Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 12:58

Адалдықтың ақ жолы

26.01.2021

602

0

I

Белгілі жазушы Жақау Дәуренбековтың «Ана тілі» баспасынан 2018 жылы шыққан «Ой дауа» атты кітабында: «Адалдықтың айқын жолы – одан айнымау, адал еңбек – адамның адал ойының көрінісі, адалдыққа үйрету қолдан келгенімен, адамдыққа үйрету қолдан келмейді» деген көсем сөздер менің жазбамның тақырыбын «Адалдықтың ақ жолы» деп атауға сеп болып отырғаны. Хош, солай болсын дейік. Енді айтарымды басынан бастайын.
Ол 1956 жылы 28 қаңтарда Жалағаш қыстағында дүниеге келген. 1973 жылы Мәдениет ауылындағы №32 орта мектептi бiтiрдi. 1973 жылы Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрiгерлiк институ­тына түсiп, 1978 жылы зооинженер мамандығы бой­ынша толық курсын аяқтаған.


1978-1980 жылдары Мәдениет ауылына зоотехник, 1980-1981 жылдары Алматы қаласындағы СССР ауыл шаруашылығы министрлiгiне қарайтын «Главриссовхозстрой» мекемесiнде зоотехник, 1981-1984 жылдары Мәдениет совхозында бас зоотехник және мал шаруашылығы цехының меңгерушiсi, 1984-1986 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетiнде нұсқаушы, 1986-1991 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлерi кәсiподақ комитетiнiң төрағасы, 1991 жылдың шiлде айынан 1994 жылдың қаңтар айы аралығында Мәдениет совхозының директоры, 1994-1995 жылдары Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 1995-1998 жылдары Алматы қаласындағы «Тайқазантехносервис» АҚ-ның вице-президентi әрi ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң директоры және 1998-2005 жылдары Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылында шаруашылық төрағасы болды. 2005 жылдың қараша айынан 2010 жылдың желтоқсан айына дейiн жеке кәсiпкерлікпен айналысты. 2010-2013 жылдары аудандық индустриалды-аграрлық колледжінің директоры, 2013-2016 жылдары аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарды. 2016 жылдың наурыз айынан бастап 2021 жылдың 15 қаңтарына дейін аудандық мәслихат хатшысы болып абыройлы жұмыс жасады.
Ол еңбек еткен жылдар ішінде Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары Министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбел­гісімен және «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 1986-1994 жылдары Жалағаш аудандық Советiнiң депутаты, аудандық мәслихаттың бесінші және алтыншы шақы­рылымдарының депутаты, «Нұр Отан» партия­сының белсенді мүшесі болды. Құдай қосқан жарымен 4 бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйді.
Ол аудан экономикасы мен мәдениетінің, ха­лық­тың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақ­саруына, ауыл өмірінің гүлденуіне қолынан келген көмегін аяған жоқ. Мысалы, Мәдениет совхозында директор болып қызмет жасаған жылдары Алматы қаласындағы “Мата” комбинатымен келісім-шартқа отырып, совхоз орталығынан 100 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін тігін цехын жұмысқа қосты. Үш канал бойынша, яғни “ОРТ”, “НТВ”, «Қазақстан» телеарнасын тарататын телемұнараны орнатып, іске қосты. Ауыл адамдары бұл игілікті жұмыстың сонау жылдары бастау алғанын әліге дейін еске алып, айтып отырады. Совхозда алғаш рет Қытайдан ұн шығаратын, күріш ақтайтын, шемішкі майын шыға­ратын аппарат жабдықтарын әкеліп, арнайы өнді­рістік цехтар ашылғаны да сол жылдардың үле­сіне тиеді.
Совхоз егін және мал шаруашылығы саласындағы халық шаруашылық жоспарын жыл сайын артығымен орындады. Соның нәтижесінде егіншілер мен механизаторлар, бақташылар мен сауыншылар қосымша еңбекақыны көршілес шаруашылықтармен салыстырғанда бірнеше есе артығымен алды. Сол сияқты Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің директоры кезінде оқу корпусына сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, салынғалы дұрыс жылынбаған ғимараттың жылу жүйесіне жөндеу жүргізіп, қыс айларында оқушылардың көйлекпен жүргендерін көрген ата-аналар басшының бұл қызметіне ризашылығын білдірген еді. Орман шаруашылығы мекемесін басқарған кезіндегі жұмысы да айтуға тұрарлық. Атап айтар болсақ, көріксіз кеңсе күрделі жөндеуден өткізіліп, бүгінгі күннің талабына сай жабдықталды. Аумағы қоршалып, техника тұратын арнаулы ангар іске қосылды. Аула ішіне гүлдер егіліп, гүлзарлар жасалып, келген адамның көз жауын алатын күйге келтірілді.
Қай жерде, қай қызметті атқарса да қарауындағы адамдардың бақша егуі үшін арнайы жер дайындап, одан өнім алатындай жағдай жасап, басы-қасында ұйымдастырып жүретін нағыз еңбекқор азамат осы. Бұл айтылып отырылғандар – оның автобиографиясы. Енді мен ол жайлы өз ойымды білдірейін.
Менің бір риза болатыным, осыдан 34 жыл бұрын, ол кезде Мейрамбек 28 жаста еді, ал мен болсам аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі және бюро мүшесімін. Райком деп аталатын үлкен әріппен жазылатын үлкен үйге нұсқаушылық қызметке оның кандидатурасын ұсынған кезімде аудандық партия комитетінің бірінші секретары Қонысбек Қазантаев:
– Директордың баласы болғасын ұсынып отырсың ба, – деген еді.
Ал мен:
– Райкомның күн ілгері жүргізілетін сынағынан сүрінбей өткен жас кадр, оның үстіне екі тілде бірдей сауатты. Әсіресе бөлімге орыс тілінде жаза білетін кадр қажет-ақ, – деген едім.
Қонысбек Төрешұлы содан кейін барып Мейрамбек Еспановты нұсқаушылық қызметке қабылдауға келісім берген еді. Міне, содан бергі мерзім ішінде ол қай жерде, қай қызметте болса да өзінің қарапайымдылығымен, көпшілдігімен, жайдары мінезімен адамға қайырымдылығымен, айналасына жылылық таратып жүретін қасиетімен, адал еңбегімен, қанағатшыл пейілімен, ұйымдастырушылық қабіле­тімен, іскерлік орамдылығымен көпшілік құрме­тіне бөленіп, жоғары органдардың сенімін ақтап келеді.
Адамның тұлғалы болуы да, айдынды және айбарлы болуы да, ардақты және аяулы болуы да адамға табиғаттың берген сыйы болса керек. Осы қасиеттерді мен Мейрамбектің бойынан аңғарамын. Өйткені мен оны аудандық партия комитетінде қызмет істеген 1984 жылдан осы кезге дейін білемін. Бір адамның қадір-қасиетін анықтауға бұл мерзім аз уақыт бола қоймас.
«Құс жеткен жеріне дейін ұшады» дейді қазақ. Сол сияқты Мейрамбек Ұзақұлы да қай жұмысты істесе де жеткен жеріне дейін жаңылмай жасайтын. Әліге дейін сол қалпы, солай сақтап келеді. Осындай елі үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан азаматқа қандай құрмет көрсетсе де жарасады емес пе?!

