Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 15:10

Аңсатса Сыр өңірі, ән тербер жүрегімді

26.01.2021

891

0

Қазақ халқының шұғылалы аспанында қалықтаған әр әннің өмірге келу тарихы әртүрлі. Ел жүрегіне жол тапқан осы бір өміршең әуенге елтімейтін, оны қосыла шырқамайтын қазақ кемде-кем шығар. «Сыр сұлуы» дегенде көз алдыңа сыр бойының ару қызы елестеп, көрікті әуен күмбірі мен ән мәтініне терең бойлайсың. «Жанға жайлы ырғағы самалдай ескен әннің жазылуына, ақын қиялының қалықтауына не себеп болды екен?»деген ой көпшілікті жиі мазалайды. Иә, қазақ вальсінің королі Шәмшінің шабыт әлемін тербетіп, көзайым болған әннің қай-қайсысы да елдің көңілін елең еткізіп, сезім пернесін дөп басатыны жасырын емес. Соның ішіндегі шоқтығы биігі – «Сыр сұлуы» әні. Осы бір әннің шығуына куәгер болған мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровтың жұбайы Рәш Ембергенқызы өз естелігінде осы жайлы тебірене сыр шертіпті.

“Елу жылдан астам уақыттан соң айтылған әңгіме шынында өзіне адамды тарта түседі. 1964 жылдың наурыз айы болатын. Көгілдір көктемнің басы. Сыр елін ақ күріштің аймағына айналдыру жобасының қызу қолға алынып тұрған шағы. Облыс басшылығы болса барлық идеологиялық тәрбие жұмысының ықпалы мен күшін еңбекшілер рухын шыңдауға арнап жатты. Дала академигі атанған Ыбырай Жахаев атамыз да жұмысшы жастарға ашық хат жазды. Көп ұзамай жахаевшы жастар қозғалысы, жас күрішшілер гвардиясы ұйымдасып, бағалы бастама көтерді. Сол кезде «Жахаевшылар маршы», «Ақ күріш туралы ән», «Қырманда» секілді жаңа әндер дүниеге келді. Күріш даңқын күллі республикаға танытатын әдемі туынды жазуға сұраныс артты. Осылайша, сол кезде танымал бола бастаған жас композитор Шәмші Қалдаяқов облысқа шақырылыпты. Оны қарсы алу облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы Ұзақ Бағаев, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосовқа және менің жұбайым Дәкеңе жүктелген болатын. Мен бәрінің хабарын біліп, әркез қолдау білдіріп отырдым. Дәкең маған елге әйгілі жанды қалай қарсы алғанын кейін бүге-шүгесіне дейін тәтпіштеп айтып берді. Өзінің естелігінде ол сол шуақты сәтті былайша баяндаған болатын. «Перронда тұрмыз. Ерте көктемнің сызды ауасы бетке шым-шым батады. Оның үстіне көк жүзін түбіт бұлттар шарбыдай қаптап алған. «Алматы-Мәскеу» пойызы күндегі кестесінен әжептәуір кешікті. Ұзекең де биязы қалпында «Ғашығын күткен ынтызар жігіттей болдық-ау» деп әзілдей бастады. Дәл осы кезде «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Жолаушы азаматтар, №7 «Алматы-Мәскеу» пойызы станцияға жақындап келеді. Пойыз бірінші жолға қабылданады» деген диктор қыздың дауысы саңқылдап кетті. Әне-міне дегенше жолаушылар пойызы бар жүрісін тежеп, вокзалға келіп тоқтады. Орта бойлы, ақсары жұқа өңді қағылез жігіт басқышқа аяқ сала берді. Қасында жас ақын Мұхтар Шаханов бар. «Міне, күткен қонағымыз келді» деп Ұзекең қашанғы жайраң қаққан жүзімен күле қарап, Шәмшіні маған иегімен нұсқады. Қауқылдасып тұрып-ақ таныстық басталып кетті. Ол кісіні жеңіл көлікпен қонақ үйге апарған едік. Алайда Шәкең қонақүйді қаламайтынын ашық айтты. Осылайша, біздің қара шаңыраққа қазақтың Шәмшісі қонақ болып келді» деп менің жұбайым мәз-мәйрам болып, шаттанған болатын. Шәмшімен бірге шалқыған ән де өмірге келетінін шынында мен сезбеппін. Дәкең балаша қуанып маған «Шәмші жеңіл көшпейтін, асып-таспайтын, биязы да, бір сазды сөйлейтін, үні – ұяң, жүзі – сынық та жылы, ал көкейіне келгенін ірікпей, боямай, бүкпей тіке айта салатын баладай ақкөңіл, аңғал жан екен» деп риза көңілін жеткізді. Шәйдан соң үзілісте шабыты оянған болу керек, төрдегі күйсандық жанына отырды. Оның тетігін басып, үзік-үзік әуендер шығарды. Кешкі тамақтан соң ол «Болашақ әннің әлдеқандай нобайын түсірген болдым» деп шаршаңқы кейіп танытты. Бірақ Шәкең күріштің палауын сүйсініп жегенмен, оның қайда, қалай өсетінін, өскенде қандай кейіпте болатынын көрмеген болып шықты. Ал мезгіл болса наурыз айы. Сабақты күрішті табу да оңай емес. Содан Асқар Тоқмағамбетовтің «Біздің елде күріш деген дақыл бар» деген өлеңі оқылды. Күріш жайлы ән жазу үшін Сырдың ақ маржанын қалайда оған таныстыруға мұндағы азаматтар барынша күш салып жатыр.
Суда өніп, суда тұрып пісетін,
Су тазасын тынбай сүзіп ішетін.
Біздің елде күріш деген дақыл бар,
Соны жырлап, соны айтыңдар ақындар… деген жолдар күріштің сипатын беретін секілді. Енді композитордың армандаған күрішін көрсетудің жолын таппай дағдарған көпшілікке Шәмшінің өзі керемет ой тастапты. «Ауыл шаруашылығы көрмесінде болмай ма?» дегенде Сырдарияның Жамбылы еске түсіп, шешімі табылғандай болады. Осылайша, бір топ ел ағалары Шәмші Қалдаяқовты ертіп сол ауылдан бір ақ шығады. Жергілікті композитор Арыстан Айтбаевтың, жас ақын Сақтаған Есмахановтың жамбылдық жеті қызға арнаған «Аққуымыз ауылдың» әнінің мәтіні де көрсетіледі. «Енді әнге кейіпкер болған қыздарды көзбен көріп, олардың лебізін тыңдасам, әнге арқау, тілге тиек ауыл аққуларымен дидарласудың өзі ғанибет қой» деп ол ишара білдіреді. Шәмші келеді дегенді естіген ауыл-аймақ, бота- тайлағымен мәдениет үйіне жиналып, талантты жанды көріп, онымен дидарласуға асығады. Дарыны даладай дархан жанмен қауышу оның әнін құрметтеген көрерменге тосын сый болды. Алдын ала жоспарланбаған кездесу кешін басқарып, дүйім елді Шәмші бейнесімен табыстырып, жарастыру, яғни басқосуды тізгіндеу сол кезде облыстық партия комитетінің жауапты қызметіндегі менің жолдасым Дәукеңе жүктелді. Ол Шәмшінің өз қалауы болатын. Сан сиқырымен дүйім жұртты баурап алатын әндер орындалып, еркін тыныстайтын керемет бас қосуға куә болдық” депті өз естелігінде Рәш апай.


