уақытта ұстаздарымның артқан сенімін ақтауға бар қарым-қабілетімді, жиған білімімді жұмсаймын және осы жолда әлі де іздене береміз. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты бастап кеттік. Алдағы уақытта қалаған мамандығым бойынша жоғары оқу орнында мемлекеттік грантпен білім алу үшін ізденісті тоқтатпауға тура келеді. Өзім биыл «Алтын белгіге» үміткермін. Мектебіміз жаңа, ұстаздарымыз білікті, бізге енді тек білім жолында көп ізденуге тура келеді. Бүгінгі білім күнімен барша ұстаздарды, ата-аналарды, оқушыларды құттықтаймын. Алдағы уақытта сапалы білім алып, елдің ертеңіне адал қызмет ету – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді Жанира Тәттібай.
Иә, Ерболат Елдеев басшылық ететін бұл мектептің соңғы жылдары білім саласында жеткен жетістіктері көп. Мәселен, былтыр ауылдағы білім ошағын 9 түлек тәмамдаса, оның 8-і ҰБТ-да бақ сынаған. Алтауы мемлекеттік грантпен еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында сапалы білім алуға қол жеткізсе, екеуі колледждерде мемлекеттік грантпен білім алуда. Ал 1 оқушы әскери сала бойынша білім алып жатыр. Демек, бұдан біз білім ошағын бітірген түлектердің 100 пайыз оқумен қамтылғанын аңғарамыз.
Ә.Бердаулетов атындағы №34 орта мектеп – тарихы тереңде жатқан, елге белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандарын ұшырған қасиетті білім ордасы. Мектепте білікті, тәжірибелі мамандар жұмыс жасайды. Ауыл мектебінде білім беру саласында оқушылар жан-жақты сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Асқарбек Есжанов білім ошағының тынысымен танысып, ҰБТ-да аудан абыройын асқақтатып, ата-ана мен ұстаздарыңыздың сенімін ақтаңыздар деген тілек білдірді. Салтанатты шарада мектептің үздік оқушылары және мектеп табалдырғын жаңа аттаған бүлдіршіндер алғашқы қоңырау соғып, өз өнерлерін көрсетті.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!