II

«Менің уақыттан артық байлығым жоқ. Мені Мырзалиев қылған – уақыт» деген екен Қадыр ақын. Сол сияқты менің де уақыттан артық байлығым жоқ. Соның арқасында қазақтың қара сөзін шамам келгенше пайдаланып, өмірге тоғыз кітап келтіріп, енді міне, оныншы кітаптың кейіпкерінің бірі Мейрамбек Ұзақұлы жайлы сипаттамамды одан әрі жалғастырмақпын.
Осы жерде ақын Әбдікәрім Ахметовтың «Уақыт» атты өлеңін оқып жіберейікші:
Жарқылдап жылжып уақыт жылғалары
Қосылып ой-толқынға зыр қағады.
Уақыт өзі тартқан алдыма әкеп,
Байыппен парақтаймын Жылнаманы.

Уақыт – бір жолаушы сапардағы,
Бөгелмес батар күні, атар таңы.
Тыныштық тілеп жұртқа тынбайды ол,
Күзетші жауынгердей қатардағы.

Уақыт – бір еңбеккер талмайтұғын,
Өмірге қызмет еткен алмай тыным.
Мерейін адамзаттың үстем етіп,
Зейнетін ізгілікке арнайтұғын.

Уақыттың ешкіммен жоқ бақталасы,
Уақыттың болмаған да ақ-қарасы.
Уақыт – тумысында пәк балапан,
Өзгедей оққа қарсы, отқа қарсы.

