Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сейсенбі, 05 қараша, 12:38

«Нағи» туған жерді түлетеді

19.08.2022

882

0

Аламесекте Хамит деген ақсақал болған, жарықтық, үлкендер ол кісіні «Темірдің тілін түсінеді» дейтін. Ол тұста біз – ойын баласымыз, өсе келе бұл теңеуді жерлестері әкемізге неге телігенін бір-ақ түсіндік. Қазыналы қарияның қолынан келмейтіні жоқ. Әсіресе көлігінің кінәраты бар кісілер сол үй жаққа ағылатын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы қатаң ұстаған ақсақал ешкімнің өтінішін жерде қалдырған емес. Кейін ауыл шаруашылығы жерлері жекеге беріліп жатқан тұста ең алғаш ауылда жеке шаруашылық ашқан жандардың бірі де осы Хамит әкеміз еді. Ол кезде қазіргідей заманауи техникалар жоқ, ескі-құсқы трактор-комбайндардың механизаторлар көбіне астында жататын тұс. Ал мұндай тығырықтан шығу темірден түйін түйген төрағаға қиын болып па?! Істен шыққан түрлі көліктерден ауыл шаруашылығына қажетті техникалар құрастырып шығарды. Хамит ақсақалдың бұл өнерін уақытында облыстық телеарна тілшілері де көпке үлгі еткен. Бастысы тоқырау жылдары шаруашылық құрды, оның қиыншылығына төзді, бүгінде 2002 жылы басталған атакәсіпті ұрпақтары дөңгелентіп отыр.

Есет батыр ауылына ат басын бұр­ға­нымызда кезінде Хамит Дүйсен­ға­зиев іргетасын қалаған «Нағи» шаруа қо­жа­лығына да аялдадық. 20 гектар егіс алқабымен жұмысын бастаған шаруа­шы­лықтың бүгінде көкжиегі кеңейген. Тех­никалық базасында да көне көлік көзге түспеді. Соған қарағанда шаруашылықтың бүгінгі төрағасы Серік Хамитұлы еңбек өнімділігіне басымдық берген сыңайлы.
20-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтың бүгінде шаруасы ширақ. Былтыр Сыр салысының әр гектарынан 60 центнерден орташа өнім жиған бұл ұжым ай сайынғы жалақыдан бөлек қосымша сыйақыдан да құр қал­мапты. Жалпы Серік Дүйсенғазиевтің әріптестеріне күзгі науқан тұсында сыйақы үлестіруді дәстүрге айналдырғанына 10 жылға жуықтаған. 2019 жылы бұл ша­руашылықтың қос бірдей еңбек адамы су жаңа темір тұлпар тақымдады. Дәл осы жылы қос көліктің біріне қол жеткізген Ға­биден Исмайыловтың өзі бүгінде май­талман механизаторға айналған. Ал сол тұста Сыр салысынан тау тұрғызған Райыс­бек Әміров бүгінде даңғайыр ди­қан­дардың ізбасары деген атқа сын кел­тірген емес.


Ағайынды Серік пен Әсет Дүйсен­ға­зиевке жол бастатып, шаруашы­лықтың егіс алқабына тарттық, ауылдан айтарлықтай қашық емес екен. 15 минут қаражолда бұрқыраған шаңды артқа тастап, егістіктің қақпасына да келіп жеттік. Ауыздан диқан Қуаныш Бақытжанұлы күтіп алды. Тәжірибелі диқан мұндағы 40 гектарға жуық күріштің күтіміне жауапты. Сыр салысының шығымы бітік, төрағаның да көңілі тоқ. Соған қарағанда шаруашылық ұжымы биыл да күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындылайтын секілді.


– Бұл ісімізді атакәсіп десем де болады, шаруашылық бастапқыда 20 гектар алқапқа күріш екті. Келер жылы 40 гектар, одан кейінгі жылы 60 гектар, осылайша егіс алқабы ұлғая берді. Бүгінде біз 200 гектарға жуық Сыр салысын егіп отырмыз. Одан бөлек 88 гектар жоңышқамыз тағы бар. Көктемгі науқанды наурыз айының аяғында бастадық, сәуірде дән септік. Ал күріштің шығымы өздеріңіз көріп тұрғандай. Былтыр сыр салысынан 60 центерден орташа өнім жидық. Алды 78-80 центнерден өнім алды. Еңбек адамдарының орташа жалақысы 120 мың теңгені құрайды. Одан бөлек қосымша сыйақысы тағы бар. Биыл да бұйыртса, күзгі науқанды оң нәтижемен қорытындылауға бел буып отырмыз. Оны алдағы уақыт көрсетеді. Былтыр аяқ судан айтарлықтай мәселе болған. Биыл су жаман емес, – дейді төраға Серік Хамитұлы.


Расында алқаптағы Сыр салысының шығымы бітік, биыл шаруашылық мұнда тек күріштің «Лидерь» сұрпын сепкен. Барлық атыздағы күріш түгелдей бас алған. Диқандар алдағы 1-2 күнде суды басуға бел буып отыр. Демек механизаторлардың күрішке орақ салатын күні де алыс емес. Ал төраға бірнеше жылдан бері темір тұлпардан бөлек, басқа да әріптестеріне қаржылай 1 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейін қосымша сыйақы үлестіріп келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын табатын секілді.
Айта кетейік, аймақ басшысы әрбір елді мекенде мүмкіндігінше бақша дақыл­дарына қосымша жер ашып, оны жергілікті халыққа үлестіруді тапсырған еді. Әрине облыс әкімінің бұл шешімі әрбір елді мекенде жүзеге асса, ай сайын нарықтағы бағасы шарықтаған азық-түлік бағасының тұрақталуына айтарлықтай сеп болары сөзсіз. Биыл «Нағи» шаруа қожалығы аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес қосымша бақша дақылдарына 3 гектар жер ашып, оны ауылдағы 16 отбасына ерте көктемде бөліп беріпті. Қазір онда 1 гектар картоп пен 2 гектар басқа да бақша дақылдары егілген. Бір гектар картоптың шығымына көз сүйсінеді. Ал қауын-қарбыз, сәбіз, асқабақ сынды басқа да бақша дақылдары орналасқан 2 гектар алқап та жасыл желекке айналған.


Жалпы Дүйсенғазиевтер отбасылық кәсіптен бөлек, ауылды абаттандыруға қатысты әрбір жобаны жүзеге асыруға таласпаса, тартынған емес. Туған жерді түлетуге ден қойған бұл шаруашылықтың төрағасы биыл ауылдағы Өмірбай шешен көшесін толықтай абаттандыруды және сол жолдың бойында бірнеше жобаны жүзеге асыруға ден қойып отыр. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың алды басталып кетті. Балалар жылында дәл осы көшенің бойынан Серік Хамитұлы ойын алаңын салуды жоспарлап отыр. Одан бөлек үлкен арнайы аллея, көшенің кіреберіс және шығаберіс бетіне қос арка салу секілді бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Қазір аллея мен балалар ойын алаңы салынатын аумақ толықтай тегістеліп қоршалған. Тіпті сол жолдың бойында орналасқан үйлердің де қоршауын жаңартуға Серік Хамитұлы басымдық беріпті. Енді әлгі бірнеше жоба жүзеге асатын аумаққа жарық бағаналары орнатылады. Одан кейін жарқын жобаларды төраға кезең-кезеңімен жүзеге асыруға бел буып отыр. Қазірдің өзінде шаруашылық ондағы бірқатар жұмыстың жүзеге асуына 10 млн теңгеге жуық қаражат құйған. Ал жалпы барлық жобаны жүзеге асыруға Дүйсенғазиевтер 50-55 млн теңгедей қа­ражат жұмсалады деп жоспарлап отыр. Серік ағамыз күзгі науқан бітісімен жарқын жобалар легіне кезек берілетінін айтады.


Бастысы шаруашылықтың жұмысы жүйелі, ондағы дала дарабоздарының да көңілі тоқ. Атакәсіпті алға оздырған аға­йынды үш азамат енді өңірдің өркендеуіне, туған жердің түлеуіне кезек беріп жатыр. 2 мыңға жуық халқы бар аламесектік ағайын бір ғана шаруашылықтың бірнеше жобаны қолға алғанына риза. Себебі алдағы уа­қытта жүзеге асатын әрбір жарқын жоба елдің игілігіне жұмыс жасайды.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: