«Тасбауыр әке», «безбүйрек ана» туа салысымен ата-ана мейірімін көрмей, тіріжетім атанған жазықсыз сәби – бүгінгі күні қоғамдағы өзекті мәселе. Себебі тастанды сәбиді қажет етпеген тасбауыр қоғамда дүниеге келген қазақ балаларын Батыс Еуропа, АҚШ-тың азаматтары қамқорлығына алған. Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 9 мыңға жуық бала шекара асқан.
1999 жылы халықаралық Гаага конвенциясына қосылған соң Қазақстан жетім балаларды шетелдіктердің асырауына бере бастаған. Балалар құқығын қорғау комитетінің мәліметі бойынша 1999-2012 жылдары аралығында 8 806 бала өзге мемлекеттерге берілген. Ал 2013-2019 жылдары 157 бала шекара асқан. Жалпы алғанда, 20 жыл ішінде 8 963 бала шетелдік отбасыларға берілген.
2013 жылдан бастап бала асырап алу неге азайған дерсіз. 2012 жылы «Неке және отбасы туралы» кодексі күшіне енгеннен бастап Қазақстанда бала асырап алу тәртібі өзгеріп, тек аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы жүзеге асатын болған. Сол себепті 1999-2012 жылдары аралығында шетелге кеткен бала саны көп болды. Ал 2013-2019 жылдары Белгия, Испания, Канада, Францияға 158 қазақ баласы асырауға берілген. Жалпы 17 жыл ішінде әлемнің 30 елінің тұрғындары Қазақстаннан бала асырап алған.
Журналист Жанар Байсемізова жүргізген «Жібек жолы» арнасындағы «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасын кез келген қазақ тебіреніп тамашалайтын. Себебі онда ата-анасын тауып, қауышқысы келетіндер көп. Бүгінде ес кіріп, тегін танығысы келетін тастанды балалар туған жеріне аяқ басуда.
Қазақстан жетімдерді 50 мың долларға сатты. 2000 жылдары қазақ баласын асырап алған шетелдік ата-аналар лауазымды тұлғаларға осынша ақша берген. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторы, журналист Жанар Байсемізова Abai Live ютуб арнасына берген сұхбатында осындай тың ақпаратпен бөліскен болатын.
– Оншақты отбасы келіп Тараздан әрқайсысы 50 мың доллар беріп, балаларды алып кеткен. Бұл салада жемқорлықтың барын ешкім жоққа шығара алмайды. Бір америкалық ата-ананың өз аузынан біздің жақтың ақша талап еткендерін естідім. Маған елшілердің өздері де айтады. Кезінде талай жемқорлық болды ғой бұл салада. Сен білесің ғой бұл туралы деп. Бірақ өздері камераға айтпайды, – дейді журналист Жанар Байсемізова.
Иә, оның айтуынша, сол кезеңде бала саудасы қызу жүрген. Тіпті жаңа туған сәбилерді ата-анасына өлді деп, тірі жетім қылғандар да бар. Сондай қылмыстың құрбаны болған 25 жастағы Гүлмира есімді ару былтыр туған анасымен қауышқан. Осы оқиғадан кейін 2000 жылдары босанған көптеген әйелдің басынан тура осындай жағдай өтіп, баласынан айырылғандығы жөнінде журналистке хат жолдаған.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр желтоқсан айында өзінің туған жеріне келіп, анасын іздеген қазақ баласы Жәнібек Жұмағұлов яғни Эдди Жан Савельевте осындай шым-шытырық оқиғаның құрбаны. Ол 2002 жылы Арқалықта дүниеге келген. 2004 жылы ондағы жетімдер үйінен оны бельгиялық Ирина Савельева асырап алған. Қазіргі таңда жалғызбасты анасымен бірге Испанияның Мальорка қаласында тұратын ол биологиялық анасын іздеп, таба алмай жүр. Ол туған әке-шешемнен түк те керек емес, тек анамның жүзін бір рет көріп, мауқын басса, жүрегі тынышталатынын айтқан болатын. Алайда ұзақ уақыт тынымсыз жүргізілген ізденіс өкінішке орай сәтсіз аяқталып, виза мерзімі бітуіне байланысты ол өз анасын таппаған күйі Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Айта кетейік, 2000-2004 жылдары Арқалықтағы жетімдер үйінен Жәнібекпен қатар 80 бала шетел асқан.
Жәнібек Жұмағұловтың Қазақстандағы ресми өкілі Қымбат Досжанның айтуынша, асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін айтқан. Ол мәліметтерді ескере отырып, сараптама және зерттеу қорытындыларын негізге алып, Арқалық қалалық полиция басқармасында қозғалып, кейін тоқтатылған істі тек қана «Салғырттық» бабы бойынша емес, кәмелетке толмағандар саудасы бойынша қайта қозғалуын сұрап, еліміздің бас прокурорына хат жолдаған.
Бұл жәйт қоғамдық үлкен резонанс тудырып, қызу талқыға түскен. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Үкімет басшысы мен Бас Прокурорға жолдаған депутаттық сауалында 1999 жылға дейін шетелге есепсіз кеткен балалар туралы зерттеу жүргізуді, санда бар, санатта жоқ балалар туралы деректерді жаңалауды ұсынған. Мұнан бөлек шетел асқан балаларды тегінен ажырамас үшін түрлі үйірмелер арқылы қолдау көрсету қажеттігін айтып, ата-аналарын табуға көмектесу керектігін де жеткізді. Сондай-ақ кәмелет жасына толған балалар қалаған жағдайда ҚР азаматтығын ала білулері үшін таңдауына көмектесуді де тілге тиек еткен болатын.
Депутат 2010 жылы үкімет тарапынан шетел асқан балаларды қорғау мақсатында арнайы конвенция қабылданғанын айтты. Бала құқықтарын қорғау саласындағы өкілетті орган болып саналатын оқу-ағарту министрлігінің мәліметінде конвенцияға қол қойғаннан бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алғандығы айтылған. Оның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан.
– Көрсеткіштің күрт төмендегені қуантады. Алайда конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдары аралығында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217-сі қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай есеп бермейтіндер де жоқ емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Белгиядағы 113 баланың, тағы сондай талай баланың тағдыры туралы білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ. Шетел асқан балалардың 5 217-сі қазір кәмелетке толған. Олар да біртіндеп туғандарын іздеп, елге оралары анық. Енді әрқайсысының туғандарын іздеуге көмектесуді де мемлекет жауапкершілігіне алу керек, – деді депутат Дархан Қыдырәлі.
Бір қуантарлығы, соңғы жылдары Қазақстанда балалар үйі мен ондағы тәрбиеленушілері саны азайған. Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ел екеніміз есімізден шықпаса, оң өзгеріс болары сөзсіз.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!