Десек те табиғатта адам дана,
Десек те адам – ұлы, адам – дара.
Кей кезде кетеміз-ау артық сілтеп,
Уақытты бөліп жақсы, жаманға да.
Жазушы Жақау Дәуренбеков айтқандай, уақытқа табынба, уақытқа (еңбекпен) жағын, уақыт бәрін үнсіз жасайды, уақыттың жүрісі білінбегенімен, жылдамдығына жан баласы ілесе алмайды, уақыт бәріне үлгіреді. «Мәдениет» ауылындағы №32 орта мектептің оныншы класын 1973 жылы 52 оқушы бітірген еді. Содан бері де қырық жеті жыл болыпты. Сол түлектердің барлығы да мектеп қабырғасынан қанат қағып түлеп шыққаннан кейін қалауларынша білім алып, еңбекке араласып, ауылда қалғаны бар, қалмағаны бар, еліміздің шартарабында абыройлы жұмыс жасап, жалынды жастық шақтарын Отанына жұмсады. Алды бүгінде зейнет жасында. Солардың бел ортасында бастаушысы, ұйымдастырушысы, қамқоршысы, қолдаушысы болып келе жатқан азамат Мейрамбек Ұзақұлы екенін біреу білсе, біреу білмейді. «Сыйға – сый, сыраға – бал», «Әркімде сыйлағанның құлы» дегендей, Мейрамбекті сыйлайды, құрмет тұтады, сенеді, қамқоршы деп қадірлейді. Шынында солай. Өйткені Мейрамбек қай кезде де уақыт тауып кластастарының қуанышына да, қайғысына да ортақтасып жүреді, алыстағыны жақындатады, ешкімді жалқы қалдырмайды, қараусыздарға қамқорлық жасайды, алалаушылық деген оған мүлдем жат. «Достық деген – сыйластық символы» деп осындайда айтса керек. Осы тұста ақын Сағи Жиенбаевтың «Достарыма» деген өлеңі еске түседі.
Мен қашанда жалғыз өзім жүрмеймін,
Жалғыз жүріп, жалғыз өмір сүрмеймін.
Жер-жердегі достарымды сағынсам,
Аспандағы жұлдызыңмен бірдеймін.

Достарымның бәрі момын өзімдей,
Кейбіреулер өте шығар көз ілмей,
Ал олардың көңілдері ақ қардың
Тау басына жаңа түскен кезіндей.

Біреуінің жүрген жері – ән-өлең,
Енді бірі – қайыспайтын қара емен…
Біреуінен зәбір көріп қалсам да,
Мен біреуін зәбірлеген жан емен.

Жатыр бәрі көкірегімде ұялап,
Шыңға бірге шығып келем қиялап.
Қыз-қырқынға жасағаным болмаса,
Мен оларға жасағам жоқ қиянат.

Көңіл елтіп бір аққудың әніне,
Кетем кейде Алатаудан әрі де…
Көз алдымда дүние балқып жатқанмен,
Достарымсыз қызық емес бәрі де.

Бірде төбе, бірде төмен ылдимен
Жүріп келем өлеңдетіп бір күймен.
Сәл бөлінсем, жолыға алмай қалардай,
Достарымды іздеп жүрем ылғи мен.

Бүгінгі емес, ертең келер күн де өзге,
Тұра бермес жалын атып нұр көзде.
Жұбымызды жазбайықшы, достарым,
Жалғыз-жалғыз жатамыз ғой бір кезде.

III

Ол – өз ортасында беделді, әттеген-айдан аулақ, жалған сөйлемейтін, іс-қимылы тұрақты, жүріс-тұрысы әдемі, киген киімі өзіне жарасымды, айтқан әңгімесі салиқалы, адамгершілігі мол азамат. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп ұлы Абай айтқандай, ол – досшыл, жолдасшыл, қонақшыл, көпшіл, туысқаншыл, ағайыншыл, бауырмал, турашыл. Оның туған жерге деген сүйіспеншілігі жоғары. Оның өмірлік қағидасы – өзі атқарып отырған қызметке барынша жауапкершілікпен қарау, адамдарға қолынан келгенше жақсылық жасау, үлкен-кіші демей қарым-қатынасты түзу ұстау. Ол – өмірде өте сыпайы, көпшіл, кішіпейіл, ер мінезді, дархан жүректі, қайырымды және ақкөңіл адал азамат. Онда ата-баба қанынан тараған ардан аттамайтын, намысты таптамайтын, даладай дарқандықпен жаманшылықты жасқай жүретін табиғатына тән қасиеттер бар.
Шешендік сөздерден де құр алақан емес. «Төмен қарап жымырайып үндемейтіндер мен есепсіз емірене күлетіндерді ұнатпаймын. Өйткені “Біреу өтірік күледі, біреу көңілді өшіріп күледі, біреу өтірігін өсіріп күледі, біреу біреудің күлкісін көшіріп күледі, біреу есіріп күледі, біреу кешігіп күледі” деген қанатты сөздердің мағынасына қаныққан жан.
Туралап айтқанда, оның өмір жолы қазіргі жастарымызбен мемлекеттік қызметкерлерге отан­сүй­­гіштік пен патриотизмге, адалдық пен адамгер­шілікті ту етіп ұстаған өмір жолы деуге болады. Жалпы мен білетін Мейрамбек Ұзақұлы – еліне, халқына ақ ниетімен мүлтіксіз қызмет жасаған, адал еңбегін, өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп айтуға лайықты ауданның құрметті азаматы.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағы мен
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: