Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 04:47

Құрбан айт: құрбандық шалудың негізгі шарттары

16.06.2024

343

0

Құрбан айт – ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңген, ұлы дала төсіндегі ұлық мереке. Құрбан айттың негізгі шарттарының бірі құрбан шалу. Біздің халқымыз бұл мейрамды сан ғасырдан бері ерекше қадірлеп, айрықша атап өткен. Айтулы мейрамда ағайын-жұрт бір-біріне «Құрбан айт құтты болсын, айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Көрші мен туысқанға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Қасиетті Құрбан айт қарсаңында Жаңақорған ауданының бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы ағамызбен жүздесіп, алдағы ұлық мереке  жөнінде әңгімелескен едік.

– Бірінші кезекте барша жаңақорғандықтарды Қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Ұлық мейрамда Жаратқанның разылығы үшін мал шалынып, кең дастархан жайылып, бұқара шат-шадыман қуанышқа бөленетін күн. ҚМДБ мәлімдегендей, 2024 жылғы құрбан айттың бірінші күні 16 маусымға келетінін хабарлады. Бұл жексенбі демалыс күнімен тұспа-тұс келгендіктен, 17 маусымда қосымша демалыс болмайды. Бұл күннің ұлықтығы сол – адам баласы осы күні өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Асылы «құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда, «жақындау» мағынасын береді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

–   Бұл мерекенің қандай ерекшеліктері бар?

– Құрбан айт – барша мұсылман қауымын береке-бірлікке, ізгілікке, мейірімділікке насихаттайтын ұлық мереке. 
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан айт күнін мереке тұтуға бұйыртқан. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деген. Ұлық мереке – мұсылман адамдардың береке-бірлігінің ұйтқысы. Ағайын арасындағы туыстықты, өзара ынтымақты нығайтатын айрықша мереке. Сонымен қатар, бұл мерекенің ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, береке-бірлікке шақырудағы орны ерекше. Сондықтан болар, Құрбан айт мемлекеттік мереке ретінде жарияланып,   айттың алғашқы күні барлық Қазақстан халқы үшін демалыс күні. Құрбан айт – ғибадат мерекесі. Бұл күндері мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбан шалып, сонау Ибраһим пайғамбардан бастау алатын ұлық ғибадатты жасайды. 

– Енді құрбандық тақырыбына ойыссақ. Шариғи шарттар бойынша құрбандық шалу кімге міндет?

– Құрбандық шалу мұсылман, ақылды, балиғат жастағы және Құрбан айт уақытында жолаушы емес кісіге міндет. Сонымен қатар негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшерінде қаржысы бар болуы тиіс. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін қаражат. Зекет ғибадаты секілді құрбандық шалу міндет болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Алла тағала Құранда: «Намаз оқы және құрбан шал», – десе, ардақты Алла Елшісі (с.а.с): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерлерімізге жақындамасын!» – деген.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.   Жалпы, шариғат шарты бойынша құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін оның мұсылман болуы, ақыл есінің дұрыс болуы, балиғат жасында болуы, Құрбан Айт кезінде жолаушы болмауы және нисап мөлшеріне (85 грамм алтын құнына) тең келетін байлығы болуы шарт. Жоғарғыдағыдай дәулеті жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет емес. Алайда, шалып жатса, ол нәпіл ғибадат болып есептеледі. Ал, дәулетті адамдар құрбандық шалуға шамасы жоқ адамдардың атынан құрбан шалуы пайғамбарымыздан мұра болып қалған сүннет. 

– Көпшілік арасында ағайын-тус немесе көрші-қолаң бірігіп құрбан шалып  жатады. Шариғат бұған не дейді? Жалпы туыстар бірігіп құрбан шалуға бола ма, және нені ескерген жөн?

– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Құрбандық шалған кезде мына жәйттарға назар аударған жөн. Ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуіміз керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп, бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!
Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда осы сөздерді айтып тұрғаны жөн.

– Шалынған құрбандықтың етін тұрмысы тұралаған және әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларына таратып жатады. Жалпы кімдерге таратқан абзал?

– Құрбан айтта шалған құрбандықтың етін бай болсын, кедей болсын өзіне жеуіне болады. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». Ал, әз пайғамбарымыз құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін – садақа ретінде тарататын болған. Сондықтан құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап (ұнамды іс). Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

 – Кейбір адамдар Арапа күні құрбандық шалып жатады. Осы дұрыс па? 

Шариғат шарты бойынша құрбан шалудың уақыты Құрбан Айттың алғашқы күні Айт намазынан басталып, айттың үшінші күнінің ақшам намазына дейін жалғасады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде- кім намаздан бұрын құрбандық шалса, қайтадан шалсын», – деп Айт намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа жатпайтынын қатаң ескерткен. 
 Иә, дінімізде Арапа тауының алар орны ерекше.  Дін тарихына көз жүгіртсек,  жәннаттан қуылған Адам  ата мен Хауа ана Арапа тауында кездескен екен. Жәбірейіл періште (ғ.с.) Алла тағаланың әмірімен Арапа тауына келіп, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.)-ға  қажылық жасаудың рәсімдерін көрсеткен деген деректер бар.  Сондықтан арапа күніне құрмет көрсету, дұға жасау, ораза ұстау көркем амал болып табылады.  Ал зульхиджа  айының 9-ыншы  жұлдызында қажылардың  Арапаға келіп  тұруы ұлы сапардың басты  үш шарттарының бірі болып саналады. Өкінішке орай, биыл үлкен  қажылыққа жол жабылып тұр. Болашақта қасиетті Мекке-Мәдинаға  тезірек жол ашылуын тілеп, Жаратушы Иемізге дұға жасаймыз. Пайғамбарымыз хадисінде: «Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады» десе, екінші бір  хадис шарифінде:  «Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға» ,- деп арапа күнінің қадір-қасиетін білдірген.

– Ұлы  мереке қарсаңындағы халыққа айтар тілегіңіз.

– Құрбан Айт – Исламдағы қасиетті мереке. Сондықтан, бұл мерекеге ерекше құрмет көрсетіп, сауапты шараларды молынан жасауымыз керек. Еліміз қазіргі кезеңде ауыр күндерді бастан кешіруде. Көп адамдар көмекке зәру. Қолдан келгенше бір- бірімізге молынан көмек қолын ұсынуымыз  керек. Әсіресе сырқат жандарға демеу болайық, ағайын! 
Бұл індет халқымыз үшін үлкен сынақ болып отыр. Дегенменде, сын сағатында халқымыз береке-бірліктің үлгісін көрсетіп, көптеген игілікті істерді атқаруда. Мәселен, семейлік жамағаттар 50- ден  астам оттегімен  дем алу аппаратына қаржы жинаса, Саржал ауылының  тұрғындары бір тоннадан астам қымызды сырқат жандарға  және дамылсыз еңбек етіп жүрген дәрігерлерге ұсынды. Айта берсек, бұндай мысалдар жеткілікті. Ауыр кезеңде халқына демеу болған   азаматтармызға айтар алғысымыз мол! Алла тағала отбасыларына амандық, кәсіптеріне табыс нәсіп етсін! 
 Мереке күндері ата-анаға, отбасымыздың мүшелеріне, туған-туыстарға сыйлық ұсыну мерекенің мерейін өсіреді. Сонымен қатар, сырқат жандарға көмек беру, көңілдерін сұрау өнегелі іс  болып табылады.
 Алла ризашылығы үшін шалған құрбандықтарыңыз, жасаған амалдарыңыз  қабыл болып, індеттің ауылы алыстап,  еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Әңгімеңізге рахмет! Дін жолындағы сауапты қызметіңізге Алла Тағала мол игілік нәсіп етсін!
Айта кететіні, Жаңақорған ауданында Айт намазы 17-маусым күні сағат 06-да оқылады.

– Рахмет, сұхбатыңызға.


Әсел РЗАЕВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: