Мұғалімдер күні – білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл еліміздің ұстаздары мен тәрбиешілері төл мерекесін 5 қазанда атап өтеді, деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz.
Бұған дейін мемлекеттік мерекелер тізбесі бойынша республикада Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтілетін. Қазір бұл датаны тойлау 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елінде атап өтілетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкес келеді.
Халықаралық мерекені тойлау күні сонау 1966 жылы Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференцияда бекітілген. Шара нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық ұйым өкілдері «Мұғалім мәртебесіне қатысты ұсыныстарға» қол қойды.
Кәсіби мерекеде ұстаздар мен тәрбиешілерге құрмет грамоталары табыс етіліп, мектептерде байқаулар, концерттер, басқа да түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бүкіл әлемде және Қазақстанда мұғалімдерді еліміздің жоғары лауазымды тұлғалары, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары құттықтайды.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы» АҚ мәліметтері бойынша бүгінде Қазақстан мектептерінде 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 66 648-і ерлер, 274 310-ы әйелдер.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. 220 мыңнан астам қазақстандық педагог аттестация нәтижелері бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстемеақы алады. Мысалы, шебер мұғалім 50%, мұғалім-зерттеуші 40%, сарапшы мұғалім 35%, оқытушы-модератор 30% алады. Жалпы республика бойынша педагог-модераторлар саны – 73 820, сарапшылар – 81 168, ғылыми қызметкерлер – 71 141, магистрлер – 3482.
10 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын арнайы «Үздік мұғалім» байқауы ұйымдастырылып келеді. Оған меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттық педагогикалық ұжымы қатысады. Байқау үш кезеңде өтеді: І — аудандық/қалалық деңгей, ІІ — облыстық деңгей; III – республикалық деңгей. Жыл сайын кәсіпқойлар «Үздік педагог» атағының иегері атанып, осыған орай салтанатты түрде «Үздік педагог» төсбелгісін, сондай-ақ 3 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!