Маңғыстау облысында бес күннен бері мұнай ұңғымасы жанып жатыр, деп хабарлайды Маңғыстау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті.
15 мамырда «Заман Энерго» ЖШС қосалқы мердігерлік бұрғылау компаниясы «Оңтүстік-Шығыс – Қаратұғұн» кен орнында бұрғылауды бастаған. Бұл кен орны «Бузачи Нефть» ЖШС жер қойнауын пайдаланушы компанияның меншігінде.
«Ұңғыманы жоспар бойынша 1200 метр тереңдікте қазу керек болған. Алайда жер астына бұрғы құралын кіргізу кезінде 1090 метр тереңдікке жеткенде бұрғы ары қарай жүрмей қатып қалады. Оның әрі қарай неліктен жүрмей қалғанын білу үшін бұрғыны қайта шығарған кезде газ су қоспасы жер бетіне бұрқақ болып атқылайды. Яғни, ашық ауада газ бен мұнай сұйықтығы атқылай бастайды. Оны тежеп, ұстап қалу мүмкін емес. Салдарынан өрт шықты», – дейді Маңғыстау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Әбубәкіров.
Қазіргі таңда ұңғыма әлі өртеніп жатыр, тілсіз жаудың қашан тоқтайтыны туралы қандай да бір болжам айту қиын.
«Қазіргі таңда ол жер әлі де жанып жатыр. Жаңа штаб құрылып, проблеманы шешу жолдары қарастырылып жатыр. Үлкен апат болмас үшін ұңғыманы жанып тұрған күйде қалдыру туралы шешім қабылданды. Бұрғының ары қарай не үшін қазылмағаны, техникалық құрал-жабдықтың жағдайы мен технологиялық процестерді пайдалану шарттарының бұзылуы, өнеркәсіп талаптарының бұзылу сипаты анықталып жатыр», – деді Нұрқожа Әбубәкіров.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!