Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Сенбі, 02 қараша, 08:07

Қосымша құн салығы көтерілмейді

14.02.2024

615

0

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен болған Үкімет отырысында өткен айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Инвестициялық штаб жұмысы күшейеді

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзіне қарағанда, есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрады. Салалар арасында құрылыс (+12,8%), көлік және қоймалау (+11,4%), ақпарат және байланыс (+10,6%), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (+6,9%) ең жақсы динамиканы көрсетіп отыр.

Алдын ала қорытындылар бо­йынша 2023 жылы сыртқы сауда айналымы 3,2%-ға, 140 млрд долларға де­йін өсті. Экспорт шамамен – 79 млрд, өңделген тауарлар экспорты – 25 млрд, импорт 61 млрд доллар­дан ас­ты. Жалпы, оң сауда балансы 18 млрд долларға тең. Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік бюджетке 1 трлн теңге кіріс түскенін айтып, жос­пар 111,5%-ға орындалғанын жеткізді. Рес­пуб­ликалық бюджет 521 млрд тең­геге, жергілікті бюджеттер 526 млрд теңгеге толыққан. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,9%-ға орындалған.

Сонымен қатар отырыста қаңтар айының қорытындысы бойынша даму көрсеткіштері ең төмен өңір басшылары баяндама жасады. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Маңғыстау өңірінің басшысы Нұрлан Ноғаев және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бар.

Премьер-министрдің айтуынша, ең кемі 6% деңгейінде тұрақты эконо­микалық өсімді қамтамасыз ету Үкі­меттің осы жылға және ортамерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді.

«Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде биыл 6% деңгейінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Жоспарда нақты әрі тиімді іс-шаралар көрініс табуға тиіс», деген О.Бектенов биылғы қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскені­не назар аударды. Мұндай төмен көрсет­кіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсететінін меңзейді.

«Инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажет. Оған жеткілікті өкілеттік­тер берілген. Министрлер мен әкім­дердің басты міндеті – инвести­циялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету», деді.

Үкімет басшысы инвестиция ішкі жалпы өнім өсімінің негізгі драйвері ретінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сөйтіп, дұрыс инвестициялық саясат қалыптастыру негізгі фактор болып отырғанына ден қойды. Инвестиция тартудың біртұтас экожүйесін құру, инвестициялық жобаларға тиімді қолдау көрсету, сондай-ақ жобаларды уақтылы іске асыру үшін жағдай жасау Үкіметтің осы бағыттағы үйлесімді жұмысының көрсеткіші болатынын атап өткен О.Бектенов, мемлекеттік органдар мен даму институттарының жұмыс тиімділігін арттыру мен нысаналы индикаторларға қол жеткізілмейтін болса, олардың жауапкершілігін нығайту бойынша пәрменді және ынталандырушы KPI белгілеуді тапсырды.

Бұл инвестициялық ахуалды жақ­сар­туға және нақты нәтижелерге қол жет­кізуге ықпал етеді. Осыны айт­қан Үкімет басшысы, қуатты әрі бәсе­кеге қабілетті бизнес – табысты эко­номи­каның тағы бір маңызды факторы екенін жеткізді. Осыған қарағанда, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болады.

Бюджет шығысының тиімділігін арттыру керек

Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетіне басым­дық берілуі қажет. Қаржылай қолдау өнді­рістің технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты көрсетілуі керек. Яғни өндіріс неғұрлым күрделі, технологиялар кеңінен қолданылатын болса, несие мөлшерлемесі де соғұрлым төмен болуы немесе кредит мерзімі ұзаруы керек екенін айтты.

Оған қоса, отандық бизнеске қар­жыландыру қолжетімді болуға тиіс, оның ішінде бюджеттен басқа көздер­ді пайдаланып, кепілдік беру тетік­терін кеңейту қажеттігін ескертті. Бұл жер­гілікті кәсіпорындарға шетелдік жет­кізу­шілермен бәсекелесуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, орта бизнесті дамытуды қолдау үшін, мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарап, өндірісті 2-3 есе кеңейткісі келетін табысты орташа кәсіпорындармен келісім жасауды барынша жеделдетуді тапсырды.

«Бизнесті тексеруге жарияланған мораторий биыл аяқталды, бірақ бұл кәсіпкерлерге әкімшілік жүктеме түсірмеуге тиіс. Адами факторды алып тастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі толық көлемде қолданылуға тиіс», деді Премьер-министр.

Бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым бағыт болып қала береді. Биыл инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті де тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

«Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс», деген Премьер-министр қосымша құн салығының мөлшерлемесі көтерілмейтінін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуі­міз керек. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі қажет. Мұнда ең алдымен цифр­ландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруде пәрменді шаралар қабылдау маңызды», деді О.Бектенов.

Оның сөзінше, жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстар­ды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды. «Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге тікелей жауапты болады», деп түйіндеді ол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: