Дала демокартиясын жаңғыртып, ұлтымыздың ұлы миссиясын жалғаған Ұлттық құрылтай Түркістан қаласында жалғасын тапты. Биыл ол екінші рет өтіп жатыр. Еске салсақ, құрылтайдың алғашқы отырысы үш жүздің басын қосқан Ұлытау өңірінде өткен болатын. Екікүндік іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Жиынның алғашқы күні еліміздің әрбір аймағынан арнайы келген делегаттар ұлт келешегі үшін өзекті мәселелерді талқылады. Ал екінші күнгі негізгі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Иә, елді толғандырған мәселелердің ауқымы да, бағыты да алуан. Жалпы, құрылтай барысында болсын, онлайн арналар арқылы болсын, айтылған әрбір пікір ескеріледі. Барлық мәселе мұқият зерделеніп, шешімі табылатын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы сөз басында тілге тиек етті.
– Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай, бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар. Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлытау төріндегі алғашқы құрылтайдан бері өткен бір жылда елімізде конституциялық реформа жасалғанын, бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түскенін, ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарымызды айқындап бергенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Ал түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруі тиіс. Әйтпесе басқа реформаның бәрі бекер.
Президент отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін айтты.
– Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрине жалпы қоғам дамуы үшін елімізде ауызбіршілік болуы керек. Сонымен бірге қоғамның дамуына кері әсер ететін көптеген мәселелерден біз арылуымыз керек. Міне, осы бағытта қазір Ұлттық құрылтай жұмыс істеп жатыр. Мұны Қазақ елі жақсы түсінеді.
Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс екеніне назар аударып, осы жұмыстың нақты бағыттарына да тоқталды. Атап айтқанда, Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру, ақпарат саясатының тиімділігін арттырып, креативті индустрияны дамыту, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, тың бастамалар ұсынды.
Жиынды Мемлекеттік кеңесші, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин ашып, жүргізіп отырды. Құрылтай мүшелері атынан Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды сөз сөйледі.
Мәселен, Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ауыл шаруашылғы және кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдаулардың мақсатсыз жұмсалып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, біздегі жеңілдіктер қазір ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатыр. Сондықтан оның барлығын тоқтату керек. Оның орнына, төмен пайызбен несие берген жөн дейді.
– Сонда кім жұмыс істегісі келеді, кім өзінің кәсібін ашқысы келеді, кім шаруашылықпен айналысқысы келеді? Соның 4-5 пайызбен несие алуға мүмкіндігі болса, онда бізде ары қарай да мемлекетіміздің дамуы да орнына келеді деп ойлаймын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.
Иә, құрылтай – түркі халықтары, оның ішінде қазаққа да тиесілі төл сөзі болғандықтан, мұны Қазақ елінің арғы дәуірлерден жалғасқан мемлекет басқару дәстүрін жаңғыртудағы бір қадам деп қарастыруға әбден болады. Қазақ тарихында Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасыдағы құрылтай тағы басқа да ел тарихындағы елеулі мәселелерді қозғайтын келелі кеңеске негізделген жиындар өткені белгілі. Сондықтан киелі Түркістан шаһарында өткен ұлттық Құрылтай жаңаша жаңғырудың, жаңарудың басы болса игі еді дейміз.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!