Бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстан аумағының 71 пайызын қар басып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстарында су тасқыны қаупі жоғары екені анықталып отыр. Осыған байланысты Олжас Бектенов аймақ басшыларына бірқатар тапсырма берді, деп жазады Egemen.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың алдағы су тасқыны кезеңі қарсаңында ауа райының болжамы туралы баяндамасын тыңдағаннан кейін, облыс әкімдеріне су тасқынына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етсін», деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы таяуда осы мәселеге қатысты республикалық жедел штабтың отырысын өткізуге дайындықты бастауға тапсырма берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!