Ал Шәмшіге күрішші қыздардың өздері де, орындаған әндері де қатты ұнаған екен. Ұнағаны сол игілікті іс басына жүрек әмірімен келгендігі, олардың жүзінен де, жырынан да жасындай жалын атып тұрғандығы. “Болашақ әнінің тақырыбы күріш болғанымен, махаббат лирикасына айналып кеткендігі де сондықтан болар. Керемет кештен кейін жүзі жадырап, нұрланып шыға келді де «Ал ойға негіз табылды. Әннің ауылы алыс емес сияқты. Енді бір-ақ мәселе. Ол – жақсы әнге жан тебірентер жақсы мәтін табу. Кәне, сол мәтінді жазатын ақынды ізделік» деді жалт бұрылып, отты жанары ұшқын атып. «Сырдың елі – жырдың елі» деп Асекең айтқандай, бұл өңірде сіздің бір әніңізге мәтін жазатын ақын табылар» деп арқасы қозып, ел ағалары бір серпіліп қалды. Тағы да Шәмшінің өзі ұсыныс тастады. «Тың ән шығарады екенбіз, оның ақыны да жыры да, үні де тың болуға тиіс. Зейнолла Шүкіров осында ма? Бұл әннің мәтінін жазуды сол кісіден өтінсек қайтеді» деді ол сәл үнсіздіктен соң. Осылайша, енді келесі сапардың сәті ақиық ақын Зәкеңнің отбасына сәлем беруден басталыпты. Жолдасым сонау жылдарға сағынышпен оралып, әңгімесін одан әрі сабақтады. Осылайша, ылғи игі жақсылар Шәкеңді алдыға салып, Зейнолла ағаның үйін бетке алыпты. Кірген бетте өндірдей ақсары қыз ішке енуге ишара білдіріпті. Алдымыздан күмістей ақ шашты, аққұба жұқа өңді, шағын денелі қария көрінді. Сәлем бере Зәкеңнің бөлмесіне кірдік. Терезеге тақау қос жастықты кеудеге басып, тоят алған тұйғындай, бет жүзі бал-бұл жанып біздің сүйікті ағамыз, ақын Зәкең жатыр екен. Амандасып, хал сұрасып біраз шұрқырасып отырғаннан кейін Шәмші жаратылған жүйріктей домбыраны қолға алып, әндерін өзіне тән қоңыр дауыспен орындап берді. «Ал Зәке ауылдың алты ауызын айтыңыз» деп Шәмші ақынға домбыраны ұсынғаны сондай керемет болды. Біз сол кезде тарихи сәтті тамашалап тұрғанымыздан бейхабар болыппыз-ау” дейді Дәкең ойға батып.

Әрі қарай дауысы мың құбылып тебіренген ол өзіне тән қоңыр үнімен үзікті әңгімені әрі жалғады. “Зейнолла ағамыз да шиыршық атып, көкірегін күмбірлеген шабыт кернеп-ақ тұр екен. Заулай жөнелді. «Неге жаным шығарып сала алмадың?» әнін төгілте шырқады. Бір ғажабы бұл туындының әуені де, мәтіні де Зәкеңдікі екен. Әнге елтіп тебіреніп отырған Шәмші келген шаруасын айтты. «Зәке, Сыр елінде күрішшілер гвардиясының көшін жас қыздар тобы бастап келеді екен. Мұның өзі маған қатты әсер етті, тебірентті» деді ақынға қанатты ой салып.


«Шәке, мәтіннің тақырыбын да өзің тауып бердің-ау. Ендеше, дүниеге келетін жаңа әннің аты «Сыр сұлуы» болсын» деді жүзі жадырай түсіп. Міне, таланттар толғанысы тоғысқан сол жылы Сыр елінде атақты «Сыр сұлуы» әні осылай дүниеге келген болатын” дейді.


Бағы мен бабы қатар шапқан ән әлі күнге қалың көрерменін тамсандырып жүр. «Сағындырған әндер-ай» деген концерттік бағдарламада осы керемет әнді Жанболат пен Жазира және жерлесіміз Жеңіс Ысқақова да өз репертуарында жиі орындап жүр. Жұлдыздар «Аңсатса Сыр өңірі ән тербер жүрегімді» деп шырқаған сайын Шәмші мен Зейнолладай қос саңлақтың рухы асқақтап, муза әлемінде тербеле беретіндей көрінеді маған. Осыдан соң өнердің құдыреті мен киесіне қалай табынбассың. Ал әсем ән болса Сыр бойының сән-салтанатын паш етіп мәңгілікке жеткізер өміршең дүние болуымен құнды. Оның бойында домбыраның қос ішегіндей рух биігінде үндескен қос таланттың жүрек лүпілі мен ыстық алақан жылуы бар. Жасай бер, ән падишасы!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: