Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 17:15

Аймақта жүргізуші куәлігін алудың тәртібі қандай?

11.03.2024

892

0

  Жүргізуші куәлігін алуға байланысты өзгерістің көп болғаны белгілі. Тіпті тест тапсыру кезінде шикілік шығып, түк білмейтін адамдар да рөлде отыратын болды. Сондықтан куәлік алу жеңіл жолмен келмейді. Алғашқы сыннан өтпесе, меселі қайтпай қайта тапсыратындар бар. Ол үшін талап пен тәртіпке бағыну керек. Осы ретте «Қазақстанның автомектептер қауымдастығы» өңірдегі филиалының менеджері Әйкерім  Шәмшімұратовамен сұхбаттасқан едік.

– Қазір көбі көлік жүргізуге әуес. Кәмелет жасқа толғандар да бірден куәлік алуға ұмтылады. Айтыңызшы, автомектепті оқуға қай жас аралығындағы адамдар көп келеді?

– Расымен де жүргізуші куәлігін алуға құлшынып жүргендер жетерлік. Негізі оқу барысында онлайн, офлайн және жеделдетілген курс қарастырылған. Автомектепті 16 жастан бастап оқуға мүмкіндік бар. Кейін 18-ге толған соң ХҚКО-ға барып, тест тапсырады. Осылайша жүргізуші куәлігін алуға хақылы.

Автомектепте оқуға бір айда 25-30 адам тіркеледі. Толық тізім қалыптасқаннан кейін сабақты бастап кетеміз. Бітірген соң келесі топ ашылады. Әсіресе қыз балалар куәлік алу, көлік айдау жөнінде көп сұрап, оқуға да ынта қояды. Бұл 18-30 жас аралығын қамтиды. Тіпті 45-50 ге таяған ересектердің де қызығушылығы басым.

– Жол-көлік апаты аз емес. Бұл жүргізушілердің жауапсыздығынан ба?

– Қалада автокөлік көп. Қызылорда да Алматыдан кем емес. Яғни бізде де жиі кептеліс болатыны бәріне белгілі. Қазір екінің бірі көлік жүргізеді. Өз қалтасынан немесе несиеге рәсімдеп алып, теміртұлпарды тізгіндейді. Сондықтан тәртіп ортақ, талап қатаң болған жөн. Заң өкілдері де жол ережесіне мұқият қарағаны абзал. Оқыс оқиға орын алғанда ғана көлік толық тексеріледі. Ал қадағалау күнделікті жүргізілсе, апаттың алдын алуға болатын тәрізді. Кейде жүргізуші куәлігінсіз көлік айдайтындар жоқ емес. Оның үстіне жас жеткіншек те албырттықпен сан соғып қалады. Мәселен, «18-ге толып, куәлік алдым» деп жылдамдықты асыру қате ой. Бұл – жол ережесін бұзу, жеке басы мен қоғамға залал келтіру. Рас, көз көрген жердің бәрінде камера орнатылған. Дегенмен жол-көлік апаты азаяр емес. Сол себепті мәселені мұқият зерделеп, жүргізушілер де жауапкершілікті сезінгені дұрыс.

– Автомектепте оқымай, жүргізуші куәлігін алу дұрыс па?

– Оқымай, куәлік сатып алу дегенге қарсымын. Көлік айдауды бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, ережені ескеру керек. Сонда қоғам қауіпсіздігі де қамтамасыз етілмек. Тиісінше бұл жүргізушінің амандығына да кепіл. Градус, жылдамдық шегі, жол ережесі мен белгілерін жадыда сақтау қауіптің алдын алады. Көлік жүргізуге қабілетті болғанмен, теориялық тұрғыда білімсіздік қателікке ұрындырады. Қысқасы тәжірибе жинауда автомектептің орны айрықша. Мұнда жол нұсқайтын, бағыт-бағдар беретін білікті мамандар болады. Тек таңдаудан жаңылыспау керек.

Жалпы көлік жүргізудің де әдебі мен мәдениеті бар. Тіпті жолда өзге жүргізушілерге де құрмет көрсету соның айғағы. Мәселен, МАИ қызметкерлерінің алдында кінәлі болмас үшін белбеуді таққандай кейіп танытады. Бұл ережеге қырын қарауды көрсетеді. Әйтпесе қауіпсіздік жеке бастың сақтығы үшін қажет емес пе? Жол апаты кезінде ауыр жарақат алуға да осы себеп. Бастысы автомектепте оқу қорқынышты сейілтіп, дағдыны қаперде ұстауға даярлайды.

– Сіздер көрсеткен бағыт бойынша біразы куәлік алған. Бұл –жоғары көрсеткіш. Жалпы, теориялық және практикалық сабақ қанша сағатқа жоспарланған?

– Иә, көлік жүргізуді үйретуде кілтипан мен кемшілік жібермес үшін тырысып келеміз. Нәтиже жақсы, оқушылар да осал емес. Сынақтан сүрінбей өтіп, куәлікке ие болып жүр. Осылай жағымды жаңалығын жеткізгенде біз де қуанамыз. Практика барысында автомат пен механиканы меңгеруге мүмкіндік бар. Оқу үдерісінде автодром схемасы арқылы сабақ өткіземіз. Бұдан бөлек теориялық білім де беріледі.

Негізі сабақтар оқу алаңында өтеді. Содан кейін автомобильдің минималды ағынымен екінші реттік жолдарға бағыт беріледі. Кейін курсант емін-еркін қимыл-қозғалысқа бейімделгенде қозғалысы көп жолдарға сілтейміз. Практикалық кезеңде кәсіби нұсқаушымен байланысып, бағдар алады. Бұл әлдебір нюанстарды біліп, икемделуге көмектеседі.

Әр курсантқа 1 және 1,5 сағат арнаймыз. Ал қазір кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейміз. Өйткені қыс мезгілі болғандықтан жол көктайғақ және қараңғы. Дегенмен бұл білім сапасына әсер етпейтіні анық.

– Мектеп бағдарламасына көлікті басқару, жол қауіпсіздігі сабағын қосуды құптайсыз ба? Мұның қоғамға қаншалықты қажеті бар?

– Әрине, мұндай бастаманы қолдауға болады. Бастауыш сыныпта балаларға жолда жүру ережесі, бағдаршам жайында ақпараттар беріледі. Бұл баланың көлік алдынан ретсіз шықпай, көше бойында қауіпсіздікті сақтауына негіз. Олар саналы түрде бағдаршамға қарап, тәртіпті сақтайды. Сондықтан жоғары сыныпта да көлік басқару пәнін енгізсе нұр үстіне нұр. Есесіне теориялық білімі артып, ерте бастан белгі мен ережені санасына сіңіреді.

Барынша көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс. Заңда да қауіпсіздік жөнінде айтылғанмен, ереже бұзатындар табылып жатыр. Иә, статистикалық деректер бойынша жол-көлік оқиғалары төмендеген. Дегенмен күре жолда болатын апатты естен шығармаған жөн. Жақында Алматы қаласында болған апат та көпті ойландырғаны рас. Демек, сақтыққа салғырт қарауға болмайды. Ол үшін көлік жүргізуде сауатты болу қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: